Елорда тынысы

Аңызға айналған командирге арналды



Астанада Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары арасында волейболдан VI республикалық жарыс өтті. Бұл жарыс аты аңызға айналған командир Борис Керімбаевтың 75 жылдығына арналды.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен жарысқа еліміздің бірнеше өңірінің және елордалық ардагерлер ұйымдары командалары қатысты. Жарыс­тың ашылу рәсімінде Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов сөз сөйлеп, елорда күні мерекесі аясында өтіп жатқан жарысқа қатысушы ардагерлерге өздерінің салауатты өмір салтын ұстанып, жастарға өнеге болып жүргендеріне ризашылығын білдірді.

– Астанада ардагерлерге қолдау көрсету ерекше маңыз­ды саналады. Елордамызда ардагерлер қозғалысын қолдау бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылып отыр. Біздер үшін от пен оққа шарпылған майдангерлерге көмек көрсету бұлжымас парыз. Ауғанстан соғысы ұйымдары арасындағы республикалық жарыс осыған дейін басқа өңірлерде өтіп келген екен. Ал бізге астаналық ардагерлер ұйымынан дәстүрлі жарысты елордада өткізсек деген ұсыныс түскенде бірден қолдадық. Бүгінгі жарысқа қатысушыларға зор денсаулық, ойында сәттілік тілеймін, – деді Дәурен Бабамұратов.

Жарысқа қатысушы ардагерлер ұйымдары атынан Шығыс Қазақстан облысының «Шығыс Шурави» командасының жетекшісі Қайрат Мусин жарысты ұйымдастырушыларға алғысын айтып, мұндай жарыстың «Қара майор» атымен аңызға айналған Ауғанстан соғысының батыры Борис Төкенұлы Керімбаевтың құрметіне арналғаны бір жағынан батырға деген тағзым болса, екінші жағынан еліміздегі ардагерлер ұйымдарының патриоттық ұстанымын көрсететінін атап өтті.

Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы  жарыстың өтуіне жан-жақты техникалық қолдау білдірді. Басқарма тарапынан дипломдар, кубоктар, медальдар беріліп, төрешілер қызмет көрсетті. Елорданың №58 І.Жансүгіров атындағы мектеп-гимназияның спорт кешенінде өткен жарыс­та жеңілгендер болған жоқ, өйткені бұл сайыс елдік пен ерлікке арналған жарыс болды.

Ал екі күнге жалғасқан жарыс қорытындысында Шығыс Қазақстан облысының ардагерлер ұйымы чемпион атанса, күміс жүлдені Павлодар облысы ардагерлері иеленді. Ал үздік үштікті, алаң иелері – Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі командасы түйіндеді.

Жеңімпаз командаға ауыспалы кубок табысталды. Барлық жүлдегерге дипломдар, медальдар, сонымен қатар жарыста үздік деп танылған бірнеше ойыншыға номинациялар бойынша да сыйлықтар берілді.

Жарыстан кейін ардагерлерге арналып қонақасы берілді. Астаналық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Миранбек Тулекпаев барлық қатысушыға және жарысты ұйымдастыруға қолдау білдірген елорда әкімдігіне алғысын айтты.


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button