Таным

«Ақмола ақиқатынан» – «Астана ақшамына» дейін



akmola

Арқада күз…  Ақмолада ақшам туған кез… Кешқұрымғы қарбалас…  Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетінің редакциясында бір топ журналистер отырған едік. Біз отырған кабинетке газет курьері Мұрат кіріп келді. Қойнында бір бума газет. Жүзінде –  қуаныш.

«Жігіттер, «Ақмола ақиқаты» деген газет шықты. Міне, көріңдер, оқыңдар…» деп бәрімізге үлестіріп берді. Сиясы әлі кеппеген, бояу иісі бұрқырап тұрған екі-ақ парақ, ақ-қара түсті шап-шағын газетті бәріміздің қолымызғы ұстатты.

    Бірінші бетінде «Армысың оқырман!» деген мақала басылған. Редакция алқасы атынан жазылған.

   «Құрметті оқырман қауым! Қазақ баспасөзінде, Ақмола өңірінде тағы бір қазақша газет жарыққа шықты. Бұл облыс орталығы Целиноград қаласының ресми органы болмақ. Еліміздегі, сонымен қатар облыс орталығындағы жаңалықтарды, әлеуметтік-экономикалық жағдайды, қоғамда орын алатын өзекті мәселелерді жазып тұратын боламыз. Бұл іске Сіздер де, құрметті оқырман қауым белсенділікпен қатыссаңыздар нұр үстіне нұр болар еді…»  деген тілеуқор тілекті салиқалы сөз айтылыпты.

   Иә, бұл 1990 жылдың 13 қазаны – сол кездегі Целиноград қаласының тұңғыш ресми баспасөз органы – «Ақмола ақиқаты» газеті оқырманға жол тартқан күн еді.

   Қазақтың ақиық ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин негізін қалаған, енді екі жылдан кейін жүз жылдығын атайтын «Арқа ажары» (бірінші нөмірі 1917 жылы шілде айында Ақмола қаласында басылып шыққан «Тіршілік» газеті) газетінен кейін ресми баспасөз үні ретінде жарық көрген «Ақмола ақиқаты» газеті қалалық, сонымен қатар өңірлік тұрғындар үшін шын мәнінде ақжолтай қуаныш болғаны ақиқат. Жаңа басылымның тізгінін ұстаған журналистер үшін де бұл газетті шығару өте мәртебелі әрі жауапты іс болғаны айтпаса да түсінікті болатын. Осы орайда алдымен сол кездегі қала басшылығы тарапынан жасалған игі бастаманың қалай жүзеге асқаны жөнінде айтқанымды жөн көрдім. 1990 жылдан бастап бұрынғы Кеңес Одағына біріккен 15 социалистік республикада жетпіс жылға жуық жүргізілген мемлекеттік жүйенің біртіндеп қабырғасы сөгіле бастағаны белгілі. Дәл осы кезеңде қандай қиын жағдай туындайтынына қарамастан халық арасында жаңа өмірге, елдік әрі ұлттық дамудың жасампаз болашағына ұмтылыс байқалып, жұртшылық санасына тәуелсіздік ұғымы сыналап кіріп жатқан кез еді. Осындай халық рухы серпіліп, жаңа заманның лебі ескен тұста қазақ даласының кіндігінде жайғасқан қалада да айтарлықтай қарекеттер жүргізіле бастаған. Кемел келешекке көзделген сондай қозғалыстың бірі қалада биліктің ресми органы ретінде қазақ газетін ашу болатын. Бұл мақсаттың орындалуына қала басшысы – Қазақстан Коммунистік партиясы Целиноград қалалық комитетінің бірінші хатшысы Аманжол Бөлекбаев айрықша мән бергенін атап айтқанымыз абзал. Осы ретте қала басшысы алдымен газетке тәжірибелі әрі жаңа заманның талабына қарай қарекет жасай алатын қабілетті журналистер қажет екенін, сонымен қатар редакцияның материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етілуін назарда ұстады. Газетке қатысты барлық ұйымдастыру шараларына жауапты етіп өзінің орынбасары Марат Жақыповты сайлады. Әрине, бірінші кезекте жас басылымға жақсы жетекші қажеттілігі қаралды. Бұл ретте қала басшылығы облыстық газеттің басшыларымен, сондай-ақ, жергілікті ақын-жазушылармен ақылдасып-кеңесіп, жаңа газетке әрі білімді, әрі жігерлі редактор іздестірілді. Таңдау да, іріктеу де ұзаққа созылмады. Көпшілік қалауымен Целиноград облыстық телевидениесінің жас тілшісі Кенже Жұмағұлов қалалық газетке редактор болуға лайық деген ұйғарым шығарылды. Бұл ұсынысты қала басшысы Аманжол Бөлекбаев та қызу қолдады. Олай болатыны дәл осы кезеңде жас журналист К.Жұмағұлов күн сайын көгілдір экраннан түрлі ақпараттар беріп, көрерменнің көкейіндегіні қозғайтын өзекті хабарларды бірінен соң бірін нөпірлетіп беріп жүретін.

Жас журналист құрылтайшы, яғни Қазақстан Коммунистік партиясы халық депутаттары Целиноград қалалық кеңесі мен қалалық комитеті басшылығы тарапынан газетті шығаруға байланысты қойылған барлық талаптарды орындау жөніндегі әңгімелесу барысында өзінің ұстанымы мен тілектерін де ортаға салды. Екіжақты әңгіме жан-жақты жарасымды өткенімен, газет атауын таңдауға байланысты пікірталас туындайды. Құрылтайшылар әртүрлі атауларды атаса, болашақ редактор «Ақмола ақиқаты» деген атауды ұсынады. «Бұл қалай, қала Целиноград, ал газеттің атауы Ақмоламен байланысты болмақ? Басқа қалаларға қарайық, «Вечерняя Москва», «Вечерняя Алма-Ата», «Тошкент окшоми», «Вечерняя Киев»… тағы-тағы солай жалғаса береді деген пікірлер айтылады. Осындай пікірталас қызған шақта К.Жұмағұлов «Ерте ме, кеш пе қаланың тарихи атауы қайтарылады. Бұл жер ертеден Ақмола атанып келген, байқасаңыздар, КСРО-ның бірқатар қалаларына байырғы атаулары қайта беріліп жатыр. Қажет десеңіздер, тізіп берейін. Сондықтан, жаңа газетке Ақмола атауын берсек өте орынды болады деп есептеймін. Егер бұл ойымды бұрыс десеңіздер, онда мен өз жұмысымда жүре берейін. Ешкімге ренжімеймін» деп көңілдегі бар ойын, жүрекжарды пікірін ашық айтады. «Горкомда» өткен бірінші жиналыс осылай аяқталып, түптеп келгенде, ештеңе түбегейлі шешілмей тарқасады. Келесі күні әңгіме әуені тіптен басқаша өрбиді. Қала басшысы жас редактордың пікірін де, батылдығын да қолдап газетті «Ақмола ақиқаты» деп атауға өкім береді. Осылайша 1990 жылдың 13 қазан күні «Ақмола ақиқаты» газеті оқырманға жол тартады.

    Қала басшылығы ғимаратының (қазіргі Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театры) бірінші қабатындағы екі бөлмеге «Астана ақшамы» және «Городские новости» газеттерінің редакциясы қатар орналасады. «Астана ақшамы» газетінің редакторы Кенже Жұмағұлов бірінші нөмірді дайындау барысында көптеген газет-журналдарды ақтарып, қалайда жаңа газеттің тұсаукесер санын баянды етіп шығаруға күш салады. Қарауында екі-ақ журналист. Бірі ақынжанды газетші Еділ Демеуқұлов болса, екіншісі жас журналист – Жұмагүл Сәтмұхамбетова. «Ақмола ақиқаты» газетінің тұңғыш санын осы үшеуі дайындап, жарыққа шығарды. Бір аптадан кейін редакция құрамына әуесқой фототілші Орынбай Балмұратов қосылады. Жаңа газеттің шығуы Ақмола жұртшылығы үшін шынымен де қуанышты оқиға болып табылды. 1990 жылдардың соңында елімізде егемендік елес емес, көп кешікпей шындыққа айналатын ақиқат екені айқындала бастаған кезең болғаны анық. Бұрынғы Кеңес одағына қараған елдерде ұлттық салт-дәстүрлер ұлықталып, мектептер мен балабақшалар ашылып, оқу орындарында жергілікті тілде білім беру үрдістері үделеп жүргізіле бастаған. Ақмола қаласында да жаңа заманға қарай бұрылған іс-шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу, қазақ театрын ұйымдастыру секілді жұмыстарға қаланың белсенді азаматтары мен жастары жұмыла кірісті. Қоғамдық ұйымдар құрылып, оның мүшелері ел ортасында болып, балаларды қазақ мектептері мен балабақшаларына беру жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Осындай ұлттық мүдденің қамын ойлаған игі жұмыстардың ортасында, әрине, алдымен журналистердің жүргені айқын. Ал ақпарат айдынына енді түскен «Ақмола ақиқаты» газеті болса осындай ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп жұмыс жүргізетін тұста ұйымдастырушылық  шаралардың орталығына айналғандай еді. Қаладағы өнерпаз студент жастар үшін қалалық газеттің редакциясы құтты бір шығармашылық клуб секілді болатын.

