Басты ақпаратСараптама

Апат ашқан ақиқат



Соңғы кездері Абай облысында болған өрт бүкіл елді дүрліктірген қайғылы оқиға болды. Қазірге дейін 60 мың гектардан артық аумақтың орманы отқа оранғанын былай қойғанда, тілсіз жаудан 15 адам қаза тапты. Өрт сөндіруге орман қорғау­шылардан сырт, әскери бөлімшелер де тартылғанмен, күннің аптап ыстығы мен жүйткіп соққан жел қабаттасып, қызыл жалын барған сайын өршіп барады.

Аз орманнан да айырылып қаламыз ба?

«Семей» орманы резерватында өрт 8 маусым күні шыққан болатын. Өрттің себебі әлі анықталған жоқ. Абай облысы әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков берген мәлімет бойынша өрт найзағайдың 2 рет түсуінен шыққан. «Өртті тез арада ауыздықтау мүмкін болмады, оған себеп «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты техникасы биік құм төбелердегі орманды аймаққа жете алмады» деді ол.

Елімізде орман қорының жалпы ауданы – 30,4 млн гектар. Бірақ ­Қазақстанда орманды алқаптың көлемі ел аумағының небәрі 4,6 пайызын құрайды. Есесіне шөл және шөлейт жерлер Қазақстанның 56 пайызын алып жатыр.

БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау басқармасы адамзаттың кесірінен жаһандағы орманның жартысына жуығы жойылып кеткен деген деректі алға тартады. БҰҰ азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының 2001 жылғы есебіне сүйенсек, әлемдегі орман алқабы 1990 жылғы 3,96 миллиард гектардан 2000 жылы 3,87 миллиард гектарға дейін азайған. Демек, жыл сайын әлемде неше жүз мың гектар орман жойылып кетіп жатыр.

Қазақстанда да соңғы жылдары табиғи ормандар жыл сайын өртке оранып, көлемі азайып барады. Мәселен, 2011 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Боралдай орман шаруашылығында 4000 гектарға жуық орман өртеніп кетсе, 2013 жылы Түркістанда 600 гектарға жуық тоғай күлге айналды. Келесі жылы Арыс қаласында 200 гектар орман өртке оранса, 2014 жылы ел бойынша 500 гектарға жуық орман апатқа ұшырап, өрт себебі белгісіз күйде қалды. 2015 жылы шырайлы шығыстың сәні болған Марқакөл маңында өрт шығып, 900 гектар орман жанып кетті. Бұл өткен онжылдықтағы ең ірі өрт апаты болса, 2021 жылғы 10 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы маңындағы орманға өрт кетіп, 272,4 гектар орман қызыл жалынның құлқынына түсті. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда 500-ге жуық орман өрті тіркеліп, салдарынан 38270 гектар жер өртенген (2020 жылы – 22626 гектар) болса, 2022 жылы Қостанай облысындағы өртте 43 мың гектар орман өртке оранды. Енді, міне, Абай облысындағы орманға кеткен өртті ауыздықтай алмай арпалысып жатырмыз. Қазірдің өзінде 60 мың гектардан артық орман күлге айналды. Одан келген экономикалық зиян мен қырылған аң-құс қаншама. Өртенген орманның қалпына келуіне кемінде 60 жыл уақыт қажет дейді мамандар. Бұл аз уақыт емес.

Республикалық бюджеттен табиғи және техногенді төтенше жағдайдың алдын алуға жұмсалатын қаржы жыл сайын көбеюде. 2021 жылы – 54,2 млрд, 2022 жылы – 63,8 млрд, 2023 жылы – 120,2 млрд теңге

Салғырттық себебі неде?

