Басты ақпарат

АҚМОЛА УЕЗІНІҢ АРЫСТАРЫ



Зиябек
ҚАБЫЛДИНОВ,
тарих ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры

ХХ ғасыр басында Ақмола өңірі қазақ халқының көрнекті өкілдерінің тағдырлары бір жерге тоғысқан аймаққа айналды. Кейбірі осы өңірде дүниеге келсе, әлдебірі қоғамдық және мемлекеттік қызмет бабымен Ақмолаға келгендер еді. Олар терең білімді зия­лы адамдар болатын. Өмірлерін Отанға, халық мүддесіне қалтқысыз қыз­мет етуге жұмсаған жандар еді.
Ақмола өңірінің қоғамдық-саяси өмірінде орын алған білімді де ұлтжанды тұлғалар деп Бірмұхамед Айбасұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Хайридин Болғанбаев, Абдолла Асылбеков, Асылбек Сейітовтерді ерекше айтуға болады.
Алаш Орда үкіметі құлағаннан кейін көбісі кеңес өкіметінің жағына шыққанымен, өкінішке қарай, олардың барлығы 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін шеңгелінен құтылып кете алмады.
Алаш партиясына мүше болған тұлғалардың көпшілігі мәдени-ағартушылық қызметпен айналысқан. Олар – әділеттілікті ту етіп ұстанған, парасатты, адал болуымен қатар өз ұлтының мүддесі жолында қызмет еткен жандар!

Айбасов Бірмұхамед – Ақмола облысы Атбасар уезі Ұлытау болысында туған қоғам қайраткері. Ұлытау болысында 30 жылдан астам фельдшер болған Айбас Байтабыновтың отбасында туған. 1917 жылы Омбы Ауыл шаруашылық училищесін, 1933 жылы Мәскеу Қызыл профессура институтын бітірген. «Бірлік» мәдени-ағарту ұйымы басқармасының хатшысы болды. «Айқап», «Қазақ» басылымдарында өлеңдері мен мақалалары жарияланған. И.С.Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романын қазақшаға аударған. Ақмола уездік қазақ комитетінің және «Жас қазақ» ұйымының белсенді мүшесі. 20-жылдары Ақмола облысы жер басқармасының бастығы, 1925-1928 жылдары Семей губерниясы «Қосшы» одағының төрағасы, Қазақ ауылшаруашылық кооперация одағы мал шаруа­шылығы бөлімінің бастығы, 1928-1931 жылдары өлкелік кооперация техникумының директоры болған. Байларды тәркілеуге, қазақ шаруаларын ұжымдастырудағы асыра сілтеушілікке қарсы шыққандығы үшін қуғынға ұшырады. 1933 жылы И.В.Сталиннің атына жазылған «алтаудың хаты» авторларының бірі. Өмірінің соңғы жылдары Түрген қой кеңшары саяси бөлімінің (Алматы облысы) бастығы (1933-1935 жылдары), Қазақ партия баспасының редакторы (1935-1937 жылдары) болды. Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны. КСРО Жоғары Сотының әскери алқасының 1958 жылы 28 ақпанда шешімімен ақталған.

