Басты ақпаратМәдениет

Алтай-Тарбағатай әуендері әуеледі



Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына қарасты «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының ұйымдастыруымен «Алтай-Тарбағатай ән-күй мұрасы» атты дәстүрлі өнер кеші өтті.

Алтай-Тарбағатай қазақ музыка өнеріндегі ең көне мектептің бірі саналады. Оның қалыптасуы Қазақ хандығы дәуірінен басталады деп айтсақ болады. Алтайдың арғы және бергі жағын мекендеген аталмыш мектептің көрнекті өкілдері қатарында күйші Байжігіт, Бейсенбі Дөненбайұлы, Әсет Найманбайұлы есімдері ерекше аталады. Осы өңірдің ән-күй мұрасының дамуына Шәкір Әбенов, Тұрсынғазы Рахимов, Мұқаш Таңғытұлы үлес қосты. Қазір Біләл Ысқақов, Секен Тұрысбек, Мұрат Әбуғазы, Еркін Шүкіманов сынды әнші-күйшілер дәстүрді жал­ғастырып жатыр.

Ерекше атап өтерлігі, сыбыз­ғы күйлері осы өңірде жақсы дамыған. Сондай-ақ үш ішекті домбырамен айтылатын әндер мен шертілетін күйлердің басын іздегенде осы аймаққа, ұлы Абай заманына барып тірелеміз. Үш ішекті домбыраны өнертанушы Жарқын Шәкәрім зерттеп, насихаттады. Қазір де насихаттаушылар жоқ емес.

«Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының жетекшісі Жасұлан Наурызбайұлы тізгінін ұстаған кеште көрермендер қос ішекті де, үш ішекті де домбыраның күмбірін, сыбызғының сызылған үнін, қобыздың күңіренуін, жетігеннің жанға жайлы әуенін, сырнайдың сырлы саздарын, тіпті гитараны да тыңдады.

Белгілі әнші-күйшілер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанғали Жүзбай, Ардақ Балажанова, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Раушан Оразбаева, Құмарбек Қалқатай, Нұрболат Арзамасұлы, Қазақстанның Мəдениет қайраткерлері Толғанбай Сембаев, Ерболат Шалдыбеков, мәдениет саласының үздіктері Еділ Басығараев, Перизат Тұрарова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асқар Мұқият, халықаралық байқаулардың лауреаттары Бауыржан Мұхаметбай, Бауыржан Бекмұханбет, Айзат Қарабек, Венера Табыс, Біржан Айтахметов, арнайы қонақ Серік Бабаханов Алтай-Тарбағатай әуендерін әуелетті. Соның ішінде «Жорғатай», «Гүлдариға», «Қара-ай көзің», «Ахау, Семей» сынды халық әндері, «Сұлубайдың әні» секілді елге белгілі туындылар мен ел ести қоймаған шығармалар көрер­мендердің құлақ құрышын қандырып, жан сарайын ашты.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button