Басты ақпаратЖаңалықтарҚала тіршілігі

АҚМЕШІТТІҢ АСТАНАДАҒЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ



Өткен демалыс күндері Астана қаласында Қызылорда облысы ауыл шаруа­шылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. «Қазақстан» спорт кешенінің іргесінде ұйымдастырылған жәрмеңкеде Сыр елінің өнімдері арзан бағада сатылды.

Ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне Қызыл­орда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Астана қаласының әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты. Олар жәрмеңкені аралап көріп, тұтынушылармен, саудагерлермен сөйлесті. Қызылорда облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жахановтың айтуынша, Сыр елі Астанаға осымен үшінші рет келіп отыр. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында облыс елордаға тағы да бір рет келеді.

– Бірінші екі күнде біз 400 тоннадан астам ауылшаруа­шылық өнімін сатып үлгердік. Жалпы біз азық-түлік өнімінің 40 түрін әкелдік. Жәрмеңкеде Сыр елінің мақтанышы, негізгі дақыл – күріш, Қызылорданың бүкіл Қазақстанға әйгілі қауын-қарбызы, Арал теңізінің дәмді балығы және басқа да өнімдер сатылуда. Нақтырақ айтқанда, 60 тонна күріш, 3 тонна жылқы еті, 1 тонна тауық еті, 4 тонна сүт өнімдері, 15 тонна балық, 20 тонна көкөніс, қияр, қызанақ өнімдерін әкелдік. Сондай-ақ 35 тонна картоп, 8 тонна сәбіз, 5 тонна ас тұзы, 40 тонна қауын, 50 тонна қарбыз, 1 тонна құлпынай, алма, алмұрт, өрік сынды тағы да басқа өнімдер бар, – деді ол.

Сонымен қатар, жәрмеңкеде Сыр елінің өнер майталмандары қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Өнер иелерінің тамаша әндері астаналықтар мен қала қонақтарына тамаша көңіл-күй сыйлады.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button