   Алғашқыда аптасына бір рет шығып тұрған газеттің оқырмандары бірден қалыптаса бастады. Бұл ретте редакция авторлардың мақаласын басып шығаруға ықылас таныта білді. Ұлы Отан соғысының майдангері, зейнеткер ұстаз Сейілбек Усин, еңбек ардагері Мұстақым Бөкеев, өлкетанушы Клара Әмірқызы, еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Бақтыбай Мырзабекұлы,  облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы Қабыкен Закариянов, белгілі құқықтанушы Қайрат Кенжеболатов,   «Целиноградсельмаш» зауытының цех бригадирі Айтпай Мүкеев, ақын-ұстаз Несібелді Иманова, «Тіл және мәдениет» қоғамының жетекшісі Әнуарбек Ералы, «Азат» партиясының Ақмола облыстық бөлімшесінің жетекшісі Жоламан Ахметов, шойын құю зауытының жұмысшы Мұхамедқали Мақубасов сынды азаматтар жаңа газеттің тұрақты авторлары болды. Қаладағы жоғары оқу орындарының оқытушылары Жанкелді Шымшықов, Елтай Шаханов, Қанат Қалиев, Тимур Алтаев, жігерлі жастар Ұласбек Сәдібеков, Серік Нұрсағатов, Сәкен Нұрышев, Тоғайбек Рысбекұлы және басқа да көптеген жігіттер ұлттық салт-дәстүрлерімізді, ана тілімізді насихаттау және жандандыру қозғалысына белсене қатысатын. Осы орайда түрлі тақырыпта қалам тартқан авторларға және белсенді жастарға газет ұжымы аса құрметпен қарайтын. Сондықтан болар, газеттің алғашқы жазылу науқанында оқырмандар тарапынан белсенділік көрінді. 1990 жылдың 12 желтоқсан күнгі санында редакция алқасы «Оқырман назарына!» тақырыбымен қала тұрғындарына арнаған үндеу жариялады:

    «Құрметті оқырман «Ақмола ақиқаты» газетінің редакциясы сіздерге Қазақ ССР Министрлер кабинетінің Баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитеті газетімізге мерзімдік басылым ретінде тіркеу куәлігін бергендігін қуанышпен хабарлайды. Қала өмірінің барлық тыныс-тіршілігін жазуды өзінің негізгі бағыты етіп ұстаған басылымның алғашқы жеті шығарылымы қолдарыңызға тиіп оқыдыңыздар.

    Болашақта да біз облысымыздың саяси-әлеуметтік және экономикалық орталығы болып табылатын қала жаңалықтары мен проблемаларын оқырман ортасына шығарып, жан-жақты хабардар етуді мақсат тұтудамыз.

   Газетіміз қалың оқырман қауымға арналғандықтан, оның бетінде түрлі салаларда еңбек етіп жүрген адамдардың да ой-пікірлері кеңінен жарияланады. Сонымен қатар, өздеріміз үлкен сенім артып депутат етіп сайлаған халық қалаулылары мен қалалық Советтің жүргізіп отырған жұмыстары мен жіберіп отырған кемшіліктерін де толық бақылап отыруға газет мүмкіншілік жасайды.

   Қорыта айтарымыз, жаңа шығып, алғашқы қадамын енді ғана басқан газетіміздің сүйенері де, сенері де өздеріңіз, құрметті қала тұрғындары! Сондықтан газетті жаздырып алуға асығыңыздар!

   «Ақмола ақиқаты» газетіне қаламыздағы барлық байланыс бөлімшелерінде жазылуға болады. Жылдық бағасы – 8 сом».

   Осылайша газет оқырман арасындағы байланыс нығая берді. Уақыт өте бере қалалық газет тек қана дүңгершектерден сатылып қоймай, жаңа жылдан бастап үй-үйлерге, кәсіпорын-мекемелерге де тарала бастады.

   Жас газеттің, жаңа газеттің күн санап оқырман арасындағы беделі арта түсіп, журналистер тарапынан да қызығушылық байқала бастады. Облыстық газеттің тәжірибелі қаламгерлері де қалалық газетке мақала жазып, бір жағынан қолдау білдіріп отырды. Газет редакторы жас газетке қажет-ақ болып тұрған жас журналистерге назар аудара жүріп, бірнеше жігіттерді жұмысқа тартты. КазГУ түлектері Бейбіт Оспанов пен Тұрсынбек Әбдуов еңбек жолын осы газетте бастаса, Целиноград мемлекеттік педагогика институтының филология факультетін бітірген Қуат Мақашев та қалалық газеттің көрнекті тілшісі айналды. Сонымен қатар әр салада жүрсе де жазуға қабілетті болған Нұрболат Бекетаев, Қатимолла Ахметжанов, Нұрбек Жақанов, Қанат Мақышев, Базарбек Түкібай сынды азаматтар да «Ақмола ақиқаты» газетінің алғашқы жылдарында өлшеусіз еңбек сіңіргенін атап айтамыз. Ал газеттің техникалық тұрғыдан жасақталуына жауапты хатшының міндетін атқарған Ерболат Тілеубергенов, корректорлар Айсұлу Қасымова мен Тұрсын Есілбаева, машинистка Күләш Сәдуова, есепші Күлмира Жолтабарова айтарлықтай үлес қосты. Ал Кәкібай Жүсіпов пен Табыл Құлиясов сынды журналистика ардагерлері қалалық газеттің сапалы әрі мазмұнды шығуына өзіндік көмектерін көрсете білді. Майдангер-жазушы Әскен Нәбиев пен Қамилаш Қабышұлы, көрнекті ақын Нұрғожа Оразов, «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Жомарт Әбдіхалық пен белгілі журналистер Жылқыбай Жағыпарұлы, Ескермес Иманбаев, Смағұл Рахымбеков, Амантай Есілбаев, Мұратбек Тоқтағазин, Ескендір Ертай, облыстық әкімшіліктің жауапты қызметкері Жанат Түгелбаев, университет оқытушысы Сәруар Қамаева, білім беру ісінің үздігі Оспан Сүлейменов, оқытушы-бапкер Айсұлтан Жақыпбеков сынды қаламыздың белсенді азаматтары өздерінің қызметтерімен санаспай жас басылымның қанаттанып кетуіне ықылас танытып, оқырманға ой салар шығармаларын газетке ұсынып жүрді.

    Жыл өткен сайын саны да, сапасы да арта түскен қалалық газетке артылатын жүктің де салмағы ауырлай берді. Газет қалада, сонымен қатар республикада болып жатқан қоғамдық-саяси оқиғалардың бәрінен оқырманды құлағдар етуге жұмыла жұмыс жүргізді. 1991 жылы Кеңес Одағына қараған республикалар бірінен соң бірі егемендігін жариялай бастады. Мұндай тарихи сәтті біздің халық та асыға күткені мәлім. Міне, сол алты алаштың жұрты ғасырлар бойы аңсаған азаттық таңы атқанда халқына, қалың оқырманына алғашқылардың бірі болып сүйіншілеп хабар таратқан да осы «Ақмола ақиқаты» болған еді. «Ақ түйенің қарны жарылған» осындай мың жылда бір болатын тарихи күн туралы жазу да, сондай ақжолтай ақпаратты тарату қаламгердің де, баспасөздің де бақыты десек болатын шығар. Олай болса, «Ақмола ақиқаты» газетінің де тәуелсіздік шежіресіне өз қолтаңбасын қалдырғаны сөзсіз.

   Газет жылнамасына қарасақ, жас газеттің тағы бір тарихи оқиғаға айтарлықтай белсенді қатысуы – қалаға Ақмола атауын қайтаруға байланысты жүргізген қарекеті болды. Атап айтқанда, 1990 жылдан бастап айтулы тақырыпта газет тілшілерінің, қоғамдық тілшілер, яғни штаттан тыс авторлар, қарапайым оқырмандардың мақалалары тұрақты жариялана бастады. Газеттің бастамасынан  ұшқын алған үрдіс бүкіл республика жұртшылығына ой салып, бұқаралық күреске  ұласты. Осылайша, халықтық тақырыпқа айналған Ақмола атауын қайтару мәселесі 1992 жылы шілде айында түбегейлі шешімін тапты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Целиноград қаласының атауы қайтадан Ақмола болып аталды. Бірнеше жыл қатарынан күн тәртібінен түспеген  халық қалауы осылайша Президент пәрменімен жүзеге асырылды. «Ақмола ақиқаты» газетінің ұжымы бұл күні қос қуанышқа қатар кенелді десе де болады. Біріншіден, қаланың тарихи атауы қайтарылса, екіншіден алдын ала аталған газет атауының ақталғаны болды.

