Басты ақпаратҚала мен Сала

Алматы мен Жетісу жәрмеңкесі



Демалыс күндері Астанада ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кезекті өңірлік жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы елордалықтарға Алматы және Жетісу облыстарының шаруалары өз өнімдерін ұсынды.

Жәрмеңке дәстүрлі түрде сенбі және жексенбі күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін Өнер университетінің алдындағы алаңда өтті. Астана қаласы әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаевтың айтуынша, екі облыс жеткізген өнімнің жалпы көлемі 400 тоннадан және 50 түрден асады.

– Бұл жолы жәрмеңкеге Алматы және Жетісу облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері келді. Олар елорда жұртшылығына ет, сүт, шұжық, балық өнімдері, қант, ұн, жарма, өсімдік және жануар майлары, көкөніс, жеміс-жидек, бал, ұлттық сусындар және т.б. өнімдерін ұсынды. Бұл жәрмеңке облыстың ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін делдалсыз тікелей сатуға мүмкіндік берді, нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарларының бағасы нарықтық бағадан төмен болды. Астанада осындай өңірлік жәрмеңкелер жыл сайын өткізіледі. Дәстүрлі жәрмеңкелерге қатысқысы келетін шаруалар саны жыл өткен сайын артып келеді. Биыл өңірлерден 70 немесе одан да көп шаруалар келеді деп күтілуде. Сондықтан жәрмеңкелерге арналған орындар үлкен және бос болуы керек, сонымен қатар жүк көліктері үшін де, сатып алушылар үшін де ыңғайлы болуы керек, – деді Мақсат Жаңабаев.

Алматы облысының тауар өндірушілері елордада Қонаев қаласы мен облыстың 9 ауданының атынан қатысып, осы облыстың шаруалары жалпы сомасы 205,7 млн теңгеге 186,4 тонна ауыл шаруашылығы өнімін әкелді. Олардың арасында ет өнімі – 22,5 тонна, сүт өнімі – 5,9 тонна, көкөніс өнімі – 22,9 тонна, балық өнімі – 2,5 тонна, жеміс-жидектер – 22 тонна, картоп – 21,6 тонна, бал – 1,8 тонна, өзге де өнім – 87,2 тонна.

Жетісу облысынан Талдықорған және Текелі қалалары, сондай-ақ 8 ауданның тауар өндірушілері қатысты. Бұл жолы ауыл шаруашылығы өндірушілері жалпы сомасы 500 млн теңгеге 214 тоннадан астам тауар әкелді. Олардың ішінде: ет өнімдері – 21,6 тонна, балық өнімдері – 7 тонна, сүт өнімдері – 14,3 тонна, картоп – 13,4 тонна, көкөніс өнімдері – 19,8 тонна, жеміс-жидектер – 8,1 тонна, өзге де өнімдер – 134,6 тонна.

Жәрмеңкеге келушілер де әдеттегідей көп болды. Солардың бірі бізбен әңгімесінде базарға бармай-ақ, үйінің қасынан күнделікті тұрмысқа керекті көкөністер мен жеміс-жидектерді осы жерден арзан бағаға сатып алып жүргенін жеткізді.

– Өзім осы маңда, «Өнер» университетінің ауданында тұрамын. Жеміс-жидек пен көкөніс сатып алу үшін енді орталық базарға бармайтын болдым. Бұл арзан әрі мен секілді тұрғындар үшін тиімді. Себебі мұнда азық-түліктің барлық түрі бар. Керегімнің бәрін осы жерден тауып, сатып алып жүрмін. Әрі мұнда баға да көңілге қонымды, үйдің қасындағы дүкендерге қарағанда әлдеқайда арзандау екен. Алысқа барып, базар аралап, аяқ талдырмайтыным жақсы болды. Халықтың ақшасымен қоса уақытын да үнемдеуге мүмкіндік туғызып, осындай жәрмеңке ұйымдастырған әкімдіктегілерге алғыс айтамын, – деді елордалық Сайлаугүл Батырбекқызы.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button