Әлеумет

Апостиль ағайынға тұсау болды



Соңғы кездері Қытайдан келген қандастарға біздің ел «құжаттарыңды апостильден өткізіп әкел» деп талап қоя бастады. Бұл онсыз да оңтайлы шешілмей жатқан азаматтық алу мәселесін тіпті күрделендіріп жіберді.

Қытай – 1987 жылы Гаага конферен­ция­сына қосыл­ғанмен, ұзақ уақыт бойы апостиль туралы конвенцияны ратификацияламаған, осылайша құжаттарды заңдастырудың жеңілдетілген процедурасы жоқ әлемдегі ең ірі ел саналып келді. Сосын да Қазақстан мен Қытай «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартты бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 30 мамырдағы №2309 Жарлығына сәйкес қажетті құжаттарды рәсімдеп келген еді. Алайда 2023 жылғы 7 қарашада апостиль туралы конвенция Қытай Халық Рес­публикасында күшіне еніп, ресми құжаттарды заңдастыру талабы қойылды. Осы өзгеріске сәйкес, еліміздің құзырлы органдары Қытайдан келген қандастардан да неке куәлігі, туу туралы куәлігі және зейнетақы тағайындауға қажетті құжаттарға апостиль талап ете бастады. «Атамның шоты аса-аса тиеді» дегендей, кейбір өңірлерде «паспорт пен Қытай жеке куәлігін де апос­тильден өткізіп әкел» деген талапты қойған-мыс. Бұл жағдай Қытайдан келетін ағайындардың Қазақстанға келу жолын тіпті ауырлата түсті. Өйткені қандастарымыздың паспортын жинап алып, шекарадан кіріп-шығуын қатаң бақылап отырған Қытай билігі енді осы құжаттарды апостильдеудің жолын да қиындатып отыр. Яғни Қытайдағы қазақтар қоныстанған өңірлерде апос­тиль жасамайды, сондықтан ондағы ағайындар құжаттарын апостильден өткізу үшін Бейжіңге жіберіп, бір құжатқа ең аз болғанда 850 юань (56 мың теңге) төлеуге мәжбүр. Кейбір өңірлерде одан да қымбат. Бір құжатқа апостиль жасату үшін 1800 юань (118 мың теңге) төлеген азаматтар да бар. Енді есептей беріңіз, бір отбасында 4 жан болса, құжаттарын апос­тильден өткізу үшін 220 мың теңге төлейді, Қазақстанға келгеннен кейін ол құжаттарын аударту, куәләндіруден өткізу ісі тағы бар, осы шығынның бәрін қоссаңыз, бұл, әрине, көшіп келетін ағайынның қалтасына үлкен салмақ.

Ең қызығы, қандастарымыз жиі қоныстанған Шыңжаң өңірінде бұл құжаттарды қалай жасау­ды жергілікті атқарушы билік өкілдері өздері жақсы түсінбейтін секілді. Сосын да «алдымен Қазақстанның азаматтығын ал, содан кейін ғана жасап береміз» деген сияқты орынсыз талаптар қоя бастаған. Оның үстіне, басқа мемлекеттердің еліміздегі елшілік, консулдықтары өз елінен келген азаматтарға апостиль жасап бергенмен, Қытай елінің Қазақстандағы елшілік, консулы бұл құжаттарды бермейді. Демек, Қазақстанға мың бір машақатпен келген қандастарымыз апостиль үшін Қытайға қайта баруы керек боп отыр. Әрине, олардың бір реттік рұқсатпен, шекті мерзімге келгенін ескерсек, бұл талап қандастарымызға қолайсыздық тудыратыны сөзсіз.

Ең маңыздысы, «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартты бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Президентi Жарлығының күші әлі жойылған жоқ. Ол шартқа сәйкес, Қытайдан келген қандастар құжаттарды апостильдеп әкелуі шарт емес. Зейнет жасына толған қандастар өзінің жұмыс өтілін растайтын мөр басылған, қол қойылған құжат әкелсе жеткілікті еді. Бірақ бұл мәселеге байланысты бұрын біздің құзырлы орындар легализация сұраса, қазір апостиль талап етіп отыр. Бұл да жоғарыдағы шарт бойынша орынсыз талап. Демек, осы мәселелерді ескере отырып, Қытайдан келген қандастардан апостиль талап етуді тоқтатқан жөн сияқты.

Әрине, құжаттарды апос­тильден өткізу халықаралық тәжірибе екені рас. Бірақ біздің елдің заңында «қандастарды жеңілдетілген тәртіппен азаматтыққа қабылдау» деген талап анық жазылған. «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүние жүзіндегі қандастары­мыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деп Президент те баса айтқан. Ендеше заңымызға жазып, Президент өзі нұсқау беріп тұрғанда, ұлы көшке кедергі келтіретін тосқауылды «халықаралық тәжірибе» деп қорғаштаудың қажеті қанша?! Қандас халықаралық қауымдас­тыққа емес, Қазақстанға керек.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button