Қоғам

Ақмарал апаның арманы



Есікті жүзі қазақы мейі­рімге тұнған апай ашты. Біздің іздеп келген кісіміз осы болды. Есімі – Ақмарал Идаятқызы Қамбарова. Жетпістің жотасына шыққан. Қартайдым деп қарап отырған жоқ. Сергек. Дүниедегі барлық жаңалықтан хабардар. Кеңес дәуірінде «Құрметті теміржолшы» белгісін алған қазақ қыз­дары көп болмады. Санаулы ғана болған. Сол сиректердің бірі. Барлық ғұмырын темір жол саласына арнаған.

Ақмарал апамыздың әкесі Көкшетаудың іргесіндегі шағын разъезде жолшы болып еңбек етіпті. Кішкене ғана төрт-бес үй. Онда тек теміржолшылардың отбасылары қоныс тепкен. Қыс болса олар теміржолды қалың қардан аршиды, жаз мезгілінде арам шөптер мен қоқыстан тазалайды. Бала болса да соны апамыз кішкентайдан көріп өседі. Кейде әкесіне қолғабыс етеді. Арам шөп жұлысады. Бірақ теміржолшы болам деп ойлаған емес. Өскенде адам жанын емдейтін дәрігер болсам деп армандайды. Сол мақсатпен Көкшетаудағы медициналық училищеге құжаттарын тапсырып, оқуға түседі. Оны бір себептермен аяқтай алмайды. Ақыры, арман жолы сүйрелеп, темір жолға алып келеді. Алғашқы еңбек жолын 1963 жылы Қазақ теміржолының Көкшетау бөлімшесінің статистикалық есеп секторында оператор болып бастайды.

– 1951 жылы әкем қайтыс болды. Анам шиеттей үш баламен жесір қалды. Бар ауыртпалық сол кісіге түсті. Ағам Қайролла ересектеу, қалғандарымыз кішкентаймыз. Бір-бірімізге өте бауырмал болдық. Анамызға сөз келтірмейміз. Сабақты жақсы оқыдық. Ағам Новосібірдің темір жол институтын бітіріп, ғылымға бет бұрды, жоғары оқу орнында сабақ берді. Ал Қайыркелді Алматының политехникалық институтын бітіріп, сәулетші атанды. Мен алғашында Омбы темір жол институтына түсіп, кейін тұрмыс құруыма байланысты Алматыға қоныс аударып, сол кездегі Ташкент темір жол институтына сырттай ауысып, инженер-экономист мамандығын алдым, – дейді Ақмарал апа өткен күндерден сыр қозғап.

Апамыздың жолдасы Сәбит әкеміз де теміржол саласында еңбек еткен. Екеуі бір-бірін кішкентайдан біліп, қосылған. Желілік ішкі істер органында қызмет істеген ағамыз жұмыс бабына байланысты Алматыға ауысады. Ақмарал апамыз да сондағы Қазақ темір жолы басқармасының статистика бөліміне қызметке тұрады. Жемісті жұмыс істейді. Алмалы шаһардың ортасынан даңғарадай үй алады.

Бірақ кейін елге, туыстарға жақындайық деп 1977 Ақмолаға қоныс аударады. Бүгінде Сәбит қария қуатты. Сексенге жақындаса да қайратын бермеген. Ер мінезді, ер көңілді ақсақал. Асыл жарына қамқорлық танытып отырады.

Біздің кейіпкеріміз Ақмоладағы Тың темір жолына ауысқаннан кейін алғашқы он жыл статистикалық есеп бөлімін, кейінгі он жылда ауқымдылығы артқан статистика және талдау қызметін жиырма жыл бойы басқарады. Теміржол саласындағы барлық дүниелерді есепке алу оңай жұмыс емес. Ол үшін ұқыптылық пен мұқияттылық қажет. Сол кезде Тың темір жолының басшылығында болған азаматтар үнемі Ақмарал Идаятқызын көпке үлгі етіп, мақтан тұтады екен.

– Ол кезде Тың теміржолының орталығында қазақ азаматтары онша көп болмады. Бірақ біз өз ұлтымыз­ға сөз келтірмеу үшін жан аянбай еңбек еттік. Барлық мүліктер мен инвентарлық паркті тізімдеп, Мәскеудегі Жол қатынастары министрлігінің Статистика қызметіне жібереміз. Осы қызмет барысында талай жақсыларды көрдім, түрлі халықаралық жиындарға қатыстым, бір адамдай құрметтелдім, – дейді апамыз.

2003 жылдарға дейін апамыз Қазақстан темір жолы ком­паниясының Ақмола та­сымалдау бөлімінің ста­­тистика және талдау бөлі­­мін басқарды. Содан құр­­метті зейнеткерлікке шығады.
Ол кісінің темір жол саласының статистикасын қалыптастырудағы еңбегі ерен. Талай шәкірт тәрбиелеп шығарды. Сол үздік қыз­меті үшін 1986 жылы оны «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапаттайды.

Бүгінде теміржолшы отбасының даңғыл жолын баласы Бақыт жемісті жалғастырып жүр. Ол қазіргі таңда Ақмола жүк тасымалдау бөлімшесі директорының орынбасары болып қызмет істейді. Өз ортасында сыйлы. Сәбит әкеміз мен Ақмарал апамыздың баласына көңілі толып, соған сырттай тілеулес болып отырады. Иә, ата-анаға одан артық арман бар ма?!

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button