Қоғам

ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР. ОЛ КІМ?



«Базардан қайтып келе жатқан» ата-ананы, ауру болып туған баланы, тіпті, пана іздеген жұртты сыртқа теппеген қазақ үшін қызметтің бұл түрі алғашқыда таңсық болғаны рас. Ауыр болса да мойындауымыз керек, бүгінде мұндай қызметкерлердің көмегіне елімізде мыңдаған мүгедектер, зейнеткерлер, жалғызілікті қарттар зәру болып отыр. Ендеше, олар кімдер? Атқаратын қызметтері қандай?

Ең алдымен әлеуметтік қызметкер әлеуметтік қиыншылыққа тап болған адамдардан әлеуметтік топ құрау керек. Сонымен қатар, әлеуметтік қорғауды және әлеуметтік топты қажет ететін адамдарды анықтауы тиіс. Мұқтаж адамдарды оларға қажетті және пайдалы қызмет көрсететін орталықтарға бағыттап, топ адамдарының ортасында делдал болуы тиіс. Ол әлеуметтік көмекті қажет ететін адамдардың құқығын қорғайтын «қорғаушы» рөлінде де бола алады. Бұл қорғаныс, мүмкіндігі шектеулі және қарт адамдарды мазалап келген сұрақтарға жауап алу, шешім табу, қызмет көрсету сапасын арттыру күресінде айқындалуы мүмкін. Сонымен қатар, әлеу­меттік қызметкер белгілі бір ақпаратпен, білімімен бөлісу арқылы «ұстаз» рөлін де атқара алады.
Әлеуметтік қызметкер жұмысы бұнымен шектелмейді. Осының өзінен әлеу­меттік қызметкер болу қаншалықты қиын екенін байқауға болады. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жалғызбасты қарттарға мемлекетіміз қамқорлық көрсету мақсатында былтырғы сәуірде Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылды.
Орталығымызда 800 қызмет алушы тіркелген. Оңалту мақсатында орталықта арнайы 7 маман күнделікті оңалту шараларын қызмет көрсетіп қана қоймай, өмір қиыншылығына ұшыраған ата-аналармен, қарттармен тығыз байланыс жасап, аянбай қызмет көрсетуде. Осындай көрсетіліп отырған қызметтердің нәтижесінің арқасында орталығымызда тіркелген қызмет алушы балаларымыздың онға жуығы тәй-тәй басуға, сөйлеуге үйреніп, ата-анасын қуантып, төбелерін көкке жеткізуде. Бұл – біздің орталығымыздың қызметкерлерінің жұмысының жемісі, ол бізді қуантады.
Орталығымызда мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын жақсартуда иппотерапия мен гидротерапия қызметтері де қатар көрсетіліп отыр. Иппотерапия мен гидротерапияның баланың денсаулығының сауығуына маңызы өте зор.
Сонымен қатар, біздің орталығымыздың қызмет алушыларына мәдени іс-шараларға қатысу ұйымдастырылған, қарттар болсын, мүмкіндігі шектеулі балаларымыз іс-шараларға белсене араласып тұрады. Сондай-ақ, балалар арасында «Біз таланттарды іздейміз» атты конкурс ұйымдастырылды. Мұнда мүмкіндіктерінің шектеу­лігіне қарамастан әнін айтып, биін билеп, халықтың ыстық ықыластарына бөленіп жатқан бүлдіршіндеріміз бар. Ал қарттар арасында «Ностальгия» ән-күй ансамблі құрылған. Жас ерекшеліктеріне қарамастан іс-шараларда қарттарымыз өз өнерлерін шаршамай, шалдықпай көрсетіп келеді.
Елімізді бүкіл әлемге танытқан «ЭКСПО-2017» көрмесіне де біздің әлеуметтік қызметкерлеріміз қатысып, әр елдің жаңа инновация­лық жаңа технологияларымен, жарқын болашақтың жаңа энергия­сымен танысып, көрмені тамашалап қайтты.

Күләйхан Бижігітова,
Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы
№5 бөлімшесінің
кеңесшісі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button