Мәдениет

Әннің жаңа ғұмыры



1997 жылдың 10 желтоқсаны елордасы Алатау баурайынан Арқа төсіне көшірілген күн ретінде тарих бетіне таңбаланды. Осы күні Жастар сарайында өткен салтанатты шарада ақын Жеңіс Қашқынов сөзін жазған, композитор Тілеуғали Қышқашбаевтың «Астана жыры» әнінің тұсауы кесілді. Әнді шырқау Ақжол Мейірбеков пен Баян Есентаева жұбының еншісіне тиді. Алайда бұл туынды ел құлағына Ресейдің «На-На» тобының орындауында жетті. Кейіннен өлең авторы заман көшіне лайық мәтінге өзгеріс енгізген екен. Таяуда жаңа мәтінді ақынның ұлы Ернат Қашқынов тауып, біздің басылымға жіберді. Тақырыбы «Бас қалам – Астанам» болып өзгерген туындыны алғашқы түпнұсқа мәтінімен қосып, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

АСТАНА ЖЫРЫ
(бірінші нұсқа)

Сайын дала құт қонған мекен еді,
Даналарым алға елін жетеледі.
Төле би мен Қазыбек, Әйтекенің,
Есімдерін ұран ғып көтереді.
Бірге соғып жүрегі халықпенен,
Абылай хан сара жол салып берген.
Абыройын қазақтың асқақтатып,
Туған жерін бөледі даңқпенен.

Қайырмасы: Алматы – бас қалам,
Астана – жас қалам.
Бірің ай, бірің күн,
Егіздей қос қалам.
Алматы – бас қалам,
Астана – жас қалам.
Жарқырап, жайнай бер,
Сендермен шаттанам.

Қазақстан достықтан жаратылған,
Досыменен арайлы таң атырған.
Бар әлемге танытқан қазағымды,
Халқымыздың Елбасы дара туған.

Қайырмасы:

Тәуелсіз ел ұл-қызы мақтанады,
Ел бірлігі, тыныштық жаттағаны.
Асқақтата думанда әнге қосар,
Қос астана Алматы – Астананы.

Қайырмасы:

БАС ҚАЛАМ – АСТАНАМ
(екінші нұсқа)

Бабаларым айбынды бұрынғы өткен,
Қараөткелдің табанын дүрілдеткен.
Армандары айналған ақиқатқа,
Тәуелсіздік көремін туын көктен.

Қайырмасы: Аяулы Астанам,
Арудай жас қалам.
Ардақтап атыңды,
Шырқайды жастар ән.
Қырандай самғай бер,
Астанам – бас қалам.
Жарқырап жайнай бер,
Өзіңмен шаттанам!

Қанат қаққан болашақ асқарына,
Самғап ұшқан қыран құс аспанында.
Қазақстан егемен елдігімен,
Таңғалдырды досын да, қастарын да.

Қайырмасы:

Қуанышқа толтырып жас қаланы,
Қалықтайды жастардың асқақ әні.
Айқара ашып құшағын достарына,
Ардақ тұтар бас қала – Астананы.

Қайырмасы:

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button