ӘлеуметТаным

«АҚМОЛА АҚИҚАТЫНАН» «АСТАНА АҚШАМЫНА» ДЕЙІН



 акшам-1997
 (Жалғасы.Басы №82,85)

1998 жыл елорда дамуының тарихына айрықша беттер қосты. Астаналық газетке бас редактор болып Жұмагүл Саухат тағайындалды. Облыстық газетте едәуір қызмет атқарған білікті журналистке газет құрылтайшылары, яғни, қала басшылығы тарапынан жаңа мақсаттар қойылды. Әрине, ең басты міндет астаналық мәртебеге сай жұмыс жүргізу, газетті  республикалық деңгейге көтеру болып табылды. Ал сол кездегі редакция басындағы он адаммен мәртебелі міндетті орындау  мүмкін емес еді. Дегенмен, редакция тізгінін қолға алған күннен бастап Ж.Саухат алдымен газеттің мазмұны мен көркемдік безендірілуіне аса көңіл бөлді. Ол үшін алдымен қаламы жүйрік журналистер, баспасөздің бесаспап мамандарын газетке тарту қажет болды.  Дәл осы жауапты тұста Алматыдан ақмылтық журналист Жанболат Аупбаев астаналық газеттің шақыруын құп алып, жас елорда газетінің жаңа сипатта дамуына айрықша үлес қосты. Еліміздің әр аймағынан ағылып келіп жатқан жаңа астаналықтардың қатарында журналистер қауымы да болғаны айқын. Міне, сол арман қуған қаламгерлердің көпшілігі бас қаланың бас басылымына қызметке кірісіп жатты. Жылдың алғашқы жарты жылында-ақ редакцияға еліміздің шығысынан да, батысынан да, оңтүстігінен де, солтүстігінен де келген бас-аяғы он бес журналист газет тілшісі куәлігін алды. Бұл бірінен бірі өткен жүйрік те, жүрдек журналистердің арасында редакция табалдырығын алғашқы болып талдықорғандық Талғат Батырхан аттады. Содан кейін атыраулық Темірхан Рамазанов, ақтөбелік Өріс Яшүкірқызы, оралдық Таңатар Төлеуғалиев, жезқазғандық Айтқадыр Тілеуов, алматылық Ерғазы Әсембеков, Монғолиядан келген Бекен Қайратұлы мен Жандос Бәделұлы, көкшетаулық Жанғали Хасенов, жамбылдық Мақсат Жанқұлиев, қызылордалық Амангелді Қияс, оңтүстікқазақстандық Ерлібай Қадырбаев, ақмолалық Гүлбаршын Мамырайымова мен Сағат Ошақбаев, талдықорғандық Асқар Құмарбай,  алматылық Ғабит Абзалбек, торғайлық Азамат Есенжолов сынды журналистер қосылды. Жоғары білімді, көзі қарақты корректорлар Роза Түгелбаева мен Шынар Жақыпова да газеттің қатесіз шығуына қалтқысыз қызмет көрсете бастады. Бұл құрамдағы қыз-жігіттер астаналық газеттің қалың оқырманның сүйіп оқитын басылымына айналуына айрықша үлес қосқанын ерекше атап өткім келеді. Бәрі де бір-бірімен жарысып, қызықтырып, қызғандырып жазатын журналистер болды. Желтоқсан көшесіндегі екі қабатты ғимаратта орналасқан редакция үйіне Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көшіп келді. Өзіміз еркін сия алмай отырған жерге министр Татьяна Коржова мен  жүздеген адамның қалай сиғанын қазір есіме түссе қайран қаламын. Бірақ бұл Астанаға ұлы көштің басталған шағы еді, сондықтан бәріне төзетін, көшіп келушілерге қолымыздан келгенше көмек көрсететін кезіміз еді.

