Жаңалықтар

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАЛАР ӘЛЕУЕТІ АРТУДА



Қала бюджетінен әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы жыл сайын артып келе жатыр. Мәселен, биылғы бюджеттің 38,6 па­йызы қоғамдағы маңыз­ды мәселелерді шешуге бағытталды. Халықтың денсаулығы, білім алуы қай заманда да аса өзекті мәселелердің қатарына жатады. Бұл саладағы жетістіктер аз емес, жетілдіретін тұстар да баршылық.

енсаулық сақтау жүйесіндегі кейінгі жылдардағы оң өзгерістерді қала тұр­ғындары жақсы сезінді деп ойлаймын. Қалалық мәслихат депутаттары бұл жүйенің барлық құры­лымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, кешенді жұмыс жүргізді. Ол өз кезегінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің сапасын арттыруға және оның дер кезінде көрсетілуіне мүмкіндік берді. Депутаттық корпус ұсынған «Smart Медицина» механизмдерін жан-жақты қолданғанда, жұмыс бұдан да нәтижелі болады.
Халықтың ең осал топтарын қорғау жұмысы тұрақты түрде, әрі жақсы жүргізілуде. Ең бастысы, аз қамтылған, патронаттық отбасылардан шыққан балаларға, зейнет­керлерге және осыларға те­ңелген басқа дәрежедегі санаттарға әлеуметтік көмек көрсету тоқтаған жоқ. Түскен шағымдарға уақытылы жауап беріліп, мәселелер шешімін табуда. Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасымен жұмыс-
қызметіміз де өте маңызды. Өйткені проблема туындаған жағдайда тұрғындар өз депутаттарына жүгінеді. Депутаттармен нәтижелі жұмысы үшін аталмыш басқармаға ерекше алғыс айтамын.
Мәслихат депутаттары өт­кізген бірнеше маңызды рейдтен кейін мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолайлы жағдайлар жасау жұмыстары жүзеге асырылуда.
Білім беру мәселелері депутаттардың ерекше назарында тұр. Қала әкімінің бас­шы­лығымен осы салада ше­­шу­ші реформалар жасалды. Мем­лекеттік жекеменшік әріп­тестік шеңберінде және жеке инвесторлар есебінен салынған білім беру нысандары қала мектептеріндегі орын жетіспеушілігі мәселесін шешуге септігін тигізетініне сенімдіміз.
Мектептегі алым-төлемге қатысты өткір мәселе де өз шешімін тапқан секілді.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі мемлекеттік ұйым­дарда орындарды бөлу механизмі айқындалды. Бүгінгі күні Білім беру басқармасы адам факторының әсерін болдырмауға мүмкіндік беретін процестерді толық автоматтандырылды. Жуырда Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының есебін тыңдадық. Қаладағы жастармен жұмыс едәуір жақсарды деуге болады.
Енді күрмеулі мәселелерге ауыссақ, қаламыздағы мек­тептердің 40 пайызы ес­кір-
­­ген. Жыл сайын күрделі жөн­деуге қатысты 10 шақ­ты оқу орнынан өтінім түседі. Бі­рақ оған қарамастан ағым­дағы жылы бюджеттен 1 ғана мектепті жөндеуге өтінім ма­құлданды. Бұл мәселені ерек­ше назарға алу керек деп санаймыз. Себебі балалары­мыздың қажеттіліктерін, олардың денсаулығы және білім алуын бірінші кезекке қоюымыз қажет.
Депутаттарға «SCHOOLBUS», яғни мектеп автобустарын бөлу мәселесі түсініксіз. Оларды қаланың шеткі аймақтарында орналасқан мектептерге бөлу ұсынысы бірнеше рет айтылды. Ал автобустардың бірін балалар үйіне беру әділетті болар еді деп санаймыз. Жылы аялдамаларды да қаланың шеткі аймақтарына қою туралы өз басым бірнеше рет өтінген едім.
Қаламызда балабақшалар жетіспейді. Білім басқармасы жекеменшік мектепке дейін­гі мекемелердің есебінен олардың санын арттыру үшін қаражат бөлу туралы өтініш түсірді. Бұл өтініш мақұлданды. Қаржыландыру жылдың басынан бастап жоспарлы түрде тең бөліктермен бөлінгені дұрыс болар еді деп санаймыз. Сонда мемлекеттік субсидияны алуға ниетті жекеменшік балабақшалар қызметінің сапасына Білім басқармасы тиянақты бақылау жүргізер еді. Қазіргі жағдайда қаржы бөлу, оны бақылау және игеру мәселелері алаңдаушылық туғызады.
Депутаттардың қатысуы­мен өткен қоғамдық тыңдау­лар көрсеткендей, отбасы институтын, отбасылық құндылықтарды бекіту, бала туатын жастағы әйелдердің денсаулығын нығайту, сонымен қатар гендерлік теңдік мәселесі қажетті деңгейде жүргізілмейді. Гендер және отбасы-демографиялық мәселелер өте күрделі. Оны жүйеге салу үшін жеке атқарушы бөлім қажет. Бұл мәселені шешудің бірден-бір амалы ретінде Оңтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін қарастыру керек. Бұл өңірде гендерлік саясатты жүргізетін жеке басқарма жұмыс істеп отыр.
Жастар арасында ұлттық құндылықтарды, яғни ұлттық
мәдениетті, салт-дәстүрді насихаттау қажет. Осы жұмыс­тың барлығын мектепке де­йін­гі мекемелерден бастаған жөн. Ұлттық сипаттағы мектеп формаларын тігу керек. Қыз-келіншектеріміз де қамзолды тек Наурыз мерекесінде ғана емес, күнделікті өмірде киіп жүрсе, қандай ғанибет.
Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселесі қоғамдық-саяси тұрғыдан ғана емес, адамгершілік, эмоциялық және рухани тұрғыдан да өзекті. Жақында қалалық мәслихаттың Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссия сондай балалар тұратын мекемелер жұмысы­мен танысты. Материалдық тұрғыдан бұл балалар қамтамасыз етілген, алайда, отбасы­лық жылу мен адамгершілік қолдау жетіспейтіні анық. Қаладағы балалар үйіндегі жеткіншектер саны азайды. Жетім балаларды асырап алу артып келеді, болашақта сол балалардың барлығы дерлік отбасын тапса, жұмысымыздың нағыз жемісі сол болады.
Биыл елордада дүбірлеп өткен «ЭКСПО-2017» халық­аралық мамандандырылған көрмесі табысты аяқталды. Бұл айтулы іс-шара әрбір астаналық пен қала қонағының жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Ұлт ретінде және бәсекеге
қабілетті мемлекет ретінде әлеу­меттік-мәдени өркендеу межесі айқын. Оған Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жетелеп отыр. Сүйікті астанамыздың өсіп-өркендеуіне атсалыса берейік.
Қарақат ӘБДЕН,
Астана қалалық
мәслихатының депутаты


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button