Бүгінде бас қаладағы жеке меншік балабақшалардың қызмет көрсету сапасы жақсара түскені байқалады. Білім басқармасы тарапынан қойылатын талаптарды ұқыпты ұстанатын бірқатар балабақшалар мемлекеттік тапсырысты да абыроймен орындап келеді. Солардың бірі деп «Еркетай» балабақшасын айтуға болады.
Осыдан үш жыл бұрын ашылған айтулы мекемеде бүгінгі таңда 210 бүлдіршін тәрбиеленуде. Оқу-тәрбие жұмысы қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Ересек топтардың тәрбиеленушілері қалауына қарай ағылшын тілін де үйренуде.
– Балабақшамыз ашылған кезде жүзден астам бала қабылдайтын едік. Уақыт өте келе ата-аналар тарапынан сұраныстар көбейе түсті. Содан біз көрші тұрған ғимаратты да балабақшаға айналдыруға ұсыныс түсірдік. Бәрі ойдағыдай болып, бүгінде қанаттас тұрған екі ғимаратта қатар жұмыс жүргізудеміз. Бөлмелеріміз де, ойын алаңдарымыз да кеңейді, – дейді бізбен әңгімесінде балабақша меңгерушісі Наталья Русак.
Біз балабақшаға келгенде дәл мерекенің үстінен түстік. Тәрбиеші Гүлжан Көгенбаева жетекшілігіндегі ортаңғы топтың балдырғандары «Алтын күз» мерекесін өткізіп жатыр екен. Әсем безендірілген ойын-сауық бөлмесінің дәл ортасында «Күз ханшайымы» отыр. Балалар болса, ханшайым
алдында кезектесіп өлең оқып, ән салады. Бір сәтте балалар жамырап күзгі өнімдерді көрсетіп жатты.
Осы күні мектепалды даярлық тобында да «Қыз сыны» байқауы өтті. Салима Шаркенова тәрбиесіндегі балалар күзгі жеміс-жидектен салаттар жасаудан, кесте тоқу, өлең айтудан сынға түсті. Көңілді әрі мағыналы өткен байқауға қатысқан барлық балаларға сыйлықтар берілді.
Ғалым ҚОЖАБЕКОВ