       «Ақмола ақиқаты» газеті 1998 жылдың 10 сәуір күні оқырман қолына «Ақмола ақшамы» деген жаңа атаумен тиді. Газеттің жаңа талаптарға сай жанданып шығуына Астана әкімінің орынбасарлары, жас елорданың қалыптасу кезеңінде өте жауапты міндеттерді атқарған Ахметолла Шәкіров, Төлеген Мұхамеджанов, Нұрлан Нығматулин, Қайрат Назарбаев, Асқар Мамин, әкімнің баспасөз хатшысы Сәдібек Түгелдің, аудан әкімдері, басқарма басшылары Николай Тихонюк, Мұхтар Еркетаев, Сапар Ахметов, Асхат Акчурин, Ермек Аманшаев, Әмірхан Рахымжанов, Оразкүл Асанғазы, Тілеуғали Қышқашбаев, Әсима Бимендина, Сәбила Мұстафина сынды азаматтардың қолдауы мен жанашырлығы шексіз болды.

   Алаштың ардақты тұлғасы Ахмет Байтұрсыновтың «Газет халықтың көзі, құлағы Һәм тілі» деген қанатты сөзін еске алсақ, «Ақмола ақшамы» газетіне осы бір кезеңде елге танымал көрнекті жазушылар мен ақындар, саясаткерлер мен өнер тарландары жан-жақты рухани көмек көрсеткеніне куә болдық. Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Тұрсынбек Кәкішев, Дүкенбай Досжанов, Фариза Оңғарсынова, Мұзафар Әлімбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Шаханов, Нұрлан Оразалин, Қалдарбек Найманбаев, Ақселеу Сейдімбек, Алдан Смайыл, Уалихан Қалижан, Сәбит Досанов, Арғынбай Бекбосын, Ербол Шаймерденов, Сейіт Кенжеахметұлы, Қонысбай Әбіл,  Серік Тұрғынбекұлы, Дихан Қамзабекұлы, Толымбек Әбдірайым, Шәрбану Бейсенова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Айман Мұсақожаева сынды әдебиет және өнер қайраткерлері азат елдің елордасынан алғашқы ақпараттарды тарататын астаналық газетке тілеуқор болып, ізгі ниетті мақалаларын беріп, рухани демеу көрсетті. Осындай көрнекті тұлғалардың шығармаларын оқыған оқырманнан талай алғыс естідік.

 1998 жылды 6 мамыр күні ҚР Президентінің жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді. Астана қаласында Алматы және Сарыарқа аудандары құрылды. Осы шешімге орай көп кешікпей газет атауы да «Астана ақшамы» болып аталды.

   Ендігі кезекте күн санап сәулеті мен дәулеті өркендеп, Отанымыздың жүрегі болып соға бастаған бас қаламызды әлем алдында таныстыру мақсатында Астана қаласының халықаралық тұсаукесер рәсімін өткізу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Осы мақсатта қала басшысы Әділбек Жақсыбековтың «Астананың тұсаукесер рәсіміне әзірлену мен оны өткізу жөніндегі штабтың жедел тобын құру туралы» өкімі шықты. Сөйтіп, жас Астанамыздың тұңғыш тойына дайындық басталып кетті.

  «Астана ақшамы» газеті үшін бұл өте жауапты науқан болғаны сөзсіз. Халықаралық тұсаукесер мерекесіне шетелдерден мыңдаған арнайы меймандар мен журналистер келетіні алдын ала белгілі болғандықтан астаналық газеттер негізгі ақпарат көзіне айналатынын басылым басшылары терең түйсініп, жаңа айдарлар мен идеяларды айқындады. Сөйтіп елордамыздың тұңғыш тойы – халықаралық тұсаукесеріне арналған  мерекелік нөмір алты айқара бетпен 9 маусым күні «Басталды!», «Еңсең биік болсын, ел ордасы!», «Бүгіннен мәңгіге – бас қала» айдарларымен жарыққа шықты. Ал той барысын тілшілер тобы түгелдей қамтып, Астана мәртебесін биікке көтеріп, меймандар алдында мерейін өсіріп көрсетті. Қазақ елінің жаңа елордасы Астана қаласының тұсаукесеріне мейман болып келген Түркия Республикасының Президенті Сүлеймен Демирел, Қытай Халық Республикасы делгациясының басшысы Хуан Чжэньдун, Ресей Федерациясының өкілі И.Рыбкин, ТМД атқарушы хатшысы Борис Березовский, Украина Президенті Леонид Кучма, Әзербайжан Президенті Гейдар Әлиев, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғыз Республикасының Президенті Асқар Ақаев, Түркіменстан Республикасы Парламентінің төрағасы Сахат Мурадов және басқа да саясаткерлер мен қайраткерлер Астанаға және оның бас архитекторы Нұрсұлтан Назарбаевқа ыстық лебіздерін жеткізді. Газеттің тойтарқар нөмірінде шетелдік туристер мен журналистердің тілектері мен ойлары да жарияланды.

