Мәдениет

«Ақбаянның» баяны



Бұлақтай сыңғырлаған ғажайып дауысымен халқымыздың «Ақбаяны» атанған Қазақстанның халық әртісі Мәдина Ералиеваны жұртшылық ұмыта қоймаған болар. Өнер тұнған Сыр бойынан қанат қағып, 1978 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітірген жас маман біраз жылдар Алматыдағы әдебиет және өнер институтында қызмет істейді. 1985 жылдан ғұмырының соңына дейін Алматы облыстық филармониясының жетекші әншісі болды.

Дарынды өнерпаз әп дегеннен өзінің нә­зік те сыршыл, әуез­ді дауысымен көпшіліктің сүйікті әншісіне айналды. Оның орындауындағы «Айқаракөз», «Қоғалы-ай», «Жылқы ішінде ала жүр» атты халық әндері өзгеше құлпырып, ұлттық нақыш-бояуымен тыңдарманның көңілінен жол таба білді. Әсіресе, ақын Жарасқан Әбдірашевтің сөзіне жазылған, музыкасын Қалдыбек Құрманәлі шығарған «Кірмеші жиі түсіме» атты тамаша туындыны тамылжытып орындады. Мәдинаның бағын жандырған әсем дүниенің бірі – композитор Гүлнар Дәукенованың «Сағындым, сағым жылдар» әні. Жүректің нәзік қылын шертетін мұндай әуезді әнді Мәдинадай орындайтын ешкім жоқ. Ал Мұқағалидың сөзіне жазылған Гүлнардың тағы бір «Күрең күз» әні Ералиеваның өнердегі жолын мәңгіге бедерледі.
Міне, осындай артына өшпес із қалдырған біртуар өнерпаздың бас шаһардағы Ұлттық музейдің төрінде 1970-1995 жылдары өзі пайдаланған баян аспабы тұр. Мұражай қызметкері Ләйлә Ноғайбекқызының айтуынша, бұл кұнды мұраны «Музейге сый-тарту» шарасы аясында ұлы Әрсен сыйлаған. Сондай-ақ, бұдан басқа, 2016 жылы сіңлісі Сағира Ералиева мен баласы Әрсен әншінің сахналық бас киімін, көйлегін, аяқ киімін, сөмкесін, әндері жазылған дискісін, қысқасы талантты тұлға тұтынған 10 затты мұражайға өткізген. Бүгінде оның бәрі қорда сақталған. Ұлттық музейге барсаңыз, жақсыдан қалған жәдігерлерді көруге болады.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button