Қазақстанда мейлі қай өңірде, қай аймақта өрт апаты болса да, оның нақты себебі анықталмай, жұмбақ күйде қалып жатады. «Күннің ыстығы», «найзағайдың түсуі», «орман қорғау­шылардың немқұрайдылығы» деген сияқты себептер айтыла-айтыла жауыр болуға айналды. Өрт болған кезде қылмыстық іс қозғалады да, өрт сөнген соң, ол да «өшеді». Сосын да шығар, бізде жыл сайын орман өрті үзілмейді. Кінәліні тауып, қатаң жазаламаған соң, орманшылар да өртке немқұрайды қарайтын деңгейге жетті. Өйткені көптеген өңірде, әсіресе табиғи орман алқаптарында өрт қауіпсіздік шаралары сақталмайды. Алда-жалда өрт туа қалса, оны қалай ауыздықтаймыз деген мәселеге мән берілмегендіктен, көп өңірде өрт туа сала дереу ауыздықталмайды. Мәселен, өткен жылы Қостанайдағы орманға өрт кеткенде, орман өртінен сақтану саласында көптеген олқылық сақтал­ғаны байқалған. Осы жағдайға сәйкес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты министрліктерге, жауапты тұлғаларға тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеген еді. Бірақ сол тапсырмалардың көбі орындалмағанын, керек десеңіз, Төтенше жағдайлар министрінің өзі Президенттің сөзін құлағына да қыстырмай, жүре тыңдаған болып шықты. Сонша үлкен аумақтағы орманға өрт кетіп жатса, министрдің өзі бармай, орынбасарын жіберуі, біріншіден, Қостанайдағы өрттен сабақ алмағанын, екіншіден, өз жұмысына өте салғырт екенін анық көрсетті. Бұған Президенттің «Мен қызметінен босатқан министр өзінің тікелей қызметтік міндетін орындауға неге мүлдем немқұрайды қарады?! Өрт бүкіл әлемде болады, бірақ ол жақта тиісті шаралар қабылданады. Министр келмеді, облыс әкімі тым баяу қозғалды, орынбасарларын жіберді. Жұмысқа деген осындай қарым-қатынас бола ма?! Нақты сұрақ – неге қате болжам жасалды?» деген сөзі айғақ.

– Біздің жағдайымызда кәсіби салғырт­тық, адамдардың тағдырына мүлде немқұрайды қарау байқалды. Қазір бұған тағы да көз жеткіздім. Ал қазіргі таңда сапалы, дұрыс жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұны мойын­дауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл саланың жұмысын түбегейлі жақсарту қажет. Министрлік, оның басшылары өз қызметтік міндеттеріне селқос қарайды. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай апаттар орын алып отыр. Біз Қостанайдағы жағдайды бастан өткердік, неге сабақ алмадық?! – деді Мемлекет басшысы.

Осындай қайғылы жағдай туғанда, сол саланың жауапты тұлғасын түрмеге тоғытып, еселеп айыппұл салса, барлық саланы басқарып отыр­ған басшылар айылын жиып, аяғын тартар еді. Яғни бірді ауыр жазалап, мыңға сабақ қылмайынша, еліміздегі немқұрайдылық пен жемқорлық жойылмайды-ау.

Өткеннен сабақ алмаса…

Қазақстандағы өрт сөндіру техникаларының көбі ескі, өрт сөндіруге қолайлы тікұшақтар саны аз. Таулы өңірлерге дөңгелекті көліктер бара алмайтындықтан, өртті өшіруге адам күшіне таянуға тура келеді. 2021 жылы тамыз айында Төтенше жағдайлар министрлігі 48 млрд теңгеге өрт сөндіру техникасын сатып алуды жоспарлап отырғанын жариялаған болатын. Алайда біз өткен жылы Қостанайдағы өрт кезінде аталған министрліктің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, өрт сөндіру техникасын сатып алу бойынша 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы бекітілгенін, оның аясында республикалық бюджет есебінен 387 автокөлік құралын сатып алу жоспарланғанын айтқан еді. Бірақ 2021 жылы республикалық бюджет есебінен қаражат бөлінбей, өткен жылы ешқандай техника сатып алынбаған. Тек 2022 жылы өрт сөндіру қызметіне 146 өрт сөндіру-құтқару техникасы сатып алынған. Демек, орманды өрттен қорғайтын мекемелер техникаларының 20 пайыздан астамы ескі. Қостанайдағы өрт кезінде өрт сөндіру машиналарының дұрыс жұмыс істемей, су құбырлары жарылып жатқаны жайлы ақпараттың тарауы да тегін емес. Бұл мәселе осы жолы Абай облысындағы өртте де қайталанды. Алапат өрт салдарынан қаза тапқан Алексей Губаевтің жұбайы Татьяна Будюк Мемлекет басшысына сұрақ қойып, «Орман шаруашылығы филиалында жағдай үнемі осылай. Көліктерінің не қосалқы бөлшектері жоқ, не дені дұрыс техника жоқ. Үнемі бұзыла береді. Жолдасым жұмыстан шығу үшін арыз жазды, басшылық қол қоймай қойды. Неге олай істеді? Менің ойымша, бұл жағдайға орман шаруашылығы кінәлі» деп аталған салада сақталып отырған үлкен мәселенің бетін тағы бір рет ашып көрсетті.

Өрт шықпаса, жалақы өспей ме?

