Басты ақпаратЖаңалықтарМәдениетРуханият

ӘЛІБАЙДЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ӘЛЕМІ



erm_2069-asli

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  талантты зергер  Берік Әлібайды білмейтін қазақ жоқ. Бабамыздың асыл өнерін ардақтап жүрген дарынды азамат туралы баспасөзде көбірек жазылды. Біз енді зергерлік өнердің шыңына шыққан шебердің  этнографиялық музейі жайында сыр тартсақ дейміз.

ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТАРЛАНЫ

Берік ағамыздың бабалары ұста болған. Атасы Әлібайдың інісі Әлімбай көрік ұстаған. Ал әкесі Сәтімбек те өнерден қара жаяу болмаған. Жылқының әбзелдерін жасаған. Ол бала күнінен суретші бала атанады. Сол өнерді әрмен қарай жалғастырамын деп арман қуып Алматыға келеді. Қазіргі Орал Таңсықбаев атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Осылай басталған кішкене жол кейін үлкен даңғылға айналады. Бүгінде оны жалпақ ел емес шет жердің азаматтары да жақсы біледі. Ол жасаған зергерлік бұйымдардың дені өзге мемлекеттерде бағалы саналады. Осы жолы ол кісінің шеберлігі емес, коллекция жинау қасиеті қызықтырды.
–Балалық шағымнан көне жәдігер­лерге жақын болып өстім. Менен үлкен марқұм Серік деген ағам болды. Ұзақ жылдар бойы ішкі істер саласында қызмет істеді. Сол кісі милицияға әртүрлі жағдаймен түскен адамдардан алған қаруларын үйге алып келетін. Мен оған жата жабысатын едім. Көбісі азамат соғысында қолданылған қарулар еді. Соларды біртіндеп жинай бастадым, Алматыға оқуға барғанда оларды өзіммен алып кетіп, жалдаған пәтеріме іліп қойдым. Алғашқы коллекциям солай басталды. Кейін өзім де зергерлікпен айналыстым. Қалтама қаржы түсті. Сөйтіп көне заттарды сатып ала бастадым. Қазір жеке коллекциямда тас ғасырдан бастап, қола дәуір мен сақ заманында пайдаланған қарулар бар. 17-18 ғасырда кәдеге асқан этнографиялық жәдігерлер де кездеседі. Соның бәрі музейіме сый­мауға айналды, – деді Берік Әлібай.

erm_1966-asli

КИІЗ ҮЙДІҢ ҚАСИЕТІ

Екі қабатты еңселі үйдің ауласында бес қанатты киіз үй тігілген. Ол бізге құдды бір этнографиялық ауыл секілді жылы әсер қалдырды. Оны Қарақалпақстаннан келген қандасымыздан сатып алыпты. Үйдің іші ұлттық оюлармен безендірілген. Көне сандықтар, құрақ көрпелер, басқұрлар қыс­қасы, ертеде ата-бабамыз ұстанған жабдықтардың бәрі қойылған. Қызығып қарайсыз. Олардың дені 19-ғасырдың жәдігер­лері саналады. 15-16 ғасырда ғұмыр кешкен қазақ батырының сауыты ілінген. Бір бұрышта көне күбі күмбірлеп тұр. Көзден бұл-бұл ұшып бара жатқан құндылықтарымызды көріп, ертегі әлемге енгендей күй кештік. Айта кетейік, елордаға келген шетелдік делегацияларды біздің азаматтар осында әкелуге құмартып тұрады екен. Олар шебердің жеке коллекциясын көріп, көшпенділер тарихын таниды. Сондай қадірлі қонақтарға қазақы киіз үйден дәм татқызып, халқымыздың қонақ­жайлылық қасиетін көрсетеді.

