ЖаңалықтарМәдениетРуханият

Көне де жаңа мереке

nauryz-2016-zhyl-0-kozhe-asli

Наурыздың тарихы көне заманнан басталады. Әйгілі Александр Македонский өмір сүрген дәуірде де наурыз мерекесінің бар екендігін грек саяхатшыларының еңбектерінде айтылады. Қаһарман қолбасшының жанында жүрген тарихшылары ұлыстың ұлы тойын алғаш Самарқанда көріпті. Олар оны былай деп суреттейді. Бір қатарға 365 адам сары түстес киім киіп, екінші қатарға дәл сондай адам қара түсті киім киген. Сары түс күнді бейнелесе, қара түс түнді бедерлеген. Ортада лаулап жанған от қойылған. Екі топтың мүшелері барабан соғып, керней тартып, отты үш рет айналып, бір-бірімен құшақтасып, табысып, оның арты думандатқан тойға ұласты деп жазады. Бір жылда 365 күн бар. Екі топтың бір-бірімен қарсы келгені күн мен түннің теңескенін білдіреді.

Еуропа да наурызды тойлаған

Тарихқа зерделеп үңілсек, көп деректерге қанық боламыз. Айталық, ұлы мерекені Еуропа да тойлаған. 1831 жылға дейін Англия жаңа жылды наурызда қарсы алып, ұлыс күнін бес күн думандатқан. Ұмытпасам, 1831 жылы ағылшындар елінде әйелдер партиясы құрылады. Сол партияның алғашқы құрыл­тайында «біз христиандық мерекеге оралуымыз керек» деп жаңа жылды қаңтарға көшірген. Ағылшындардың наурызды қай заманнан бастап тойлағаны туралы дерек қолымда жоқ. Ертеден келе жатқан дүние деп топшылаймын. Бірақ ұлы мейрамның дінге ешқандай қатысы жоқ.
Шығыс халықтары мен түркілер наурызды жыл басы деп санаған. Мәселен, гректер, армяндар, буряттар, шуваштар, тәжіктер, татарлар көнеден айтулы мерекені тойлаған. Гректер наурызды «патрих» деп атаған. Армяндар «навосар» деп әдемілеген. Тәжіктер «гүл наурыз» деп әспеттеген. Заманында наурыз халықаралық мереке саналды. Парсы жұрты да ұлыс күнін ұлықтаған. Олар бірнеше күн әр жерге от жағып, соған май құйған. Сумалақ деп аталған ұлттық көже дайындаған. Оны жеті ақ кесемен елге тарат­қан. Ескі киімді тастап, ескі шынаяқтарды сындырған. Бір-біріне гүл сыйлап, үй қабырғасына күн белгісін салған. Спорттық ойындар өткізген.
Біздің ата-бабамыз да наурызды ерекше қадірлеген. Наурызды амал айы деп бөлектеген. Амал дегеніміз, екі айдың тоғысуы деп айтқан. Оны бабаларымыз «амал жұлдызы» десе, арабтар «хамал» деп атаған. Қазақта жеті амал бар. Олар: айт тоғамы, қарашаның қайтуы, қыс тоқсан, киіктің матауы, үркердің батуы, күннің тоқырауы, қарашаның қары деген. Осының біреуі наурызға сәйкес келеді. Біздің бала күнімізде ұлыс күнін наурыздың он төртінен бастап тойлайтын. Ескіше көктемнің алғашқы күні. Үлкендер шелпек пісіріп, тәуір киімдерін киіп, үй аралайтын. Қыстан қалған сүрді қазанға салатын. Осы күнге қарап, алдағы ауа райын болжаған. Мәселен, қойдың құмалағы қарға батса, көктем ерте шығады, қарға батпаса, көктем созылады деп есептеген. Аталаларымыз 22 Наурызды күн мен түн теңесіп, жыл ауыс-ты деп дәріптеген. Сондықтан, бұл күнді өзгертуге болмайды. Әр нәрсе өз уақытымен болған жөн. Көне дәуірде ғұн патшалары ұлыстың ұлы күнінде тауға шығып, күнге құрбандық шалып, көктен шапағаты мол бата тілеген.

АҚМОЛАДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ТОЙ

Ұзақ жылдар бойы салқын саясаттың салдарынан елімізде наурыз мерекесі тойланбады. Жариялықтың желі оңынан соққанда қызыл партияның көбесі сөгіле бастады. 1989 жыл. Целиноград атанып сіресіп тұрған кезіміз. Осы елдің бір топ ұлтжанды азаматтары бірігіп, облыстық партия комитетіне наурызды тойлауымыз керек деп талап қойдық. Сол кездегі партия комитетінің идеология хатшысы Мағауия Есмағамбетоваға кіріп, барлық жағдайды түсіндірдік. Бірақ облыс басшылары аса пейілді болған жоқ. «Баяғыда ұмытылған мереке, ұлтшылдықтың сарыны бар, қоя тұрыңыздар» деген әңгіме айтты. Біз де алған бетімізден қайтпадық. «Осыдан 5-6 мың жыл бұрын тойланып келе жатқан дәстүрлі мейрам. Оны кезінде кейбіреулердің теріс түсіндіруімен сіздер айтып отырған ұлтшылдық рең берілген. Содан тоқтатып тастаған» деп отырып алдық. Ақыры басшылар көнбейтін болғандықтан, ұлы мерекенің тарихын жазып көрсетейік деген ұйғарымға келдік. Дерекке үңілсек, біздің елімізде қазан революциясынан кейін 1923 жылдың ортасы мен 1930 жылға дейін наурыз мейрамы атап өтілген. Оның басында Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин секілді ардақты азаматтар жүрген. Одан кейін Түркі әлемі туралы тағылымдық дүниелер жазған Радловтың және тағы басқа тарихшы ғалымдардың еңбектерін тауып, соның бәрін мұқият ақ қағазға жазып алып келсек те, облыс басшылары селқостық танытты.
Содан енді біз осында беделді қызметте жүрген ақсақалдарға қолқа салдық. Облыста халықтық бақылау комитетінің төрағасы Молдахмет Досев деген қария болды. Кезінде Қажымұқан мен Әзденбай салды көрген, қазақтың ескі дүниелерін жинап жүретін, атбегілік қасиеті бар, серілеу кісі болатын. Сәкен Сейфуллиннің музейін ашуға атсалысып, асыл тұлғаға қатысты көптеген жәдігер­лерді тауып берген де – осы азамат. Одан кейін қаладағы пединститутта елдің дәстүрі мен әдебиетін жетік білетін Бекен Нұртазин ақсақал сабақ берді. Сол ағаларымызға жағдайды түсіндіріп айттық. Молдекең мен Бекен білек сыбанып, барлық шаруаға өздері кірісті.
Қысқасы, партия комитетінің беті бері қарап, облыстық деңгейде сол жылдың маусым айының басында наурызды атап өтетін болдық. Қызу дайындық басталып кетті. Тойдың бағдарламасын әзірледік. Комиссия құрылды. Ақындар айтысы, балуандар күресі, жыршы-термешілер сайысы, аламан бәйге дейсіз бе, бәрі де ұйымдастырылды. Наурыз тойланады дегеннен кейін аймақтағы барлық ұлтжанды азаматтардың бойында құлшыныс пайда болды. Бәрі де бір кісідей жұмылып кетті. Бүгінгі Тәуелсіздік және Бейбітшілік пен келісім сарайы тұрған жазық жерге елуден астам ақ шағаладай киіз тігілді. Сол кезде облыста он екі аудан бар. Солардың бәрі де тойға тас түйін дайындықпен келіп, айтарлықтай үлес қосты. Жерошақ қазылып, қазанда жылқының еті бұрқ-бұрқ қайнап жатты. Ақындар айтысы да көпшіліктің құмарын қандырды. Үлкен сахна құрылды. Алғашқы сөзді Молдахмет ағамыз алып, жұртшылыққа наурыз туралы танымдық ой айтып, батасын берді. Ешкім де мерекеден шет қалған жоқ. Келген адамдардың бәрі киіз үйдегі үлкен астан дәм татып, наурыз көже ішті. Шындығын айтқанда, той ауыз толтырып айтуға тұрарлық керемет дәрежеде өтті. Ұлттық рух көтерілді. Қорғалжын, Ерейментау, Сілеті, Бұланды аудандары тіккен ақ боз үйлер таңдаулы деген мәртебеге ие болды. Астрахан ауданының жігіті бас балуан атанды. Міне, бүгінгі бас қаламыздағы наурыз тойы осылай басталды. Одан кейін қалыптасқан дәстүрге айналды.

