Қала мен Сала

66 мың адам атсалысты

Елордада «Жасыл Астана» экологиялық айлығы аясында жалпықалалық сенбілік өтті. Тазалық акциясына Астананың 66 мыңнан астам тұрғыны қатысты.

Жалпықалалық тазалық іс-шарасына бизнес өкілдері, кәсіпорындар, ұйымдар, оның ішінде «Қазақстан Ғарыш Сапары», «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ атсалысты. Коммуналдық сенбілік аясында 1240 жасыл желек отырғызылды. Сенбіліктер аясында бүгінге дейін ауданы 1 млн 360 мың шаршы метрден астам саябақтар мен алаңдар тазартылды. 108 бірлік тиеу техникасы және 215 бірлік жүк техникасы жұмылдырылды.

Алматы ауданы әкімдігінің Өндірістік техника бөлімінің бас маманы Нұрберген Нұрмұхамедтің айтуынша, биылғы сенбілік жылдағыдан ерекше.

– Бүгін Алматы ауданында ұйымдастырылған сенбілікте 487 түп ағаш отырғызылды. Тазалық шарасына Астана қаласы мәслихатының депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, Ардагерлер кеңесі, «Астана қаласының Дін істері басқармасы» ММ және діни бірлестіктер өкілдері, «Қазақстан инжиниринг» АҚ өкілдерінің, ҚМДБ қызметкерлері қатысты. Ағаш отырғызуға медицина ғылымдарының қызметкерлері, Қ.Қуанышбаев атындағы театр ұжымы, «Алтын домбыра» мектебінің қызметкерлері, аудан тұрғындары мен Алматы ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, барлығы 300-ден астам адам қатысты, – деді Нұрберген Нұрмұхамед.

Экологиялық айлық аясында Алматы ауданы бойынша 900-ге жуық ағаш отырғызылды. Аудан аумағын осындағы терек, тал, үйеңкі, ұсақ және жалпақ жапырақты қарағаштар гүлдендіруде. Оған қоса, Ақбұлақ өзенінің жағалауында тағы 100 ағаш еккен 150 адамның ішінде Мемлекеттік басқару академиясы және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері де бар. Қ.Сәтбаев көшесінде 50-ден астам, «София» тұрғын үй кешенінің аумағында үй тұрғындарының күшімен 30-дан астам және аудан­ның әртүрлі орындарында тағы 200 дана ағаш отырғызылды.

Жалпы, қалада тазалық акциясы басталғалы бері 2400-ден астам жасыл желек отырғызылды. Астана қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына 108 тоннадан астам қалдық жиналып, тасымалданды.

Астана қаласы бойынша 2023 жылы барлығы миллион жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр. Бұл жолы қылқан жапырақты ағаш түрлеріне артықшылық беріледі.

«Жасыл Астана» дәстүрлі экологиялық айлығы 16 қыр­күйектен 14 қазанға дейін жалғасады.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button