erm_1630-asli

СӘУКЕЛЕДЕ ТҰНҒАН СЫР

Музейден көзімізге ерекше түскен сәукеле туралы сыр тартқымыз келді. Ағамыз оны үлкен қызы тұрмысқа шыққанда жасапты. Көркемдігі жоғары туынды деп айтуға болады. Оған бар өңірдің үлгісін салған. Сәукеленің әшекейлері таза күмістен өріліп, барқыттан тігілген. Оны жасау үшін зергер көп еңбектеніпті. «Бабаларымыз қызы ұзатылар кезде бар малын шашса да аянып қалмаған. Сондықтан мен де қызыма мәңгілік есте қалатындай сәукеле жасағым келді. Сөйтіп, сәукелені қызым ұзатылып бара жатқанда батамды беріп, кигіздім. Ол қазір отбасымыз үшін құнды жәдігерге айналды» деп оның тарихынан сөз қозғады. Расында, сәукеледе терең сыр бар екенін анғардық.
Зергердің күміспен күптеп жасаған алқалары, жүзіктері, білезіктері және сырғалары да әсемдігімен көз тартады. Әшекей бұйымдарының бәрі де таза күміс­тен жасалған. Әрине, алтын, жез, мыс, ақық, перуза, малахит және құлпырма тасты қосымша пай­даланған. Сонымен бірге ұстаның қолынан шыққан кездік, пышақ, қанжарлар да жұтынып тұр. Реңдері жүз құбылады. Бір бөлменің іші ат әбзелдерге арналған. Олардың көнесі 16-17 ғасырдан бас­тау алады. Халқымызға танылған қылқалам шеберлерінің түпнұсқа туындылары төрден орын алған.

erm_1642-asli

МАСАТЫДАЙ ҚҰЛПЫРҒАН КІЛЕМДЕР

Бала күнімде ауылдағы әжеле­рімнің кілем тоқитын өнерін өз көзіммен көрген едім. Кейін ол ұмытылып қалды. Қазір ешкім де кілем тоқымайды. Бәріміз де дайынға жүгіреміз. Ағамыздың жиналып тұрған түрлі-түсті кілемдерін көргенде көз алдыма ауылдағы әжелеріммен бірге кеткен қазақтың саф өнері ойыма түсті. Зергердің жеке коллекциясында кілемнің түр-түрі бар. Араб дейсіз бе, парсы дейсіз бе, қазақы дейсіз бе, әйтеуір, кілемнен көп дүние жоқ екен. «Бізде кілем өндірісі тоқтады. Басқа жұрттың кілемдері нарықты жаулап алды. Елімізде өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарға дейін кілем тоқу дәуірледі. Әсіресе, Қызылорда облысында жақсы дамыған» дейді шебер. Қаздай тізілген көне самауырлардың да сыр саулауға болады. Ертедегі 16-17 ғасырда оңтүстік өлкеде көбірек қолданылған құмған самауырларды кездестірдік.
Осындай қыруар көне жәдігерді қалай сақтап отыр. Жасырмай ағамызға осы сұрағымызды қойдық. Ол кісі де тосылмады. «Темір бұйымдарды сақтау қолайлы. Ал кілемдерді сақтау қиын. Күйе түсуі мүмкін. Сондықтан оны дәрілейміз. Күннің көзіне жаямыз. Сыртқа шығарып қағамыз. Соның бәрін балаларым істейді. Бір ауыз сөз айт­пайды. Соған қуанамын» деп ризашылығын білдірді.

erm_2161-asli

МҰРАНЫ ҰРПАҒЫМА ҚАЛДЫРАМЫН

Әзірше ағамыз жеке коллекция­лық мұражайына ат қоюды ойластырмапты. «Орал Таңсықбаевтың жеке музейі немесе Әбілхан Қастеевтің музейі деп айтып жатады ғой жұрт. Сол секілді Берік Әлібайдың музейі деп атайтын шығармын. Әлі толық ойластырған жоқпын. Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында мамыр айында мұражайды толық ашамын. Әрине, ақылы түрде жұмыс істейді. Соған дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Менің түпкі мақсатым – осы дүниелердің бәрі де келекшек ұрпағыма қалсын деп ойлаймын. Шайтан емеспіз. Өмірден біз де өтеміз. Болашақта ұрпақтарым әкемнің көзі деп асыл мұраларды қорғап, дәріптеп жүрсе, менің арманымның орындалғаны деп есептеймін» деп ой тоғытты зергер.
Бүгінде Қазақстанда көне жәді­герлер қалмаған. Біздегі бар дүниені кезінде Ресей мен Еуропа тасып әкеткен. Елімізге Түркіменстан, Өзбекстан және Қарақалпақстаннан оралған ағайындарда ата-бабамыз ұстаған заттар сирек болса да кездеседі.

Түйін:
Әлемге аты жайылған Третьяков галереясы туралы тамсанып айтамыз. Мәскеудегі аса ірі мемлекеттік музейге айналған орталықтың негізін белгілі көпес-меценат Павел Михайлович Третьяков қалаған. Несі бар, болашақта біз де Берік Әлібайдың музейі туралы мақтанышпен айтатын шығармыз.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button