   Қаланың тоқсан түрлі тіршілігін оқырманға жеткізіп, жыл санап тәжірибесі толыса түскен «Ақмола ақиқаты» газетінің ел шежіресіндегі тағы бір айтулы оқиғаның бел ортасында болғаны және осы ғаламат жобаның тұрақты ақпараттандырушысы атанғанын әлі күнге дейін мақтанышпен айтамыз. Ол Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы идеясының жүзеге асырылуы болды. Бұл, біле білсек, ел елде, жер жерде тоқыраудың салдары әлі толық тарқалмаған, экономикалық тығырықтан шығудың жолын іздеген кезеңде Елбасымыздың саяси көрегендікпен әрі батылдықпен қабылдаған шешімі болды. 1994 жылы 6 шілде күні Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінде  тұңғыш рет өзінің мақсатын, яғни республика астанасын Ақмола қаласына көшіру жөніндегі ұсынысын халық депутаттары алдына шығарды. Мемлекет басшысының бұл ұсынысы көпшілік дауыспен қабылданғанымен, қарсылық танытқандар да болғаны жасырын емес. Алайда, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беру, тәуелсіздік тұғырын нығайту мақсатында қабылданған Президенттің бұл стратегиялық шешімінің дұрыстығына көп ұзамай-ақ көпшіліктің көзі жете берді. 1997 жылдың  20 қазан күні ҚР Президентінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Арада екі апта өткенде Қазақстанның мемлекеттік рәміздері  Мемлекеттік ту,  Елтаңбасы және Президент штандарты Ақмолаға жеткізілді. Қала орталығындағы Президент ордасы – бұрын облыс әкімшілігі отырған Кеңестер үйі алдындағы алаңда осы оқиғаға арналып өткен салтанаттан газетіміздің бірінші бетіне репортаж берген  едім.

                                  «Ақмолада ел туы желбіреді!

   1997 жылдың 8 қарашасы күні ел астанасы мәртебесін алған Ақмолаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер эталондары мен Президент байрағы салтанатты жағдайда жеткізілді.

   Осы күні таңертең Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда Парламент депутаттарының, Үкімет мүшелерінің, қоғам және мәдениет қайраткерлері мен арнайы шақырылған қонақтардың алдында сөз сөйлеп, еліміздің мемлекеттік рәміздер эталондары мен Президент байрағын жаңа астанаға аттандыруға бұйрық берді. Түстен кейін Елбасы жайғасқан ақшаңқай «Боинг» ұшағы қасетті Ақмола топырағына табан тіреді. Ұшақ баспалдағынан түсіп келе жатқан мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлымен оның зайыбы Сароа Алпысқызын ақмолалықтар қошеметпен қарсы алды. Ақмола облысының  әкімі Жәнібек Кәрібжанов,  Премьер-министр Нұрлан Балғынбаев, Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев, Сенат төрағасы Өмірбек Байгелди, Мәжіліс төрағасы Марат Оспанов,  жаңа астана Ақмола қаласының әкімі Аманжол Бөлекбаев және басқа да ресми адамдар қарсы алды.

   Дәстүрге сай нан, тұз ұсынылғаннан кейін жергілікті айтыскер ақын Сайлау Байболсынов Елбасына жыр-шашу арнады. Осыдан кейін халқымыздың салтына орай Президентті ақ киізден өткізу салтанаты жасалды.

    Президенттің арнайы тапсырмасы бойынша жаңа астанаға жеткізілген мемлекетік рәміздер эталондары мен Президент байрағын табыс етуге арналған салтанатты рәсім 15.00-де басталып та кетті. Оны облыс әкімі Ж.Кәрібжанов кіріспе сөзбен ашты. Осыдан кейін Республикалық ұланның бас қолбасшысы Сәт Тоқпақбаев Алматыдан жеткізілген мемлекеттік рәміздер эталондарын Президентке табыс етті. Осы сәтте зеңбірек дауысының қуатты дүмпуі дірмен бергендей мемлекетіміздің көк туы Президент ордасының үстінде желбірей көтерілді. Желбіреп көтерілген көк байраққа қарап қалған жұрттың бет-әлпетінен терең толғаныс, шабытты қуаныш реңі айтпай-ақ көрініп тұрды.

   Салтанатты рәсімде сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев:  – Астана мәртебесіне ие болған қасиетті Ақмоланың жұлдызды сағаты соқты, – деп бастады өз сөзін.  – Бұлай деуімнің өзіндік сыры бар, – деді Елбасы  – Ақмола өз тарихында  маңызы орасан зор талай қоғамдық-саяси оқиғалардың куәсі болған қала. Қазақтың қасиетті мекені болған Сарыарқа төсіндегі бұл қала даңқты тың игеру кезіндегі талай жұрттың өкілдерін жатсынбай бауырына басқан, құтты мекеніне айналған қастерлі қала. Ендігі жерде ол тәуелсіздікті нығайтудың, мемлекеттікті орнықтырудың, әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғырулардың кіндігіне айналмақ. Және оның біздің мұратымызды ойдағыдай іске асыруға жәрдемдесеріне көзіміз әбден жетеді. Ендеше, тың игеру кезіндегіден бір кем түспейтіндей іс жасап, өажыр-жігер, ықылас пен ынтымақ танытуымыз керек. Бүгіннен бастап Астана тұрғынына айналған ақмолалықтардыңосындай биік тұрғыдан көрінетініне сенеміз.

   Елбасы сөйлеп болған соң сөз алған ақмолалықтар астананың Ақмолаға көшірілуіне өз ризашылықтарын білдіріп, бұл ел өміріндегі аса маңызды да тарихи оқиға екендігін айтты. Жасы  90-нан асқан  қадірменді қарт Мұқат Мейірманұлы бастаған бір топ астаналық ақсақалдар  жаңа астананың кемелді келешегіне ақ жол тілеп, баталарын бағыштады. Президенттің иығына шапан жауып, жаңа астананың қасиетті кілтін табыстады.

    Мемлекеттік жоғары деңгейде өткізілген әскери парадты көрген жұртшылықтың ел қорғаны – жауынгерлердің салтанатты шеруіне риза болғанын аңғардық. Осы салтанатқа арнап ұйымдастырылған театрландырылған қойылымның маңызды да қызықты өтуі, астаналық деңгейге сай өткені көңілге қуаныш ұялатты.

    Міне, ардақты ағайындар, кешегі сөз, ұсыныс бүгінде іске асты. Қасиетті Ақмола қазақ халқының бас қаласына айналды. Құтты болсын мәртебең әз Ақмола! Егеменді еліміздің болашағы баянды болғай! Ел деп соққан жүректің тілегі, халықтың қалауы да осыған саяды».

     Ал 10 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Президенті бастаған мемлекет басшылығы Ақмола қаласына ресми қоныс аударып,  Нұрсұлтан Назарбаев жұртшылық алдында Ақмола қаласын Қазақстанның жаңа астанасы деп салтанатты жағдайда жариялады. Осы күні Әділбек Жақсыбеков  жаңа астананың әкімі болып тағайындалды.

   Өз басым осы бір ел тарихындағы айрықша оқиғаларға қатысып, туған қаламыздың ел астанасы болып жарияланған сәті туралы ақжолтай мақала жазғанымды ерекше мақтан етемін.

    Әрине, небары екі жүз мыңға жуық тұрғыны бар бұрынғы облыс орталығынан мемлекеттің бас қаласын тұрғызу оңайға түспейтіні кімге болса да түсінікті еді. Дегенмен Елбасының мақсаткерлігі мен жігері Есілдің сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысын бастауға серпін берді. Ақмола арнайы экономикалық аймағы құрылып, іске кірісті. Қала басшысы Әділбек Жақсыбековтың өкімімен Қазақстан Республикасының жоғарғы және орталық мемлекеттік органдарды Ақмолаға көшіру жөніндегі комиссияның  төрағасы міндетін атқарған Фарид Галимов қала әкімінің-Ақмола арнайы экономикалық аймағы Әкімшілік кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Асқар Мамин  қала әкімінің орынбасары-Ақмола арнайы экономикалық аймағы Әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды.  Астана құрылысының бас жоспарын әзірлеуге әлемге әйгілі жапон архитекторы Кисо Курокава шақырылды. Атақты сәулетші басқа да танымал сәулетшілермен бірлесіп, Елбасының бағыттауымен жаңа қаланың келбетін жасады. Сөйтіп  сан ойланып, мың толғанып жасалған жоспар негізінде жас елордамыздың алғашқы қазықтары қадалып, жазық даланың топырағы қопарылып, ғасыр құрылысының қазаны сақырлап қайнай бастады. Сол алып құрылыстың әрбір жаңалығы мен жақсылығы жайында «Ақмола ақиқаты» газеті де жүйелі жазуға кірісті. Астана мәртебесіне қарай жаңа айдарлар ашылды.  Газет бетінде астана құрылысы туралы репортаждар, мемлекет қайраткерлері мен саясаткерлердің аналитикалық материалдары, өнер және спорт жұлдыздарымен сыр-сұхбаттар, қала тұрғындары мен меймандарынан сауалдамалар тұрақты жариялана бастады.

