Таным

Мақтанатын мәселе емес

Отан отбасынан басталады. Сол бір кішігірім отанымыздың іргесі биік, босағасы берік болуы екі жасқа да байланысты. Ата-бабаларымыз он үш – бірінші мүшел жас деп, балаларын осы жаста ересекке теңеп, отбасы деген үлкен жауапкершілікті артқан. «Он үште отау иесі» деген осыдан шықса керек. Бірақ бұл сөздің мағынасын тура түсінушілер қатары жыл санап көбейіп барады.

[smartslider3 slider=1708]

Отбасын құру – үлкен іс. Ер мен әйелдің құқықтарының қысқарып, ортақ міндеттерінің екі еселенуі. Бұл іске барынша салмақтылықпен қарап, некенің маңызын түсіну керек. Бірақ қазіргі қоғамда махаббатқа бастары айналып, ерте үйленіп жатқандардың саны артуда. Айтпағым, ерте некенің ертеңі бұлыңғыр. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтпаған шығар. Жас отау тіккендер уақыт өте отбасылық өмірдің ауыр жүгі иықтарына түскенде өз шешімдерінен айнып, некелерінің қателік болғанын, сезімдерінің жалған екенін түсініп жатады. Ал мұның соңы ажырасумен бітеді. Сарапшылардың зерттеулерінше, ерте неке құрғандардың 90 пайызға жуығы ақырында сәтсіздікке ұшырайды екен. Сонымен қатар 2019 жылғы статистикаға сүйенсек, кәмелет жасына толмай некеге тұрған қыздардың саны 984 болса, жігіттер саны 70-ке тең. Тіпті мемлекеттің заңмен тыйым салуына қарамастан бұл сандар азаятын емес. Ерте жаста отбасы құрғандар бұл шешімдеріне махаббат арқау болды дейді. Өздерінің үйленгенін, жүктілігін жасырмай, керісінше, Instagram желісінде жар салуда. Тіпті кездесіп, отбасы болуының ертегідегідей әдемі оқиғаларын айтып беріп жатады. Қазіргі жастар мұндай істерімен кімдерге еліктеуде? Осы тәтті ертегі артында қандай сыр жатыр? Хайп па? Әлде кәмелетке толмай отбасын құру трендке айналып бара ма? Мүмкін ерте жүктілік болар? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне жүгінсек, әлемде жыл сайын 16 миллион кәмелетке жетпеген қыз жүкті болып қалады. 15 пен 18 жастағы 3 миллион бойжеткен жасанды түсік жасатады. Олардың қатарында қаракөз қазақ қыздары да бар. Елімізде 2020 жылдың бірінші жартысының өзінде ерте жүктілік 3398 қызда анықталған. Бұл, атап өткеніміздей, 15-18 жас аралығындағы қыздар. Осындай жас отбасы құрғандардың бірнешеуіне тоқталып кетсек. Л. атты кейіпкеріміз Instagram желісінде тойынан бір-екі үзінді мен жарының суреттерімен бөліскен екен. Ал «жа-сыңыз нешеде?» деп сұрағанымызда «13» деп қысқа қайырды. Келесі кейіпкерлеріміз өздерінің жасын ай, күніне дейін (18.03.04/31.03.04) жасырмай жазып та қойған. Парақшасына кірсеңіз, көзіңізге түсері айна алдындағы сурет. Ол суретте кәмелет жасына толмаған қыздың жүкті екені бірден байқалады. 8-інші айы екен. Ал постында былай деп жазады: «16 жаста жүктілік қалай болып жатыр? Иә, барлығы таңғалады қиын емес пе, ұят емес пе, әлі ерте ғой деп…». Жас қыздың мектептегі білімнен гөрі махаббатты жөн көргені сөздерінен кеткен қатеден байқалады. Болашақта ажырасу мәселесімен бетпе-бет келсе, білімсіз ана не істемек? Ал пост астындағы пікір білдірушілерді екі санатқа бөлуге болады. Бірі «Не сұмдық? Әлі ерте емес пе? Ата-анаң қайда қарап жүр? Заман не болып барады…» десе, енді бірі бақыт тілеп, қолдап жатыр. Шынымен де, заман не болып барады? Отбасын құру үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ал ақ пен қараның аражігін ажырата алмайтын жастардың отбасылы өмірге аяқ басуы дұрыс емес. Ерте жаста неке қию – сіз бен бізді алаңдатар мәселенің бірі.

Жансая АСЫЛБЕК,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button