    1999 жылдың 16 шілде күні Астана мерейін өсірген тағы бір қуанышқа кенелдік. Осы күні Боливия астанасы Ла Пас қаласында өткен салтанатты форумда ЮНЕСКО-ның «Қалалар бейбітшілік үшін» халықаралық сыйлығының қорытындысы шығарылып, Азия аймағы бойынша берілетін сыйлық Қазақстанның жас елордасы Астана қаласына берілді. Осы күннен бастап Астана «Бейбітшілік қаласы» деген атаққа ие болды. Мәртебелі сыйлықты қала әкімінің орынбасары Қайрат Назарбаев бастап барған делегация Астанаға жеткізіп, елордалықтар 6 тамыз күні осы мәртебелі қуанышты салтанатпен атап өтті. Бұл ақжолтай жаңалықты да алдымен таратқан «Астана ақшамы» болды. Түптеп айтқанда, елорда газеті жас елордамыздың төрткүл дүние алдында өткен тұңғыш тойын да, халықаралық жүлдеге ие болған мерейлі табысын да тарих жылнамасына түгендеп жазып қойды.

     Газет ұжымы үшін үлкен сынақ болған 1998 жылдың соңында баршамыз бауыр басып қалған қадірменді қаламгер Жанболат Аупбаев ағамыз ел газеті «Егемен Қазақстан» газетіне шақырту алып, Алматыға қайта оралып кетті. Қазақ баспасөзінің майталман мамандарын жақсы білетін Жұмагүл Саухат қарап қалған жоқ, Алматыдан көрнекті жазушы әрі белгілі газетші Дидахмет Әшімханұлын шақырды. Осылайша біз қазақтың тағы бір талантты қаламгерімен қоян-қолтық жұмыс істедік. Өр мінезімен, өнегелі ісімен бізді өзіне тез баурап алған Дидаға да газет тіршілігіне көптеген тың бастамаларды енгізіп, қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Жайсаң жайлау, жаз пейіл бола отырып, жұмыс барысындағы келеңсіздіктерге төзбейтін абзал аға біздің көбімізге сөз құдіретін тереңінен түйсінуді үйретті. Жұмыстан тыс кезде бәрімізбен аралас-құралас жүрді. Осындай қабілет-мінезімен көпшілікке жаққан жазушы ағамыз өкінішке қарай «Астана ақшамы» газетінде бес-ақ ай жұмыс істеген екен. Өзінің елордада, оның ішінде «Астана ақшамы» газетінде жұмыс істеген кезеңі жайлы 2010 жылы «Астана» журналына берген сұхбатында былай деп есіне алыпты: «…99-дың ақырған ақпанында, мына менің екі аяғымды Астанаға топ еткізген. Обалы нешік, бұған тікелей мұрындық болған – сол кезде бірі – Алтынбектің оң жағында, бірі – «Егеменнің» төр басында отырған Әлібек пен Сауытбек еді. Дәлірегінде былай: Менен бір жыл бұрын Астанаға жетіп алған белгілі журналист Жанболат Аупбаев 98-дің аяғына қарай «Егеменге» Бас редактордың орынбасарлығына шақырылып, «Астана ақшамындағы» бірінші орынбасарлығынан босаған тұста, сол орынға жаңағы достарым мені туралап жіберген ғой. Сөйтіп Алматыдағы «Түркістанның» бірінші орынбасарлығынан «Астана ақшамының» бірінші орынбасарлығына қонжидым ғой. Бас редактор – мен сонау 75-тің желтоқсанынан білетін қазақтың белгілі қаламгер қызы Жұмагүл Саухатова. Басшы ретінде алғашқы