    1998 жыл елорда дамуының тарихына айрықша беттер қосты. Астаналық газетке бас редактор болып Жұмагүл Саухат тағайындалды. Облыстық газетте едәуір қызмет атқарған білікті журналистке газет құрылтайшылары, яғни қала басшылығы тарапынан  жаңа мақсаттар қойылды. Әрине, ең басты міндет астаналық мәртебеге сай жұмыс жүргізу,газетті  республикалық деңгейге көтеру болып табылды. Ал сол кездегі редакция басындағы он адаммен мәртебелі міндетті орындау  мүмкін емес еді. Дегенмен редакция тізгінін қолға алған күннен бастап  Ж.Саухат алдымен газеттің мазмұны мен көркемдік безендірілуіне аса көңіл бөлді. Ол үшін алдымен қаламы жүйрік журналистер, баспасөздің бесаспап мамандарын газетке тарту қажет болды.  Дәл осы жауапты тұста Алматыдан ақмылтық журналист Жанболат Аупбаев астаналық газеттің шақыруын құп алып, жас елорда газетінің жаңа сипатта дамуына  айрықша үлес қосты. Еліміздің әр аймағынан ағылып келіп жатқан жаңа астаналықтардың қатарында журналистер қауымы да болғаны айқын. Міне, сол арман қуған қаламгерлердің көпшілігі бас қаланың бас басылымына қызметке кірісіп жатты. Жылдың алғашқы жарты жылында-ақ редакцияға еліміздің шығысынан да, батысынан да, оңтүстігінен де, солтүстігінен де келген бас-аяғы он бес журналист газет тілшісі куәлігін алды. Бұл бірінен бірі өткен жүйрік те, жүрдек журналистердің арасында редакция табалдырығын алғашқы болып талдықорғандық  Талғат Батырхан аттады. Содан кейін атыраулық Темірхан Рамазанов, ақтөбелік Өріс Яшүкірқызы,  оралдық Таңатар Төлеуғалиев, жезқазғандық Айтқадыр Тілеуов, алматылық Ерғазы Әсембеков, Монғолиядан келген Бекен Қайратұлы мен Жандос Бәделұлы, көкшетаулық Жанғали Хасенов, жамбылдық Мақсат Жанқұлиев, қызылордалық Амангелді Қияс, оңтүстікқазақстандық Ерлібай Қадырбаев, ақмолалық Гүлбаршын Мамырайымова мен Сағат Ошақбаев, талдықорғандық Асқар Құмарбай,  алматылық Ғабит Абзалбек, торғайлық Азамат Есенжолов  сынды журналистер қосылды. Жоғары білімді, көзі қарақты корректорлар Роза Түгелбаева мен Шынар Жақыпова да газеттің қатесіз шығуына қалтқысыз қызмет көрсете бастады. Бұл құрамдағы қыз-жігіттер астаналық газеттің қалың оқырманның сүйіп оқитын басылымына айналуына айрықша үлес қосқанын ерекше атап өткім келеді. Бәрі де бір бірімен жарысып, қызықтырып, қызғандырып жазатын журналистер болды. Желтоқсан көшесіндегі екі қабатты ғимаратта орналасқан редакция үйіне Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көшіп келді. Өзіміз еркін сия алмай отырған жерге министр Татьяна Коржова мен  жүздеген адамның қалай сиғанын қазір есіме түссе қайран қаламын. Бірақ бұл Астанаға ұлы көштің басталған шағы еді, сондықтан бәріне төзетін, көшіп келушілерге қолымыздан келгенше көмек көрсететін кезіміз еді.

   «Ақмола ақиқаты» газеті 1998 жылдың 10 сәуір күні оқырман қолына «Ақмола ақшамы» деген жаңа атаумен тиді. Газеттің жаңа талаптарға сай жанданып шығуына Астана әкімінің орынбасарлары, жас елорданың қалыптасу кезеңінде өте жауапты міндеттерді атқарған Николай Тихонюк, Ахметолла Шәкіров,   Төлеген Мұхамеджанов, Нұрлан Нығматулин, Қайрат Назарбаев, әкімнің баспасөз хатшысы Сәдібек Түгелдің қолдауы мен жанашырлығы шексіз болды.

   Алаштың ардақты тұлғасы Ахмет Байтұрсыновтың «Газет халықтың көзі, құлағы Һәм тілі» деген қанатты сөзін еске алсақ, «Ақмола ақшамы» газетіне осы бір кезеңде елге танымал көрнекті жазушылар мен ақындар, саясаткерлер мен өнер тарландары  жан-жақты рухани көмек көрсеткеніне куә болдық. Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Тұрсынбек Кәкішев, Дүкенбай Досжанов, Фариза Оңғарсынова, Мұзафар Әлімбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Шаханов, Нұрлан Оразалин, Қалдарбек Найманбаев, Ақселеу Сейдімбек, Алдан Смайыл, Уалихан Қалижан, Сәбит Досанов, Арғынбай Бекбосын, Ербол Шаймерденов, Сейіт Кенжеахметұлы, Қонысбай Әбіл,  Серік Тұрғынбекұлы, Дихан Қамзабекұлы, Толымбек Әбдірайым, Шәрбану Бейсенова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Айман Мұсақожаева сынды әдебиет және өнер қайраткерлері азат елдің елордасынан алғашқы ақпараттарды тарататын астаналық газетке тілеуқор болып, ізгі ниетті мақалаларын беріп, рухани демеу көрсетті. Осындай көрнекті тұлғалардың шығармаларын оқыған оқырманнан талай алғыс естідік.

   1998 жылды 6 мамыр күні ҚР Президентінің жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді. Астана қаласында Алматы және Сарыарқа аудандары құрылды. Осы шешімге орай көп кешікпей газет атауы да «Астана ақшамы» болып аталды.

   Ендігі кезекте күн санап сәулеті мен дәулеті өркендеп, Отанымыздың жүрегі болып соға бастаған бас қаламызды әлем алдында таныстыру мақсатында Астана қаласының халықаралық тұсаукесер рәсімін өткізу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Осы мақсатта қала басшысы Әділбек Жақсыбековтың  «Астананың тұсаукесер рәсіміне әзірлену мен оны өткізу жөніндегі штабтың жедел тобын құру туралы» өкімі шықты. Сөйтіп жас Астанамыздың тұңғыш тойына дайындық басталып кетті.

   «Астана ақшамы» газеті үшін бұл өте жауапты науқан болғаны сөзсіз. Халықаралық тұсаукесер мерекесіне шетелдерден мыңдаған арнайы меймандар мен журналистер келетіні алдын ала белгілі болғандықтан астаналық газеттер негізгі ақпарат көзіне айналатынын басылым басшылары терең түйсініп, жаңа айдарлар мен идеяларды айқындады. Сөйтіп елордамыздың тұңғыш тойы – халықаралық тұсаукесеріне арналған  мерекелік нөмір алты айқара бетпен 9 маусым күні «Басталды!», «Еңсең биік болсын, ел ордасы!», «Бүгіннен мәңгіге – бас қала»  айдарларымен жарыққа шықты. Ал той барысын тілшілер тобы түгелдей қамтып, Астана мәртебесін биікке көтеріп, меймандар алдында мерейін өсіріп көрсетті. Қазақ елінің жаңа елордасы Астана қаласының  тұсаукесеріне мейман болып келген Түркия Республикасының Президенті Сүлеймен Демирел, Қытай Халық Республикасы делгациясының басшысы Хуан Чжэньдун, Ресей Федерациясының өкілі И.Рыбкин, ТМД атқарушы хатшысы Борис Березовский,  Украина Президенті Леонид Кучма, Әзербайжан Президенті Гейдар Әлиев, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғыз Республикасының Президенті Асқар Ақаев, Түркіменстан Республикасы Парламентінің төрағасы Сахат Мурадов және басқа да саясаткерлер мен қайраткерлер  Астанаға және оның бас архитекторы Нұрсұлтан Назарбаевқа ыстық  лебіздерін жеткізді. Газеттің тойтарқар нөмірінде шетелдік туристер мен журналистердің тілектері мен ойлары да жарияланды.

    1999 жылдың 16 шілде күні Астана мерейін өсірген тағы бір қуанышқа кенелдік. Осы күні Боливия астанасы Ла Пас қаласында өткен салтанатты форумда ЮНЕСКО-ның «Қалалар бейбітшілік үшін» халықаралық сыйлығының қорытындысы шығарылып, Азия аймағы бойынша берілетін сыйлық Қазақстанның жас елордасы Астана қаласына берілді. Осы күннен бастап Астана  «Бейбітшілік қаласы» деген атаққа ие болды. Мәртебелі сыйлықты қала әкімінің орынбасары Қайрат Назарбаев бастап барған делегация Астанаға жеткізіп, елордалықтар 6 тамыз күні осы мәртебелі қуанышты салтанатпен атап өтті. Бұл ақжолтай жаңалықты да алдымен таратқан «Астана ақшамы» болды. Түптеп айтқанда, елорда газеті жас елордамыздың төрткүл дүние алдында өткен тұңғыш тойын да, халықаралық жүлдеге ие болған мерейлі табысын да тарих жылнамасына түгендеп жазып қойды.

