Мәдениет

Алтын флейташы атанған



Қазақстан музыка мектебінің майталманы, өнерсүйер қауымның арасында «Қазақстанның алтын флейташысы» атанған шебер орындаушы, АҚШ-та өткен байқауда жеңімпаз атанған бірінші қазақ флейташысы Қайролла Жұмакеновтің есімін біреу білсе, біреу білмейді. Америка флейташылары қазақ музыкантының өнерін жоғары бағалап, Ұлттық флейта қауымдастығының мүшелігіне қабылдаған. Дарынды музыкант – көптеген шетелдің танымал сахналарында Қазақстанның келбетін әлемге абыроймен бейнелеп, Венгрия­ның, Польшаның, Францияның, Американың, Испанияның, Қытайдың, Тайваньның музыкасүйер тыңдармандарын өнерімен тәнті етіп, таңдай қақтырған азамат. Композиторлар Әділ Бестібаев, Балнұр Қыдырбек, Ерболат Әндосов флейташының керемет орындаушылық мүмкіндігін, талғамы мен ерекшелігін ескере отырып, Қайролла Жұмакеновке арнайы музыка жазған.

Қайролла Әкрамашұлы Жұмакенов бастапқы музыкалық білімін Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінде алып, одан әрі Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясын жал­ғастырды. Осы оқу ордасында 1978-1998 жылдары оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. Осы аралықта Мәскеу қаласында П.Чайковский атындағы мемлекеттік консерваторияның аспирантурасын ойдағыдай тәмамдады. 1998-2008 жж. Қазақ ұлттық музыка академиясының профессоры, үрлемелі және соқпалы аспаптар факультетінің деканы қызметін атқарды. Ол – Астана қаласында Мемлекеттік академиялық филармонияның үрлемелі аспаптар оркестрі мен флейташылар ансамблінің негізін қалаушы. Бұл ансамбль қазір музыканттың құрметіне арнайы Қ.Ә.Жұмакеновтің атымен аталады.

Қайролла Әкрамашұлы жақсы тәлімгер-педагог та болған еді. Білікті ұстаз шәкірттерінің мамандық деңгейін көтерумен қатар олардың жеке тәрбиесі мен тәртібіне де ерекше мән беріп отыратын. «Білім мен тәрбие қол ұстасып қатар жүргенде ғана шәкірттеріміз саналы, мәдениетті азамат бола алады, сондықтан да тәрбие жұмысына зор мән беру керек» деп оқушыларын әртүрлі қоғамдық іс-шараларға – патриоттық тәрбие, әлеуметтік жоба, волонтерлік жұмыс, спорт эстафеталарына үнемі қатыстырып тұратын. Сонымен қатар мамандықтарына қатысты байқауларға да белсенді дайындықтар өткізіп, көптеген халықаралық, республикалық, өңірлік байқаулардың жеңімпаздарын дайындаған. Қазіргі кезде олар да ұстазының жолын қуып, біреулері педагог болса, екіншілері музыкант болып абыройлы еңбегімен кеңінен танылған мамандар: Айжан Мырзалиева – К.Байсейітова атындағы дарынды балалар мектебінің оқытушысы, Еркін Ақбаев – симфониялық және үрлемелі оркестрлер әртісі, Нина Григорьева – Қазақ ұлттық өнер университеті пәндік-циклдік комиссияның меңгерушісі, осы университеттің түлектері Фарида Шолақова мен Александр Тараскин де танымал музыканттар қатарын толықтырды.

Шебер ұстаздың қажырлы еңбегі еленіп, лайықты бағасын алды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақ ұлттық музыка академия­сының (қазіргі Қазақ ұлттық өнер университеті) 5 жылдық мерейтойлық медалімен, Үкімет пен университеттің құрмет грамотасымен, алғыс хаттарымен, дипломдарымен, біраз шетелдік наградалармен марапатталған.

Қайролла Жұмакеновтің артында өнерін жалғастыратын шәкірттері, аты-тегін мәңгілік сақтайтын саналы ұрпағы – бала-немерелері, туған-туыстары қалды. Ұлы Еркебұлан – Қазақ ұлттық музыка академиясының мақтаулы түлектерінің бірі, мамандығы оркестр әртісі, жеке орындау­шы, педагог. Негізгі біліміне қоса, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын ойдағыдай аяқтап, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі ғылыми атағын алған білікті азамат. Әр уақытта лауазымды қызметтер атқарып, мамандығын шыңдаған: Президент оркестрінің шығармашыл тобының көркемдік жетекшісі, Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті Өнер басқармасының бастығы міндетін атқарды, ҚР Қорғаныс министрлігі бас ансамблі тобының көркемдік жетекшісі болды, тағы да басқа қызметтер атқарды. Астананың төрінде шалқып жүрсе де, Еркебұлан ата-баба қонысын, бала кезінде әкесімен еріп баратын Төрткөл ауылын, кіндік қаны тамған туған қаласы Қарағандыны есіне жиі-жиі ала берді. Лауа­зымды қызметтерде жинақ­таған тәжірибесі мен білімін өзінің ата-бабасы қоныстанған киелі Жезқазған – Қарағанды өлкесінде іс жүзінде асыруға ниеттеніп, еліне қоныс аударады. Қарағандының облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры, Жезқазғандағы Қазақ музыкалық-драмалық театрының жетекшісі болады. Қазіргі уақытта ҚазҰӨУ түлегі Еркебұлан Қайроллаұлы ­Жұмакенов – Қарағанды облысы Құжаттар, мұрағаттар және мәдениет басқармасының жетекшісі қызметін абыроймен атқарып жүрген іскер азамат.

Қайролла Жұмакенов артына жарық із қалдырған, өнегелі өнерін жалғастыратын шәкірт тәрбиелеген, өмірге атын өшірмейтін саналы, дарынды ұрпақ әкелген, дос-жаранына сыйлы, халқына құрметті болған, жаны жайсаң, жайдары мінезді ерекше тұлға еді. Жарқын бейнесі жадымызда мәңгілік сақталады.

Гүлнахия БІРЖАНОВА,

Қазақ ұлттық өнер

университетінің ­оқытушысы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button