Жаңалықтар

АҚШ ТӘУЕЛСІЗДІГІ: 241 ЖЫЛ



EXPO алаңында өздерінің ұлтты күнін атап өтіп жатқан елдердің көрме көрермендеріне ұсынары бір-бірінен асып түсуде. Біз бұған АҚШ-тың ұлттық күнінде тағы бір мәрте көз жеткіздік. Сахнаға жарқ етіп шыққан ағылшын студенті қазақтың халық әні «Дударайды» шырқай жөнелгенде, оның өнеріне тәнті болмаған адам қалмады. Осылайша мұхит асып келген америкалық меймандар қазақ мәдениеті мен әдебиетіне ерекше көңіл бөлу арқылы өздеріне еріксіз назар аудартты.

Ұлттық күнді атап өту мерекесі олардың тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келіпті. Осыдан 241 жыл бұрын тәуелсіздік декларациясын қабылдаған бұл мемлекет адамның рухы сарқылмас энергияның көзімен байланысты екенін түсіндіріп берді. АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі және павильонның комиссары Джордж Кролл: «Біздің павильонның тақырыбы – адам энергиясы. Яғни адам – таусылмайтын энергия. Бүгін – АҚШ-тың тәуелсіздік күні, EXPO-дағы ұлттық күніміз, сондай-ақ, биыл Америка мен Қазақстанның дипломатиялық қатынастарына 25 жыл. Біз үнемі бірге жұмыс істеп келдік, бірге жұмыс істей береміз. 2016 жылы әлем бойынша баламалы энергия көздеріне тартылған инвестиция көлемі 241 млрд доллардан асқан. Қазір АҚШ секілді алпауыт ел «жасыл» экономикадан жыл сайын 600 млрд доллар пайда көреді» дейді.

Расында да, павильонға келушілер біріншіден, энергияға толы кеңістікке тап болады. Әрбір қонаққа «Шексіз энергия көзі дегеніміз не?» деген сауал қойылып, болашақ энергиясын айқындайтын фильм көрсетілді. Содан соң көрменің келесі бөлігінде «Өмір энергиясы» деп аталатын таңғажайып шоуды тамашаладық. Шоу бір мезгілде үш үлкен экраннан көрсетіліп, кейін көп қабатты еден арқылы құлашын кеңге жайды. Бұған қоса, мерекелік бағдарламада американдық және қазақстандық музыканттардың концерттері өтті. Екі елдің дәстүрлі және қазіргі заманғы музыкасын қайталанбас үйлесіммен ұсынған бағдарламада танымал америкалық әнші Майя Азуцена да өнер көрсетті.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button