Абдолла Асылбеков – 1896 жылы сол кездегі Ақмола уезінің Нұра болысында, Құндызды өзенінің бойындағы Кеңқияқ алқабында, Қарасуда (қазіргі Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы (бұрынғы Нұра ауданы) Абдолла Асылбеков атындағы кеңшардың орталығы Богучар селосының маңында дүниеге келіпті. Ауылда ашылған бірінші бастауыш татар медресесіне оқуға түсіп, оны 1913 жылы бітіріп шығады. Содан 1914 жылы Қызылжарға келген Абдолла осындағы мұғалімдер даярлайтын қазақ мектебінде оқиды. Жастар арасында белсенді жұмыс жүргізеді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне араласады. Ақпан төңкерісінен кейін Сәкен Сейфуллинмен бірге Қараөткел (қазіргі Астана) қаласында, жергілікті жерлерде жастарды, жұмыскерлерді ұйымдастыру ісіне кіріседі.
1917 жылдың көктемі. Абдолла Асылбеков – Қызыл гвардия жасағын ұйымдастыру жөніндегі Соғыс кеңесінің мүшесі. Кеңес үкіметінің азық-түлік комиссары. С.Сейфуллин ұйымдастырған «Жас қазақ» ұйымының мүшесі болған. Ұйым мүшелері халық арасына еркін жетіп, онымен тілдесу, сырласу үшін «Айна» деген журнал шығарды, көп ұзамай «Тіршілік» атты газет дүниеге келді.
1917 жылдың мамыр айында жиырмадан енді ғана асқан Абдолла большевиктер қатарына еніп, өзінің бұдан былайғы тағдырын партиямен берік байланыстырады. Осы тұста Қараөткел атқару комитетінің мүшесі болды. Қазан төңкерісінен кейін Сәкен мен Абдолла әлеумет, саясат майданындағы күресті бұрынғыдан да күшейте түсті. Бірақ 1918 жылы-ақ Ақмоланы ақтар қайта басып алды. Абдолла Сәкенмен бірге тұтқынға түсті. Содан соң Анненковтың «азап вагонына» қамап, оларды Омбыға, одан соң Семейге айдады. Онда да тұрақтатпай, қайтадан Омбыға әкелді. Суық вагонда 1,5 ай жүргенде 20 шақты азамат аштықтан, үсігеннен өледі. Омбы лагерінде бұларды сүзек ауруы жайлады. Күрескерлердің көбі осында мерт болды. Абдолланың жаны осы дерттен зорға қалды. Сәкен түрмеден қашып кеткенде ол әл үстінде жатыр еді. Колчак құлардың алдында совдепшілерді Күншығысқа айдады. 1920 жылы Абдолла лагерьден қашып шығып, Қиыр Шығыстағы сарбаз әскерлерге қосылды. Сондағы азамат соғысына қатысты.
1921 жылы 21 наурызда ­А.­Асылбеков Омбыдағы Сиббюроның қарамағына кірді. Оны Қызыл Армияның Петропавл, Ақмола, Көкшетау уездеріндегі контрреволюциялық көтерілісті басу жөніндегі штаб бастығының орынбасары етіп жіберді. Губком, Губревком мүшесі болып сайланды. Бұдан кейін ҚАССР Халық ағарту комиссариаты саяси-ағарту бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Сол жылдың маусым айында Қазақ Республикасының сол кездегі астанасы Орынборда Қазақ облыстық (республикалық) партия ұйымының құрылтай конференциясы өткізілді. Қазақстандық коммунистердің осы тұңғыш басқосуында оған делегат ретінде қатысқан Абдолла Асылбеков облыстық комитеттің мүшесі болып сайланды. Ал келер 1922 жылдың ақпанында өткізілген облыстық екінші партия конференциясында ол облыстық комитеттің екінші хатшысы және РК(б)П ХІ съезіне делегат болып сайланады.
Абдолла 1923-1926 жылдары Тимирязев атындағы Ауылшаруашылық академиясында оқыды. 1926-1928 жылдарда Егіншілік халық комиссариатында басшылық қызметте жүрді, Қостанай округтік атқару комитетінің төрағасы болды. 1928-1937 жылдарда Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің хатшысы, Қарқаралы округтік, Қарағанды облыстық Кеңес­тері атқару комитеттерінің төрағасы, Қазақ КСР-і жеңіл өнеркәсіп халық комиссарының орынбасары, әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары болып қызмет істеді. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылды.
Абдолла Асылбеков қоғам қайраткері ғана емес, жазушы ретінде де белгілі. «Біздің де күніміз туды», «Октябрь күнінде» атты повестері, «Аш-жетімге жәрдемге» және «Қойшылар мен қасқырлар» өлеңдерінің авторы.