ҚЫДЫР БАБА МЕН ҰМАЙ АНА

Бүгінде қоғамда наурызды ұлттық мазмұнда өткізу туралы пікірлер жиі айтылады. Бұл жайында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты болып жүрген кезде өз ойымды білдірдім. Наурыз бен оның тарихы туралы айтқанда, алдымен Қыдыр баба мен Ұмай ана жайлы сөз қозғауға тиіспіз.
Қыдыр – қазақтың, сондай-ақ, басқа түркі тілдес халықтардың ерекше жарылқаушы қасиетке ие әулиесі. Ол күндердің күнінде «қырықтың бірі» болып жолығып, бағыңды жандырады. Сондықтан жүздескендердің бәрін кемсітпей, бөліп-жармай ілтифат көрсетуің керек. Қыдыр – бұл тұрғыда адам баласын өзара жарастырушы, алыс-жақынды табыстырушы киелі тұлға.
Ұмай ана – түркі тектестердің Хауа анадан соңғы ұлы анасы, әйел мен баланың пірі, мейірім-шапағат шуағын шашқан күн дидарлы әулиесі. Оған ата-бабаларымыз: «Жүрегімізді жылыта гөр, қатыгездік пен өшпенділіктен сақтай гөр» деп сыйынған.
Міне, осы екі әулие Наурыз күні алдында және той күні бала­бақшалардағы балдырғандар мен төменгі сыныптардағы жеткіншектерге сыйлық үлестірсе, баталарын беріп, игі тілек біл­дірсе, ұлттың ұлы мейрамы – нау­рыз мерекесінің тарихы мен ерекшеліктері жайлы әңгімелеп берсе, құба-құп емес пе?! Бұл алдағы уақытта дәстүрге айналса, бала жүрегіне Қыдыр бабаның киесі, Ұмай ананың мейірім шуағы дарымай ма? Ұлттық ұлағат пен тәлімге айналмай ма? Дәстүріміз бен салтымыз балдырғандарға әсерлі насихатталмай ма?! Аяз ата мен Ақшақар секілді бағзы замандарда түркі жұртының да өз кейіпкерлері болған. Қыдыр ата мен Ұмай ана рөлінде болмаса да, өтіп бара жатқан қысты қарияға теңеп, сол екеуінің бейнесін жасап, төрге отырғызған. Ұлыстың ұлы күнінде Қыдыр ата елдің алдына шығып, халыққа батасын берсе, қасында көктемдей жадырап ару қызымыз жүрсе, ол да сол елге гүлден шашу шашып, көңілімізді көркейтсе деген тілегімді айтқан едім. Мұны бәріміз бүгіннен бастап қолға алсақ, әдемі дәстүрге айналып кетер еді. Содан кейін мереке жайлы ән аз, түрлі деңгейдегі сахнаға арналған театрландырылған көріністер де тапшы. Соның бәрін кейінгіге қалдыра бермей, қолға алуымыз қажет.

Алдан СМАЙЫЛ,
Жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button