Техника ескі, бар техниканың өзі жарамсыз болғандықтан, өрт шыға қалса, көбінде адам күшіне ғана ­таянуға тура келеді. Бірақ сол орман қорғаушыларда да дені дұрыс, өрттен қорғайтын, ыстық өткізбейтін киім жоқ, «бес-алты жылда бір рет киім берсе берді, бермесе ол да жоқ» дейді біз тілдескен орманшылар. Оның үстіне, олардың жалақысы төмен, өрт шыға қалса, жедел жететін көлігі де жоқ.

– Ең бастысы, орман шаруашылығы мекемелерінде қызметкер жетіспейді. Себебі жалақы төмен, 75 мың теңгеге қайтіп күн көреді?! Өткен жылы өсірген болды, бірақ шарықтаған зат бағасымен салыстырғанда, ол да түк болмай қалды. Бұл – бір. Екіншіден, техникаларымыз қаусап тұр. Бұрын 7 жылда бір жаңалайтын, ал қазір 10 жылда жаңалау міндеттелген. Оның өзі атқарылмай қалады. Берген тікұшақ­тары су шашуға қабілетсіз. Үшіншіден, орман қарауылдары жаяу жүр. Бұрын мотоцикл берілетін, қазір ол да жоқ. Тау ішінде өрт болса, жедел жетудің өзі мұң, – дейді аты-жөнін жазбауымыз­ды өтінген орман шаруашылығы мекемесінің бастығы.

Абай облысындағы өрттен кейін Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова 1 шілдеден бастап орманшылардың айлығы өседі, ал материалдық-техникалық базаны 2027 жылға қарай 100 пайызға жаңарту жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, елдегі орман шаруашылығына 8,1 млрд теңге бөлінген. Ал өртті ерте анықтау жүйесіне 4,1 млрд теңге қарастырылған. «Ендеше сол қаржы қайда? Экология және табиғи ресурс­тар министрлігі қайда қарап отыр? Не тындырды? Шынын айтайық, дәл осы салаға жұмыс тәжірибесі жоқ жас бойжеткенді басшы етіп қоюдың өзі қаншалықты дұрыс?» деген сауал туындайды. Демек, Абай облысындағы өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі жауапкершілікті тең арқалау қажет.

«1 шілдеден бастап орманшылардың айлығы өседі» деген сөз де күлкілі. Сонда біздің елде өрт кетпесе, адам өлмесе өзгеріс болмай ма, жалақы өспей ме? Бір жылдан бері жауапты министрлік тексеру-зерттеу жүргізіп, жалақыны өсіру, техниканы жаңалау туралы шешім қабылдауға да болады ғой. Неге біз оқиға туған соң барып «мына салада мынадай мәселе бар екен» деп жаңа байқағандай жалпылдаймыз? Демек, бұл жолғы өрттен қатаң сабақ алмай, жауапты шенділер жазаланып, түрмеге тоғытылмай, Қазақстанда орман өрті тоқтамайды.

Орманға өрт кетуінің себебі көп, көбінесе біз табиғи жағдайды (найзағай түсу, әйнектен өрт кету) назарға аламыз. Алайда барлық өрттің себебін осы түйіндерден ғана іздеу дұрыс емес. Басқа да себептерін зерттеп, зерделеу керек. Жалақысы аз орманшы ағаш сатпағанда, орман ішінде малын бақпағанда не істейді? Мәселен, жұрт арасындағы әңгімелерге қарағанда, Қазақстанда орманнан ағаш, отын алу үшін жасыл желекке әдейі өрт қоятын қаскөйлер де бар көрінеді. Тіпті олар орманшылармен астасып та алатын сыңайлы. Өйткені біздің елде орман өртегендерге берілетін жаза тым ауыр емес, 8 жылға ғана сотталады. Бұл да ескеретін мәселе.

Тағы бір ескеретін жайт, орманды мемлекет қорғанысының маңызды бөлігі ретінде қарап, оның амандығын қорғаныс саласы да бақылауға алуы, орман арасындағы жолдарды мемлекет қорғанысы есебінен жасауды қолға алуы керек.

P.S: Орманды қорғау – әрбір азаматтың борышы. Ол – ­тіршіліктің қормалы, елдің қорғаны. Сондықтан орман өртінен сақтануға мемлекеттік деңгейде баса назар аудару керек. Бүкіл елді жайлаған жемқорлық бұл салада да жоқ емес. Әсіресе орманшылардың жалақысын көтеру – кезек күттірмейтін ­міндет. Себебі өзі ашқұрсақ, бала-шағамды қалай бағам деп уайымдап ­жүрген адам орман күзетіп те жарытпайды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button