Басты ақпаратБілім

Төл тарихты танытқан

Тамыры терең төл тарихты заман ағымына сай қайта жаңғырту – уақыт талабы. Сақ дәуірінен бастап, Қазақ хандығы мен бүгінге дейін жалғасқан кезеңдегі айтулы оқиғалар тізбегін санаға тоқу үшін бірнеше еңбекті ақтаруға тура келеді. Дегенмен енді том-том тарихты бір ғана парақ бетінен де табуға болады. Астаналық студент Нұрайлы Инаят «Qazaq posters» атты жобасы арқылы тарихи деректерді көпшілікке қысқа да нұсқа ұсынып қана қоймай, көркем безендіріп, көрер көзге ерекше әсер сыйлауды мақсат етті.

Мыңдаған жазбасы бар тарихқа жан-жақты шолу жа­сауға мүмкіндік беретін әдіс «History Timeline» деп аталады. Америка мен Еуропада аса танымал бұл әдісті көпшілік мойындап, бүгінде жекелеген мемлекеттер мен бүкіл әлемнің тарихы да бір парақ бетінде жазылған. Ал 20 жасар Нұрайлының негізгі идеясы – аталмыш әдіс арқылы постер делінетін парақтарға қазақтың тарихын бар қырынан танытып, танымды ақпарат беру, әсіресе жас ұрпақты тарихқа қызықтыру. Сондай-ақ алғаш рет Қазақстан нарығына «History Timeline» әдісін енгізу.

Студент Түркияның Эдирне қаласындағы Тракия университетінде «Халықаралық қатынас­тар» мамандығы бойынша бір жыл білім алған. Кейін оқуын Қазақстанда жалғастырғанды жөн көрген ол елге оралысымен-ақ жобасын бастауды қолға алады. Айтуынша, жобасын жасауға 3 ай уақыты кеткен. Ал түрткі болған басты себеп – қазақ тарихына деген қызығушылық.

«Әр ұлтжанды азамат үшін тарих қызық деп ойлаймын. Өйткені тарихты білмей, қазіргі жағдайды білу, болашақты болжау қиын. Мектеп кезінен тарихты жақсы көргенімнен болар, тарихи постерлерді жасап шығарғым келді. Тарих десек, болған оқиғалардың жылдарын, түрлі сандарды, жалпы хронологияны есте сақтау өзіме қиынға соғады. Бірде ғаламтордан «History Timeline» әдісімен жасалған әлем тарихын көріп, қызыға түстім. Себебі барлығы анық әрі түсінікті жасалған екен. Қазақ тарихын да осылай қайта жаңғыртқым келді» дейді ол.

«Qazaq posters» жобасының «Ұлы Дала тарихы», «Бүтін Түркі тарихы», «Қазақ Ордасы» және «Алаш арыстары» деп аталатын барлығы 4 плакат, шынымен, кез келген жанды таңғалдыр­май қоймайды. Сыйлық қорап­шасымен бірге ұсынылатын плакаттардың әрқайсысы да бір-біріне ұқсамайды. Мәселен, «Ұлы Дала тарихы» аталатын плакат бетіне Еуразия даласының 3 мыңжылдық тарихы сыйып кеткен. Мұнда Ұлы Дала жерінде пайда болып, қанат жайған, өзіндік мәдениеті мен айбынды тарихы бар ежелгі түркі патшалықтары тарихының қысқаша шежіресі көрсетілген. Сақ, сармат, ғұндардан бастау алып, Шыңғыс хан ұлыстарымен жалғасып, Қазақ хандығы және тәуелсіз Қазақстанға дейінгі уақыт аралығымен аяқталады. Әр тарихи кезеңнің тұсына сол уақыттағы ең айтулы оқиғалар туралы ақпарат қоса беріледі. Түркі ұлыстары мен қағанаттарының тарихи байрағы «Бүтін түркі тарихы» аталатын келесі плакатта бейнеленген. Ұлы ғұн патшалығы, Ұйғыр қағанаты, Қарахан мемлекеті, Алтын Орда, Осман, Ұлы Моғол патшалығы секілді барлығы 16 түркі патшалығының байрағын осы жерден табуға болады. Ал «Қазақ Ордасында» Керей мен Жәнібек, «Қасқа жолын» қалыптастырған Қасым хан, «Ескі жолын» салған Есім хан, «Жеті жарғысын» жасаған Тәуке ханнан Кенесарыға дейін хандық дәуір шежіресі көрсетілді. Жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ даласында болған шайқастар, ұрыс даласында қайсарлық танытқан батырлар, әділ төрелігін айтқан билер, заман шындығын жырлаған жыраулар туралы ақпараттың бәрі де бір ғана парақ бетінде. Ал соңғы «Алаш арыстарынан», аты айтқандай, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілдерінің портретін тамашалауға болады. Барлығы 30 зиялының ең қажет делінген ақпараты берілді. Қызығы, суреттер жасанды интеллект көмегімен өңделіп, айқындала түскен. Төл тарихтан сыр шертетін жобаның сапалы шығуы үшін еңбектер мен энциклопедияларды ақтарып, олардан тың ақпарат іздестіріп, жүйелі зерттеу жұмысын жүргізу керегі анық. «Тарих – тылсым қатпарлары көп ғылым» деген Нұрайлы бұл тұрғыда тарих ғылымдарының кандидаты, Ғылым академиясы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Салтанат Асановамен кеңесіп, әр постердегі ақпараттың дұрыс шығуына баса назар аударды.

