Мәдениет

Аңсардың арманы



«Қазақстан» орталық концерт залында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйытқы болуымен I «Burabay Summer Fest» атты жас талантты жеткіншектерге арнал­ған халықаралық фестивальдің гала-концерті болды.

Бұл байқау елімізде алғаш өтіп отыр. Соған қарамастан, дүбірлі додаға бақ сынауға еліміздің өнерлі өрендерімен бірге Түркия, Ресей, Беларусь, Қытай, Қыр­ғызстан, Өзбекстан және Әзербайжан сынды мемлекеттердің талантты балалары жиналды. Бас-аяғы фестивальға 400-дей өнерпаз қатысып, олар вокал, хореография, аспапта орындау және мәнерлеп оқу секілді түрлі аталымдар бо­йынша сынға түсті.
Сонымен, дүбірлі доданың да мәресі өз сызығына жетті. «Мәнерлеп оқу» аталымында Сыр бойынан келген Тілек Нұрқожаның бағы жанды. «Халық биі» номинациясында алматылық Ратмир Жұмалиев асығы алшысынан түсті. «Дәстүрлі өнер» аталымында жамбылдық Әлімқұл Сұлтан қатарластарынан оза шапты. «Дәстүрлі өнер» номинациясында Түркістан облысының жеткіншектерінен құралған «Жетіген» ансамблі топ жарды. Ал халықаралық фестивальдің бас жүлдесін «Академиялық ән» аталымында қазақтың сайын даласындай кең дауысымен жұртшылықты таңғалдырған ақтөбелік он бір жасар талантты өрен Аңсар Жүсіп жеңіп алды. Оған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан ақ рояль мен Лос-Анджелестегі атақты «Universal Studios Hollywood» киностудиясына бару жолдамасын тапсырды.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button