     Газет ұжымы үшін үлкен сынақ болған 1998 жылдың соңында баршамыз бауыр басып қалған қадірменді қаламгер Жанболат Аупбаев ағамыз ел газеті «Егемен Қазақстан» газетіне шақырту алып, Алматыға қайта оралып кетті. Қазақ баспасөзінің майталман мамандарын жақсы білетін Жұмагүл Саухат қарап қалған жоқ,  Алматыдан көрнекті жазушы әрі белгілі газетші Дидахмет Әшімханұлын шақырды. Осылайша біз қазақтың тағы бір талантты қаламгерімен қоян-қолтық жұмыс істедік. Өр мінезімен, өнегелі ісімен бізді өзіне тез баурап алған Дидаға да газет тіршілігіне көптеген тың бастамаларды енгізіп, қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Жайсаң жайлау, жаз пейіл бола отырып, жұмыс барысындағы келеңсіздіктерге төзбейтін абзал аға біздің көбімізге сөз құдіретін тереңінен түйсінуді үйретті. Жұмыстан тыс кезде бәрімізбен аралас-құралас жүрді. Осындай қабілет-мінезімен көпшілікке жаққан жазушы ағамыз өкінішке қарай «Астана ақшамы» газетінде бес-ақ  ай жұмыс істеген екен. Өзінің елордада, оның ішінде «Астана ақшамы» газетінде жұмыс істеген кезеңі жайлы 2010 жылы «Астана» журналына берген сұхбатында  былай деп есіне алыпты: «…99-дың ақырған ақпанында, мына менің екі аяғымды Астанаға топ еткізген. Обалы нешік, бұған тікелей мұрындық болған – сол кезде бірі – Алтынбектің оң жағында, бірі – «Егеменнің» төр басында отырған Әлібек пен Сауытбек еді. Дәлірегінде былай: Менен бір жыл бұрын Астанаға жетіп алған белгілі журналист Жанболат Аупбаев 98-дің аяғына қарай «Егеменге» Бас редактордың орынбасарлығына шақырылып, «Астана ақшамындағы» бірінші орынбасарлығынан босаған тұста, сол орынға жаңағы достарым мені туралап жіберген ғой. Сөйтіп Алматыдағы «Түркістанның» бірінші орынбасарлығынан «Астана ақшамының» бірінші орынбасарлығына қонжидым ғой. Бас редактор – мен сонау 75-тің желтоқсанынан білетін қазақтың белгілі қаламгер қызы Жұмагүл Саухатова. Басшы ретінде алғашқы күннен байқағаным – ер мінезді, бірсөзді, мәрт адам екен. Қол астындағыларға қолынан келген жақсылығын аямайды. Шығармашылық жұмысқа келгенде, әрбір журналисті жылы сөзімен, әділ бағасымен үнемі қанаттандырып отырады. Өзінен кейінгі басшы ретінде маған барлық ерікті берген. Идея, ұсыныстарымды қолдап қана қоймай, оларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндікті жасауға барын салатын.Соның арқасында өзім де құлшына жұмыс істеуге ұмтылатынмын. Ал сол кездегі редакция қызметкерлері туралы сөз тіпті басқаша. Мен осы уақытқа дейін қаншама ұжыммен жұмыс істесем де, дәл сондағы «Ақшамның» қыз-жігіттеріндей айтқаныңды айтқан күйінде, тапсырмаңды тас-түйін түрінде орындап шығатын елгезек те ар-ұятты жандарды еш жерде кезіктірмеген шығармын. Әрине, әрбір жерде ондай адамдар болады, бірақ ұжымның тұтастай сондай болуы сирек жағдай ғой. Сол «Ақшамдағы» Өріс, Ерғазы, Талғат, Айтқадыр, Бекен, Ғалым, Сағат, Амангелді сынды қаламдастарымды мен әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Және оларды ылғи да сағынып жүремін. Бір қызығы, мен олармен небәрі бес-ақ ай жұмыс істеппін. Алайда, сол бес айдың жаңғырығы жадымнан да, жан-жүрегімнен де ешқашан өшпек емес…».

   Газет бетінде жарық көрген «Гүлжанға сенсек – Тұран –бейден түңілесіз…», «Отыз үйдің ойбайы», «Бағана басында жанғат жігіт», «Жат төсегін жатсынбай…»  атты мақалалар өзектілігі мен өткірлігі тұрғысынан тек қана қалалық оқырман емес, республика жұртшылығын да толғандырып, пікірсайыс туындатты. Мәселен, тілші Т.Төлеуғалиевтің қазақ қызы Гүлжанның басындағы проблеманы, атап айтқанда түрік құрылыс компаниясы өкілінің жұмысқа енді орналсқан қызға  қорлық көрсетпек болған әрекетін әшкерелеп жазған мақаласы түрткі болып, заң органдарының араласуы арқылы шетелдік азаматқа айып салынып, елімізден шеттетілген.

    Өкінішке қарай астаналық газеттің қалыптасу кезеңінде айшықты ізін қалдырған Дидахмет аға, секретариаттың қара жүгін көтерген Ерғазы аға, жазғаны маржандай Төлеген ағамыз бұл дүниеден ерте өтіп кетті. Бәрінен тәлім алғандықтан, сондай-ақ сыйластығымыз жарасып жүргендіктен болар осы ағаларым есіме түскен кезде көңілім кәдімгідей құлазып сала береді. Жайсаң адамның жақсылығы ұмытылайды екен-ау.

   Біле білсек, қуаныш пен өкініш қатар жүретін бұл жалғанда жан-жағыңдағы адамдарға, өзің тіршілік етіп жүрген қоғамға титтей де болса жақсылық жасап жүрсең онда өміріңнің зая өтпегені. Сондықтан өзім ширек ғасырға жуық қызмет істеп келе жатқан «Астана ақшамы» газетінде әр жылдарда әріптес болған азаматтардың бәрі де мен үшін ыстық көрінеді.

   2001 жылдың басында газет басшылығына белгілі журналист Мағжан Садыханұлы тағайындалды. Табиғатынан өнерлі әрі іскер азамат бірінші кезекте газеттің көркемдік келбетін жетілдіруге кірісті. Редакцияның материалдық-техникалық жағдайын жақсартуды қолға алды. Бас редактор түрлі себептермен басқа жұмысқа  ауысқан журналистердің орнына жас тілшілерді қабылдай берді. Осы кезеңде «Астана ақшамының» құрамына Дастан Кенжалин, Төлеген Жәкітайұлы, Қымбат Тоқтамұрат, Сұлугүл Бакесова, Әдебиет Жұманов, Арман Әмен, Рима Әбеуова, Амангелді Құрмет, Даниел Шайынғазин, Құралай Рахымбаева секілді дарынды жастар қосылды. Ал ұзақ жылдар облыстық газетте істеген тәжірибелі журналистер Амангелді Жұмабеков пен Төлеген Ілдебаевтың «Астана ақшамы» газетіне келгені елордалық басылымның әдеби-көркемдік сапасын тіптен көтеріп жіберді. Бірі ақын, бірі прозаик қаламгерлер жастарға шынайы тәлімгер де бола білді.       Бас редактор газет тек қана ақпарат беретін құрал болып қалмай, қаланың әлеуметтік-мәдени өміріне қатысушы да болуы керек деген қағиданы ұстанды. Құрылтайшылар мен демеушілердің қолдауымен өнер сайыстарын,  шығармашылық байқаулар мен спорт жарыстарын ұйымдастыру үрдісі қалыптасты. Астана және Тәуелсіздік күні мерекелеріне арналған шығармашылық байқауларға тек қана қалалық емес, сондай-ақ республика өңірлерінен де оқырман қауым қызығушылық танытты.   «Астана ақшамы» газетінің жүлдесі үшін бірнеше жыл қатарынан қазақ күресінен жасөспірімдер арасында өткізілген республикалық жарысқа еліміздің барлық аймақтарынан жас балуандар қатысып, елордамызды көріп-білуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары арасындағы футбол турнирін де журналистер асыға күтетін болды. Жыл соңында газетте жарияланған үздік мақалалар авторларын марапатау рәсімі де оқырманның олжасына айналды. Осындай газеттің шығармашылық жұмысынан тыс шараларды ұйымдастыру арқылы  оқырмандар қатары көбейе түсті. Ең бастысы – газет қаланың рухани өмірін жандандыруға, өткізілген шаралар арқылы елордамыздың мәртебесін айшықтауға өзіндік үлес қосты. Белсенді қызметімен көріне білген Мағжан Садыханұлы қалалық мәслихаттың депутаты болып та сайланды.

   2003 жылы Баспасөз күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Журналистика Академиясының  «Алтын жұлдыз» ұлттық сыйлығы «Астана ақшамы» газетіне берілді. Бұл сыйлықты елордалық басылымның Астана мәртебесін  жан-жақты ашып көрсетудегі шығармашылық еңбегіне берілген жоғары баға деп қабылдадық. Ал газет басшысы Мағжан Садыханұлы газет жұмысын ұйымдастырудағы және жеке шығармашылығындағы жетістігі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.