«Бұл жобаның басы-қасында болып, ізденіп, зерделеп жүргенімде түрлі ой түйдім. Мәселен, қазақ тарихы туралы зерттеуші-ғалымдардың пікірі бір арнаға тоғыспай жататынын, тіпті Алаш арыстарын менсінбейтін адамдар туралы жайттарды да кездестірдім. Тарихты мүлдем жоққа шығарып, қазақ тарихы тек 500 жылға ғана созылған дейтіндер де бар. Осы тұрғыда мұндай жобаның қажеті жайлы нық сеніммен айта аламын.

Тарихпен ғана шектелмей, мәдениеттегі белді тұлғалар немесе еліміздің киелі жерлері туралы да танымдық плакаттар неге ұсынбасқа деген идеялар келеді. Қазақ тарихында ойып тұрып орын алған әйелдерді де жекелеп көрсеткім келеді. Алдағы уақытта жобаны ағылшын тіліне аударып, шет мемлекеттерде қазақ тарихының танылуына үлес қосу – арманым.

Постерлер – жас зерттеу­шілер, студенттер және мектеп оқушылары үшін таптырмас көмекші құрал. Жобаны елордадағы №63 мектеп-гимназияның оқушыларына да таныстырып, ұсындым. Ұстаздар мен оқушылар тарапынан жақсы пікір есту бойыма қанат бітіріп, қаладағы өзге де мектептерге ұсынуға ерекше шабыт сыйлады» деп бөлісті жоба авторы.

Нұрайлының идеясын қолдап, сенім білдірген ең бірінші ата-анасы еді. Әкесі – кәсіби дизайнер, постерлердің әсем безендірілуіне атсалысты. Барлығы 4000 өнімге тапсырыс беріліп, сапалы қағазда басып шығаруға, дизайнын үйлестіруге, жалпы өндіруге бірнеше миллион қаржы жұмсалған. Десе де сатылымға шыққанына көп болмаған жобаға сұраныс бар, өңір-өңірден қолдап жатқандар да жетерлік, тіпті шетелден алдыртқандар болды. Еліміздің танымал қоғам қайраткерлері тарапынан да қызығушылық танытқандар бар. Солардың бірі белгілі журналист Қайнар Олжай жас кәсіпкердің жобасын әлеуметтік желіде көпшілікке таныстырып, қазақтың рухани әлеміндегі әрі бизнестегі тың жаңалық деп есептеп, тарихи постерлер әр үйдің төрінде тұруы қажет деген пікір білдірді.

Иә, төл тарихты төрге шы­ғаруда жастардың атсалысып жүргені қуантады. Өткенге көз жіберіп, тарихымызды зерделеп, жоғалтқанымызды түгендеп, кім екенімізді тануға жетелейтін танымды жобалар бүгінде аса қажет. Тарихты тану, білу, зерттеу – ұлттық санамызды асқақтатып, адас­тырмайтын жарық та сара жол. Осындай саналы ойдың жүзеге асуының бір көрінісі – Нұрайлының жобасы.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button