Кемеңгерұлы Қошке – Кемеңгеров Қошмұхамбет Дүйсебайұлы – Алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист. 1896 жылы 15 шілдеде Ақмола облысы Омбы уезі Теке болысы Қаржас ауылында туған. Алғаш Қисықтағы Қаржаста Белгібай молдадан дәріс алған. Мұнан соң Омбы приход мектебінде, ветеринарлық фельдшерлік мектепте оқиды. 1913 жылы Омбы ауыл шаруашылық училищесіне түседі. Осында жүріп қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси ұйымы «Бірлікке» (1914-1918) мүше болып кіреді. Оның үні «Балапан» қолжазба журналына (1916-1918) редакторлық қызмет жасайды. 1917 жылы сәуірде Д.Әділұлы, С.Сейфоллаұлы, т.б. азаматтармен бірігіп, Ақмолада қазақ комитетін құруға атсалысады. Осы жылы Ақмола облысы халық санағын жүргізуге қатысады. 1917 жылы күз-қыс айларында осы облыста Алаш Орда комитетін ашуға күш-жігер жұмсайды. 1918 жылы «Бірлік» ұйымы «Жас азамат» ұйымы ретінде қайта құрылғанда, оның мүшесі және ұйым аттас газеттің редакторы болып сайланады. 1918 жылдың аяғында ауыл шаруашылығы училищесін бітіріп, 1919 жылы Ақмола облыстық (Омбы) халық ағарту бөлімінің саны аз ұлттар ісі жөніндегі бөлімшесіне нұсқаушы болып қызметке кіреді. 1919 жылы желтоқсанда Сібір ауыл шаруашылық және өндіріс институтының медицина бөліміне оқуға түседі. Облыс­тық «Бостандық туы» (Омбы – Қызылжар) газетіне тілші ретінде қатысып тұрады. 1924 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне ауысады. Ташкентте ол бірден қызметке араласып кетеді. Мұнда «Ақ жол» газетінде, «Сана» журналында қызмет жасады. Сонымен бірге Орта Азия университетінде, Түркістан әскери училищесінде қазақ тілінен сабақ берді. Оның «Алтын сақина» пьесасымен 1926 жылы 13 қаңтарда Қазақ мемлекеттік ұлттық театрының ресми шымылдығы ашылған. 1924 жылы Мәскеуде басылған «Қазақ тарихынан» атты еңбегінде бодандық тұсындағы тарих зерделенген. Жазушы проза, драматургия, әдебиеттану, тіл білімі, педагогика саласына елеулі үлес қосты. 1930 жылы ОАМУ (САГУ) аспиранты болып жүрген жерінен М.Әуезовпен бірге тұтқындалды. Екі жыл Алматы абақтысында отырып, 1932 жылы Украинаның Валуйкіне жер аударылды. Бұдан 1935 жылы босады. Оған Омбының Шарбақкөл аумағында тұруға рұқсат берілді. Осында аудандық ауруханада дәрігер болып қызмет істеді. 1937 жылы 7 тамызда қайта ұсталып, жалған айыппен 21 қарашада Омбы қаласында атылған.

Асылбек Сейітов – 1894 жылы 22 қаңтарда Омбы қаласында Батыc Сібір генерал-губернаторы кеңсесі аудармашысының отбасында дүниеге келген. Алаш қозғалысы қайраткерінің бірі. Ол алдымен орыс мектебінде, содан соң Омбының классикалық ерлер гимназиясында оқыды. 1911 жылы Омбы гимназиясын бітіріп, Томск мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түскен. 1916 жылы Ақмола уезінде ауылшаруашылығы бойынша санақ жұмыстары жүргізілгенде А.Сейітов оның оңтүстік бөлігі комиссиясын басқарады. Оны 1917 жылы бітіріп, Павлодар облысындағы Баянауыл бекетінде дәрігер болып жұмыс істеді. Халық арасында жиі кездесетін сүзек, безгек, тырысқақ ауруларына қарсы медициналық көмек ісін ұйымдастырды. Сондай-ақ, осы жылдары қоғамдық саяси өмірге араласып, озық ойлы зиялы қауымның қатарынан көрінді. 1917 жылы өткен Ақмола облыстық Қазақ съезінде алдымен хатшылыққа, съезд соңында төрағаның орынбасарлығына сайланған. Ал 1917 жылы Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезіне қатысып, онда ол төралқа құрамында М.Дулатовпен бірге хатшылыққа ұсынылады. Осы съезде А.Сейітов Ақмола облысы атынан құрылтай жиналысына депутаттыққа сайланған. Осы құрылтайға сайланған депутаттарға баға берілгенде «Қазақ» газеті ол туралы: «Асылбек Сейітов – жас доктор, қыз мінезді, ақ қағаздан ақ, ұлтшыл жас. Областной қазақ комитетінде председатель орынбасары» деп жазған еді. А.Сейітов Алашорданың Ақмола облыстық комитеті басшыларының бірі бола отырып, ұлт-азаттық қозғалысына үлкен үлес қосты.
1921 жылы Орынборда өткен Қазақстан дәрігерлерінің съезіне, 1922 жылы Қазақ АКСР-і кеңестерінің съезіне делегат болып қатысты. Ол Баянауылда бас дәрігер қызметін атқарған.
1922 жылдан бастан 15 жыл бойы Семей қаласындағы губерниялық денсаулық сақтау басқармасының бастығы болып жұмыс істеді. Семей облысында туберкулезді емдейтін «Ауыл» және «Березовка» санаторийлерін ашуға атсалысты (бұл емдеу орындары осы күнге дейін жұмыс істейді).
1937 жылы Қазақ КСР Денсаулық сақтау халық комиссариатының жоспарлау-қаржы бөлімінің меңгерушісі, Алматы қаласындағы №5 емхананы алғаш ұйымдастырушылардың бірі және оның бас дәрігері болды. Оның «Таң» журналы беттерінде жарияланған публицистикалык мақалалары бар. 1937 жылы 1 желтоқсанда ұсталып, 8 желтоқсанда ату жазасына кесілді. Оның туған бауырлары Мұсылманбек пен Мұратбек те «Алаш» партиясының мүшелері ретінде репрессияға ұшырады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button