   Күн өткен сайын сәулеті мен дәулеті қатар өркендеген елордамызда «Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» бағдарламасы аясында  облыс күндері өтетін дәстүр қалыптасты. Бұл шараның барысында еліміздің әрбір аймақтары белгіленген мерзімде Астанаға келіп, өздерінің мәдени шараларын, сонымен қатар азық-түлік жәрмеңкелерін өткізетін болды. Елбасының бастамасымен қолға алынған бұл шаралар екі жаққа да тиімді болғаны сөзсіз. Біріншіден, аймақ тұрғындары арман қалаға айналған Астананы көруге және күн санап халқының саны арта түскен қала жұртшылығын азық-түлікпен қамтамасыз етуге көмек көрсетеді. Бұл тақырып, яғни Қазақстан аймақтарының Астана қаласындағы күндері шараларын біздің «Астана ақшамы» газеті тұрақты назарда ұстап, айтулы үрдістің тиімділігі жөнінде және облыстардың елордаға деген ықылас-пейілдері жайында жазып отырды.

    Елордалық газетке 2006 жылдың соңында еліміздегі көрнекті газетші, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Нұртөре Жүсіп келді. «Жас алаш», «Ақжол» секілді танымал газеттерде талай жылдар істеп баспасөздің жілігін шағып, майын ішкен жалынды  журналист астаналық газетке бірден жігерлі серпін әкелді. Газетте тек қала әкімдігінің тірлігі жазылып қоймай, Үкімет пен Парламент қабырғасында елдік тұрғыда көтеріліп жатқан мәселелер де жан-жақты жазыла бастады. «Айтары бар адамдар», «Аталы сөз»  айдарлары аясында еліміздегі белгілі саясаткерлердің, қаламгерлердің, өнер қайраткерлерінің мақалалары жиі жарияланды. Әсіресе, елдік әрі ұлттық мүддені жақтаған, осы ретте орын алып жатқан келеңсіздіктер жөнінде өткір сынға құрылған  мақалалар басылды. Ақпарат айдыны арқылы алысты көздейтін бас редактор қала басшылығы тарапынан қойылған міндеттерді абыроймен атқару үшін қарымды да қарулы кадр қажеттілігін алға шығарып, баспасөздің майталман мамандарын, сөз қадірін қастерлейтін қаламгерлерді өз командасына тартты. Бас редактордың бірінші орынбасары болып жүрген менің орныма филология ғылымының докторы, өткір қаламды журналист Бауыржан Омарұлын шақырды. Осы жағдайларға байланысты бас редактор менімен сөйлескенде, өз басым бұл ұйғарымды қос қолдап құптадым. «Біздің газетке атынан ат үрікетін әдебиетші-ғалым келіп жатса, онда газетіміздің бағы жанғаны» ғой деп қуанғанымды жасырмадым. Олай дегенім, күн санап мәртебесі көтеріліп келе жатқан Астананың даму қарқыны қарыштай түскен, сондықтан астаналақ газетке де талап-тілек артқан. Жаңа ой, жаңа серпін қажет еді. Алты жылдай «Қазақстан теміржолшысы» газетіне редактор болған Талғат Батырхан да қайтадан елордалық газеттегі орынбасарлық қызметіне оралды. Редакцияның шаруасын шыр көбелек айналдырған Ғалым Омарханов та осы кезде жұмысқа кіріскен еді. Сондай-ақ газеттің шығармашылық тобын  білікті жауапты хатшы Зәуреш Нұғыманова, жас журналистер Нәзира Байырбек,  Гүлмира Аймағанбет, Еркеғали Бейсенов, Шынар Досанова,  фототілшілер Жарас Қожахметов пен Нұрғиса Елеубеков толықтырды.

   Елорда газетінің Қытайда және Еуропада меншікті тілшілері іске кірісті. Шанхайдан Дәурен Омаров, ал Прагадан Салтанат Әуесбекова түрлі тақырыптағы мақалаларын тұрақты жіберіп тұрды.

   Осы кезеңде «Астана хабары» атауымен шығып тұрған газеттің 2007 жылдың  27 наурыз  күнгі нөмірі мерекелік сипатта жарық көрді. Бұл күні оқырман қолына газеттің 2000-шы нөмірі тиді. Осы бір мерейлі белеске орай Астана қаласының әкімі Асқар Мамин, еліміздің әдебиет және өнер қайраткерлері, әріптес ұжымдар атынан құттықтау лебіздерін арнады. Ал газет ұжымы өз ой-тілектерін газет атауымен байланыстыра өріп «2000 – нөмір» деген тақырыпта мынандай бас мақала жариялады:

    «Айшықты жылдармен ілгері самғаған, арайлы таңдарға үмітін жалғаған, өмірдің жарқын жолдарын таңдаған «Астана хабары» – елдіктің тінісің, халықтың үнісің. Оятқан адамзат санасын, әспеттеп ардақтар Алашың 2000 нөмірлі саныңмен, ертеңге қол созып барасың.

   Сүйенер халықтың тірегі, тоқтаусыз соғатын жүрегі «Астана хабары» –елдіктің кеңіткен тынысын, мерейлі газеттің бірісің. Болғанмен ғұмырың бір күндік, ғибрат сөздерің мың күндік.

   Тағдырдың бір өзі шешетін, ел болу үшін де өсетін «Астана хабары» – бірлікпен жалғадың халықтың арасын, шежіре тарихты қазақтың даласын. Жарқыра көңілдің шамындай, кірлемес намысы, арындай. Артыңда қалдырдың жайсаң бір іздерді, өзгерсе тек қана атауың өзгерді.

   Айдарлы елімнің айбынын асырған, бақ құсы ұшпаған басынан «Астана хабары» – қоғамның айнасы, көзісің, жақсылық жаршысы – сөзісің. Тың ойдың қозғайсың тұнбасын, қалың ел сырласар сырласың.

   Нар жүгін көтерер қайратың бар бүгін, әділдік туысың қолында арлының «Астана хабары» – қазақтың сағы бұл сынбасын, тілімнің асқақтат тұлғасын. Ұлтымның тағдырлы талайын, шежіре бетіңнен табайын.

   Атқарған ісі мол ел үшін, халықтың кеңейткен өрісін «Астана ақшамы» – абызды данадай көсілген, ұлтжанды ұрпақты өсір сен. Жүрек бер оларға халқым деп соғатын, тек солар құрасын өркенді ел санатын.

   Халыққа қамқоршы, ақылшы атанған, газетсің қалмаған қатардан «Астана хабары» – дидарың өзгеше, ел сені іздесін, басылым іздесе. Шешіле сөйлесең, кемел бір данасың, қамыққан көңілдің шаясың наласын.

   Астана мерейін көтеру мәртебең, тастайтын халыққа айшықты ой терең. «Астана хабары»  – мұратқа жетеле кемелді еліңді, жәннатқа бөлей бер жұмақтай жеріңді. Жан-жақты дамыған өркенді ел десін, бақыты күн санап биікке өрлесін.

   Бар ұлттың бірлігін достықпен байлаған, шуақты жүздері шаттықпен жайнаған «Астана хабары» – рухани тірексің соларға бұл күнде, болмаса сол егер, ел болу мүмкін бе?! Ешкімге жағынып, жалынбай, жануы үшін де жалындай.

   Атағы, даңқы да жасайтын мәңгіге, елорда – Астана таусылмас әңгіме. «Астана хабары» – жаңарған ажарың, сүйіп бір оқитын газетсің қазағың. Қалма тек заманның  ағымды көшінен, өмірден алатын мол болсын несібең.

   Рәмізді, тәуелсіз елің бар мақтанар, ісің де соған сай аз емес атқарар. «Астана хабары»  – жақсылық жаршысы бола бер жаңылмай, бола біл халқыңның намысы, арындай. Болатын ұлағат әр сөзің, әр ізің, бұл сенің ұстанар мұратың және де парызың.

   Ырыс-құт орнаған, жандырған бағы бар, ел десе бүгінде көп жұртқа танымал «Астана хабары» – бұл сенің үлесің, уақыттың тынысын тап басып жүресің. Халықты, еліңді әрдайым демейсің, мерейің асқақтап, табысың көбейсін!».

   Елордалық газеттің мәртебесін көтеріп, сан-сапасын арттыруға Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ерекше мән берді. Мерейлі нөмірдің шығуына, жалпы басылымның даму үрдісіне орай газет ұжымына мынандай тілегін жеткізген еді.

    «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген қанатты сөз бар. Демек, күнделікті шығып жататын басылымдар әр жылдың тарихын жасайды десек абзал. Солардың қатарына 1990 жылдың 13 қазанында «Ақмола ақиқаты» атауымен жарық көрген, кейіннен «Ақмола ақшамы», «Астана ақшамы», бүгінде  елордасының белді де беделді, тартымды да ажарлы басылымына айналған «Астана хабарын» жатқызуға болады.  Өзінің 16 жылдан астам жарық көріп келе жатқан кезеңінде «Астана хабары» газеті ұлтымыздың тілі мен ділін, мәдениеті мен өнерін, жалпы рухани жан жүниесін жарқырата жазып көрсетуімен қатар, қала тұрғындары мен алыс-жақыннан келіп жатқан меймандарды Астанамыздың саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуын жан-жақты таныстыруда шығармашылық қарымы алымды ұжым екендігін көрсетіп келеді.

    Мінекей, бүгін айтулы газеттің 2000-шы нөмірі жарық көріп отыр. Сондықтан да елорда шежіресі атанып отырған «Астана хабары» газетінің ұжымын осынау атаулы оқиғамен шын жүректен құттықтай отырып, журналистердің қаламы ұшқыр, шығармашылық ізденістері мен талпыныстары биік өреде болсын деп тілеймін!».

