Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Әннен мән кетті ме?

Көлікте радионы қосқанмын. «Сені жылытатын, сені жылататын да енді сұмырай жоқ! Енді сұмырай жоқ!» деген әнді естіп, есеңгіреп қалдым. Сұмырайы несі дедім? Әннің мәні осыншалықты төмендейтіндей сөздің мән-мағынасын түсінуден қалдық па сонда?

Gakku TV-ның YouTube-тағы арнасында осы әнді 500 мыңға жуық адам тыңдапты. Әрине, жастар тыңдап, тамашалады. Содан кейін жастар бір-біріне «сұмырай» деп айтып жүрсе, кімге ренжисіз? Ешкімге. Өйткені жастарға «сұмырай» тренд сөзге айналып кетпесіне кім кепіл? Сұрақтан сұрақ осылай туындай береді.

Біле білсек, сұмырай – жауыз, залым, жексұрын деген мағына береді. Тағы бір мәні – жалғыз аяқты, жалғыз көзді мақұлық. Халық ішінде сұмырай келген жақтан бір апат, не жұт, не ашаршылық болады деген наным бар. Сұмырай келсе, су құриды дегенді де жақсы білеміз.

Баяғыда сұмырайдың атын ататпай, жаман ырымға балайтын болса, бүгін әнге қосып, оған бейнебаян түсіріп, жастардың жаппай қолдануына жол ашып отыр. Біздің идеологияның түрі осы!

Шыны керек, рухани санамызды сусындататын әнге емес, даңғыр-дүңгірі басым әнге әуес болдық.

Мына әннің сөзіне назар салайықшы: «Жүрегім менің – молодой. Достарым менің – золотой. Бауыр­ларым – дорогой…». Шіркін-ай, баяғы ақындардың, сазгерлердің көркемдік кеңесі болса: «Қарағым, шамаң келмейтін шоқпарды беліңе байлама» деп қайтарар еді.

Желідегі желіккен мына рэптің сөзін қараңыз: «Ей, жынды қыз, тыңда! Бұл саған арналады, Мен саған бара алам қатты сағынғанда, мына өмірде бәрі жалған, тазалық қалмаған, адалдық деген нәрсе кішкене ғана қалған, ойланып қарасам, сенімен ғана жарасам, Ей, жынды қыз!». Сондағы жынды қыздың жауабы: «Ей, жынды бала мені тыңда, Мені сүйемін десең короче, қума, менде саған деген сезім жоқ…».

Міне, жеткен жеріміз осы!

Адам сөзбен өз ойын айтады, ішкі ойын танытады, өз ойын жүйелейді, яғни тіл – болмысын білдіретін құрал. Ендеше, бүгінгі жастардың таным-түсінігі мен талғам-талабын түсінуге болатындай.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button