күннен байқағаным – ер мінезді, бірсөзді, мәрт адам екен. Қол астындағыларға қолынан келген жақсылығын аямайды. Шығармашылық жұмысқа келгенде, әрбір журналисті жылы сөзімен, әділ бағасымен үнемі қанаттандырып отырады. Өзінен кейінгі басшы ретінде маған барлық ерікті берген. Идея, ұсыныстарымды қолдап қана қоймай, оларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндікті жасауға барын салатын. Соның арқасында өзім де құлшына жұмыс істеуге ұмтылатынмын. Ал сол кездегі редакция қызметкерлері туралы сөз тіпті басқаша. Мен осы уақытқа дейін қаншама ұжыммен жұмыс істесем де, дәл сондағы «Ақшамның» қыз-жігіттеріндей айтқаныңды айтқан күйінде, тапсырмаңды тас-түйін түрінде орындап шығатын елгезек те ар-ұятты жандарды еш жерде кезіктірмеген шығармын. Әрине, әрбір жерде ондай адамдар болады, бірақ ұжымның тұтастай сондай болуы сирек жағдай ғой. Сол «Ақшамдағы» Өріс, Ерғазы, Талғат, Айтқадыр, Бекен, Ғалым, Сағат, Амангелді сынды қаламдастарымды мен әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Және оларды ылғи да сағынып жүремін. Бір қызығы, мен олармен небәрі бес-ақ ай жұмыс істеппін. Алайда, сол бес айдың жаңғырығы жадымнан да, жан-жүрегімнен де ешқашан өшпек емес…».

   Газет бетінде жарық көрген «Гүлжанға сенсек – Тұран – бейден түңілесіз…», «Отыз үйдің ойбайы», «Бағана басында жанғат жігіт», «Жат төсегін жатсынбай…» атты мақалалар өзектілігі мен өткірлігі тұрғысынан тек қана қалалық оқырман емес, республика жұртшылығын да толғандырып, пікірсайыс туындатты. Мәселен, тілші Т.Төлеуғалиевтің қазақ қызы Гүлжанның басындағы проблеманы, атап айтқанда, түрік құрылыс компаниясы өкілінің жұмысқа енді орналасқан қызға қорлық көрсетпек болған әрекетін әшкерелеп жазған мақаласы түрткі болып, заң органдарының араласуы арқылы шетелдік азаматқа айып салынып, елімізден шеттетілген.

    Өкінішке қарай, астаналық газеттің қалыптасу кезеңінде айшықты ізін қалдырған Дидахмет аға, секретариаттың қара жүгін көтерген Ерғазы аға, жазғаны маржандай Төлеген ағамыз бұл дүниеден ерте өтіп кетті. Бәрінен тәлім алғандықтан, сондай-ақ, сыйластығымыз жарасып жүргендіктен болар осы ағаларым есіме түскен кезде көңілім кәдімгідей құлазып сала береді. Жайсаң адамның жақсылығы ұмытылмайды екен-ау.

   Біле білсек, қуаныш пен өкініш қатар жүретін бұл жалғанда жан-жағыңдағы адамдарға, өзің тіршілік етіп жүрген қоғамға титтей де болса жақсылық жасап жүрсең, онда өміріңнің зая өтпегені. Сондықтан өзім ширек ғасырға жуық қызмет істеп келе жатқан «Астана ақшамы» газетінде әр жылдарда әріптес болған азаматтардың бәрі де мен үшін ыстық көрінеді.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

(Жалғасы бар)




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button