   Газет басшыларының беделіне қарай осы жылдары газетке көрнекті әдебиетші-ғалымдар түрлі тақырыптағы мақалаларын жиі ұсынатын болды. Дихан Қамзабекұлы, Серік Негимов, Ханкелді Абжанов, Зиябек Қабылдинов, Әміржан Әлпейісов, Сейітқали Дүйсенов  және басқалары газет мазмұнын байытып, оқырманның қызығушылығын арттыруға атсалысты.

   Елордалық басылымды жаңа идеялармен толықтырған бас редактор Нұртөре Жүсіп пен Бауыржан Омарұлы 2008 жылдың басында басқа қызметке ауысып кетті. Талғат Батырхан бастаған шығармашылық ұжым жұмысты әрі қарай жандандырып, елорда төріндегі тіршілікті түгелдей тарих жылнамасына жазуды жалғастыра берді.

    Көктемде Астанаға жаңа әкім тағайындалып, газет басшылығына да жаңа редактор келді. Алдағы жазда Астананың 10 жылдығы мерекелеуге қызу дайындық жүріп жатқан тұста елорда әкімі болып іске кіріскен Иманғали Тасмағамбетов қаланың барлық құрылымдарына атқарылар міндеттерді айқындау барысында  газетке де үлкен сенім жүктеді. Ал бас редактор міндетін қолға алған Амантай Шәріп ғылымдағы шығармашылық жетістіктері үшін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанған, әдебиет пен журналистиканы қатар игерген қаламгердің өзі. Ғылыми жұмыстағы тиянақтылығы газет шығару барысында бірден аңғарылды. Ол үшін газет бетінде қате жіберу – өте өрескел кемшілік саналды. Журналистерге де, корректорларға  да алдымен сол тазалық талабын қойды. Осы ретте өз басы өнегесін көрсетті. Газеттің жарыққа шығуға әріленіп жатқан әр бетін түбіне дейін түгендеп оқитын. Қажет болған жағдайда түнімен отырып мақала жөндеуге қала беретін. Бұл үрдіс қызметкерлерге де әсер етпей қоймады. Жазатын тілшілер де, қатесін тексеретін корректорлар да  жазуы мен оқуына мұқият қарайтын болды. Амантай Шәріп редакцияның қандай жоспары болсын көпшілікпен кеңесіп отырып қарағанды қалайтын. Қай тапсырма, қай мақала болсын өте маңызды немесе ұсақ-түйек деп талғамайтын. Осы кезеңде газетке тәжірибелі қаламгерлер Мақсот Ізімұлы мен Раушан Төленқызы, Айгүл Уайсова, талапты жас журналистер Ерболат Қамен, Гүлжан Рахман, Айнұр Шошаева, Асхат Райқұл, Серікгүл Сұлтанқажы, фототілші Сұлтан Сейітов қосылды.

   2008 жылы Астана күні мерекесі айрықша аталып өтілді. Астана – Отанымыздың жүрегі болып соққанына 10 толуына орай сан-алуан саяси-әлеуметтік, мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылып, мерейлі салтанатқа шетелдерден де көп меймандар келді. Осындай жауапты шараны ұйымдастыру және өткізу шараларына «Астана ақшамы» газеті де айтарлықтай үлес қосқаны анық.

  Редакция алқасында «Елорда тойы ел тойы» жобасы жасалып, Астана күніне дейінгі және мерекелеу барысында атқарылатын шығармашылық жоспар айқындалды. Әр тілшіге елорданың даму үрдісіне қарай бағдарлы тапсырмалар жүктеліп, мерейлі мерекенің әзірі мен мәзірі күнбе-күн жазыла берді.

   2004 жылдың басында «Астана хабары» болып аты өзгеріп кеткен газетіміз 2008 жылы 7 тамызда  бұрынғы атауы «Астана ақшамы» атауымен жарыққа шықты. Бұл ұйғарымға байланысты редакция атынан газеттің бірінші бетінде «…Астана ақшамы» атандық» деген аңдатпа мақала жариялады.

    «Ақмола ақиқаты», «Ақмола ақшамы», «Астана ақшамы», «Астана», «Астана хабары», «Астана ақшамы»…

   1990 жылдың 13 қазанында алғашқы саны жарық көрген газетіміздің аты айналасы он сегіз жылдың ішінде осыншама рет өзгергенін көзі қарақты көпшілік жақсы біледі. Әрине, мұның объективті және субъективті себептері де жоқ емес. Оның бәрін жіпке тізіп, ақ-қарасын айыра жіліктеп жатудан әсте аулақпыз.

   Біздің айтпағымыз, оқырман тілегіне орай құрылтайшыларымыз қуаттап, Мәдениет және ақпарат министрлігі мақұлдап, газетіміз «Астана ақшамы» деген өзінің бұрынғы атауын қайтарып алды.

   Редакция журналистерінің ендігі міндеті – еңсесі биік елорданың бұл үнжариясын республиканың ақпарат кеңістігінен ойып орын алар орны бар байыпты басылымға айналдыру. Оқырманның рухани олжасы болуға лайық жақсы дүниелеріміз көбейіп жатса, ойдағы мақсатымыздың орнындалғаны.

   Ендеше, шығармашылық ұжымы шыңдалған «Астана ақшамының» айы әмісе оңынан туып, айтқан сөзі алты Алаштың аузында жүргей».

   Осы кезеңде газет басшысы қала әкімдігімен журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде келісімдер жүргізіп, соның нәтижесінде Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов қаланың тұрғын үй қорынан редакцияның тоғыз қызметкеріне пәтер кілтін ұстатты. Бұл жан-жақтан келіп, елордалық газеттің «отымен кіріп, күлімен шығып»  жүрген журналистер үшін бақытты сәттер болғаны сөзсіз.

   Елорда әкімдігінің қолдауымен «Астана ақшамы» газеті кітапханасы сериясымен елорданың айшықты мерекесіне арналған деректі – көркем-иллюстративті кітаптар шығарыла бастады. Астана күні мерекесіне арналған алғашқы кітап «Бағаналы орда, басты орда» аталып, онда Қазақстанның жас елордасы және Елбасы туралы отандық және шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлері, әлемге әйгілі саясаткерлер мен кәсіпкерлер, өнер және спорт тұлғаларының ойлары мен пікірлері, тілектері мен лебіздері берілді. Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 65 жылдығына орай ұйымдастырылған «Менің атам – майдангер» шығармашылық байқауының үздік мақалаларынан құралған кітап та көпшіліктің көңілінен шықты. Тәуелсіздік күніне арналған «Біздің ел осындай» байқауына келіп түскен шығармалар да кітап болып басылды. Айтулы байқауларға тек қана астаналық оқушылар қатысып қоймай, еліміздің түпкір-түпкірінен шығармаларын ұсынғандар болды. Астананың мерейлі мерекесіне арналған «Ақ ордалы елорда» басылымында бас қалада бой көтерген сәулетті ғимараттар туралы баяндалды. Осы кітаптардың бәрі қала деңгейінде өткен түрлі шараларда естелік сыйлық ретінде ұсынылды.

   2010 жылы «Астана ақшамы» газетінің жарыққа шыққанына 20 жыл толды. Осы айтулы датаға орай оқырмандармен кездесу, бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Газеттің негізі қаланған уақыттан бері қалам тартып келе жатқан тұрақты авторларға «Астана ақшамы» газетінің құрметті тілшісі» арнайы куәліктері табыс етілді. Олардың арасында Ұлы Отан соғысының майдангері Сейілбек Усин, еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Еркін Дәуешұлы, тарихшы-мұғалім Хасен Масғұтұлы, екінші топтағы мүгедек Арман Әубәкіров болды. Газетіміздің 20 жылдығына  орай  «Ақмола ақиқатынан» – «Астана ақшамына» дейін атты мақала жаздым. « …………………………………………….»

   Бас қала басылымы тарихындаңы ең елеулі оқғаның бірегейі 2010 жылдың 1-2 желтоқсан күндері Астанада өткен Еуропа Қауіпсіздігі Ынтымақтастығы Ұйымының (ОБСЕ) Саммиті болды. Бұл аса беделді халықаралық ұйымның алқалы жиынына отыз мемлекеттің басшылары, жеті елдің  Премьер-министр орынбасарлары, он төрт министр, ЕҚЫҰ-на мүше және оған әріптес елдердің, халықаралық және аймақтық ұйымдардың лауазымды тұлғалары қатысты. Екі күн бойы өткен Саммит жұмысы тікелей эфир арқылы көрсетілді. Осындай еліміз үшін аса маңызды сын болған әрі мемлекеттік мәртебемізді  асқақтатқан айтулы форумның жұмысын көрсетуде  елордалық «Астана ақшамы» газеті де жан-жақты жұмыс жүргізді. Саммиттің мән-мағынасы жайлы алдын ала материалдар жарияланып, жиынның өту барысынан репортаждар. алыс-жақын елдерден келген делегация мүшелерімен тікелей тілдесулер ұйымдастырылды.

   Елордалық газеттің аса көңіл бөлген оқиғаларының бірі 2011 жылдың басында Астана мен Алматы қалаларында өткен ҮІІ қысқы Азия ойындары болды. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған осынау ауқымды жарысқа Азияның ең үздік спортшылары қатысып, бұл форумды төрткүл дүниенің жанкүйерлері тамашалады. «Астана ақшамы» байрақты бәсеке басталмай-ақ дүбірлі доданың мән-мағынасын, дерек-дәйектерін күнбе-күн оқырман назарына ұсынып отырды. Астана мен Алматы газеттері бірлесіп «Азиада – 2011» айдарымен ақпараттар алмасу жобасын жүзеге асырды. Біздің тілшілер Астанадағы, алматылықтар Алматыдағы сайыстардан жедел хабар беріп тұру желісін жүзеге асырдық. Азиадаға алып құрлықтың 27 елінен спортшылар қатысып, 11 спорт түрінен сайысқа түсті. Еліміз бен елордамыздың мерейін өсірген ойындарда Қазақстан құрамасы  тұңғыш рет Қытай, Жапония және Корея құрамаларын артқа тастап, командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Ел мәртебесін өсірген Азия ойындарының салтанатты жабылу рәсімінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Біз спортты бейбітшілік пен достықтың мерекесіне айналдырдық. Бұл Азиада қазақ елінің абыройын асқақтатып, елдік рухымызды серпілтті. Қазақстанның мақсаты мен рухы төрткүл дүниеге таныла түсті.  Қазақстан жоғары деңгейдегі жарысты өткізуге қабілетті континенттік елдер қатарына қосылды. Байрақты бәсекеде еліміздің намысын қорғаған спортшыларға айрықша алғысымды айтамын. Біздің спортшылар командалық есепте тамаша нәтижелер көрсеткеніне қуаныштымын. Сіздер ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тамаша тарту жасадыңыздар!»  деп атап өтті.  Ал Азия Олимпиадалық Кеңесінің вице-президенті Тимоти Фок мырза «VІІ қысқы Азия ойындары өте сәтті өтті. Қазақстанның табысы біздің жадымызда ұзақ сақталады. Мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа, ұйымдастыру комитетіне, волонтерлерге, журналистерге, Астана мен Алматы тұрғындарына Азиаданы өткізуді қолдағандары үшін және көрсеткен қонақжайлығы үшін алғысымды білдіремін» деп ағынан жарылды.

    Бұл тарихи ойындар, ондағы абыройлы  жеңіс туралы «Астана ақшамы» жүздеген репортаж, мақала, сұхбат, суреттемелер жариялады. Қазақстан тарихында тұңғыш рет өткізілген ауқымды спорттық  форумды жан-жақты насихаттағанымыз және баспасөз бетінде жариялағанымыз үшін «VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі дирекциясы  және Астана қаласы әкімдігі атынан алғыс алдық.

  Айшықты оқиғаларға толы болған жылдың соңы егемен еліміздің торқалы тойымен түйінделді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аталып өтілді. Айтулы мерекеге орай «Астана ақшамы» газеті «Қарышта, Тәуелсіз Қазақстан!» ұранымен  32 беттік арнайы нөмір шығардық. Егемен еліміздің жиырма жылдағы Тәуелсіздік тарихнамасын жасадық. Ел мен елорда өміріндегі ең елеулі шараларға арналған газет нөмірлеріне бас мақала жазатын Талғат Батырған, әдеттегідей, бұл жолы да «Жасампаздықтың жиырма жылы» аты мақаласын ұсынды.

   «Ежелден еркіндік аңсаған ел едік.

   Тағдырдың талай тар жол, тайғақ кешуінен өттік.

   Бірде шыңға шықтық, бірде құзға құладық.

   Дұшпанымызға қатал, досымызға мейірімді болдық.

   Отан үшін отқа түстік.

   Күймедік…

   Бағымыз бар екен!

   Алла жарылқап, алдымыздан ақ күн туды.

   Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздік таңы атқанын көрдік.

   Дербес мемлекет атанып, дегенімізге жеттік.

   Төрткүл дүниеге танылдық.

   Елбасымыз таңдап, ел-жұртымыз қалап Сарыарқа төсінде самаладай Астана салдық.

   Салқар Еуразияның саяси эпицентріне айналдық.

   Шартарапта тарыдай шашыраған қандастарымыз атажұртына ағылды.

   Өркениет көгіне өрмелеп келеміз.

   Егер егемендік алмағанда…

   Екіталай күй кешкендей екенбіз.

   Оны ойласаң, төбе шашың тік тұрады.

   Бостандық пен бодандықтың арасы жер мен көктей!

   Тәуелсіздік тарихы – таусылмайтын тақырып.

   Азаттықтың алтын бастауларын ана замандардан іздеген абзал.

   Алаштың ар-намысы үшін атқа қонған асыл текті Абылай, егеулі найза қолға алып елін қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батырлар, ақ патшаның оқпаны толы от қаруынан қаймықпай қайқы қылышпен қасқая шапқан Кенесарыдай кесек тұлғалар, ұлтының ұлы мұраттары үшін күрескен Әлихан, Ахмет, Міржақыптай арыстар, Кеңес өкіметінің солақай саясатына қарсы көтерілген желтоқсан қаһармандары халқымыздың жадынан ешқашан өшпек емес.

   Отаны ондай ұл-қыздарын ұмытпайды.

   Қазақстанды әлемдік қауымдастыққа мойындатқан жиырма жыл жан жадыратар жасампаздықтарға толы болды.

   Айтып тауыса алмайсың.

   Көктей шолып көрелік.

   Мемлекетіміз өркендеп, мерейіміз өсті.

   Ақорданың айбыны асты.

   Тұлпар мініп, ту ұстаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев дүние жүзінің дүлдүл саясаткерлерінің қатарына қосылды.

   Еліміз аман, жұртымыз тыныш!

   Кең байтақ республикамызда тату-тәтті өмірсүріп жатқан әртүрлі ұлт өкілдері өз Президентіні есімін мақтанышпен атайды. Өйткені олар осынау аумалы-төкпелі аласапыран уақытта Қазақстан атты алып кемені аман-есен алып келе жатқан байсалды басшымыздың еңбегін жоғары бағалайды. Ұлт көсемінің ұлы мұраттарды көздейтін көшелі істері көпшіліктің көз алдында.

   Жүректерге жылылық сыйлаған жиырма жыл нұрлы келешегіміздің берік негізін қалағаны анық.

   Жақсы бастамалар жалғаса бергей!

   Елдігіміздің ерек тойы құтты болсын!

   Қарыштай бер, Қазақстан!».

   2012 жылдың басында редакция басшылығында өзгеріс болып, құрылтайшылар ұйғарымымен бас редактор қызметіне жас журналист Ерболат Қамен тағайындалды. Газетке келгеніне екі-үш жылдай болып қалған, соңғы жылдары жауапты хатшы  болып жүрген, көзі қарақты журналист жаңа міндетін редакцияның, сонымен қатар қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін қолға алудан бастады. Құрылтайшыларға газеттің сапасын жақсарта түсу үшін бірінші кезекте еңбекақыны көбейту, техникалық құрал-жабдықтарды жаңарту, редакцияны басқа ғимаратқа көшіру қажеттілігін жете жеткізіп, ұсынымдарын өткізді. Осы ретте құрылтайшының ұсынысына  қалалық мәслихат қолдау білдіріп, редакция қазынасына қосымша қаражат бөлінді. Сөйтіп журналистер жалақысы көтеріліп, редакцияға жаңа көлік алынды. Көп ұзамай көршілеріміз «Вечерняя Астана» газеті редакциясымен бірге Есілдің сол жағалауына қоныс аудардық. Елордамыздың бойтұмары болған «Бәйтерек» монументінің жанындағы «Нұрсая» тұрғын үй кешені ғимаратының  бірінші қабатына жайғастық. Кең дәліз, кең бөлмелер… Есіктен шықсақ оң жағымызда «Ақорда», алдымызда биші фонтаны  атқылаған сулы-нулы жасыл бульвар, сол жағымызда «Бәйтерек». Ескі қаладағы ескі театрдың сыртқы қалтарысында отырып әбден басылып қалған еңсеміз осылайша бір-ақ күнде көтеріліп шыға келді. Қаладағы әріптестеріміз де бұл қуанышымызға ортақтасып, құтты болсын айтып жатты.

    Газетке  келгелі елімізге елеулі, халқымызға қалаулы болып жүрген мемлекет және қоғам қайраткерлерімен дүркін-дүркін сұхбаттар құрып, ұлттық менталитетке құрылған мақалаларды жариялаған Раушан Төленқызы 2012 жылы Журналистер күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне беретін сыйлығы-грантына ие болды.  Ал жас та болса өмірдің өзекті мәселелерін, ұлттық мүдденің мән-мағынасын айқындаған, қазақ тарихы мен мәдениетін жаңғыртуға құрылған көптеген кесек мақалалар жазған әріптесіміз Назира Байырбек ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Бұл жетістіктер де газет ұжымының ортақ жеңісіндей болды десек қателеспейміз.

 Ғалым ҚОЖАБЕКОВ




Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button