Басты ақпарат

Ақылы тұрақтар қолайлы әрі тиімді ме?



Бүгінгі таңда елордадағы «Нұржол» бульварында 487 көлікке арналған ақылы тұрақ жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта тағы 5 мың көлікке ақылы тұрақ ашу көзделіп отыр. Жалпы бас қалада мұндай ақылы тұрақтар санын 10 мың орынға жеткізу көзделуде.

Бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 2018 жылдан бастап қолға алынған болатын. Ол Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы мен «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС арасындағы шарт аясында жүзеге асырылуда. Жоба 20 жылға арналған. Жобаны қаржыландыру жеке кәсіпкерлікке жүктелген. Аталған жүйеге 1,2 млрд теңге инвестиция салынған. Биылдың өзінде оған 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.
«Мемлекет тек ақылы көлік қоятын орындарға жер телімдерін ғана бөледі. Қалған жұмыстардың бәрін жеке кәсіпкер атқарады» дейді басқарма басшысының орынбасары Әлихан Куатбеков.
«Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС басшысы Шыңғыс Досыбаев ақылы орындар көлік жүктемесі көп учаскелерде ашылатынын ескертті.
«Ақылы көлік орындары Республика – Сарыарқа даңғылы – Бөгенбай батыр даңғылы – Жағалау аумақтарында ашылады. Есіл ауданы бойынша: Сығанақ – Сарайшық – Мәңгілік ел – Тұран даңғылында орналасады. Кондоминиумға қарайтын үйлердің, бизнес-орталықтарының және басқа инфрақұрылым нысандарының маңайы тегін болып қала береді» деді ол.
Оның айтуынша, ақылы орындардың паркоматтары ұдайы антисептермен залалсыздандырылып тұрады. Дегенмен, парковкаға ақша төлегенде медициналық қолғаптарды кию керек екенін ескертті.
Демалыс және мереке күндері тегін
Ақылы көлік орындары жұмыс күндері сағат 8:00 – 20:00 аралығында істейді. Демалыс және мереке күндері тегін. Ақылы орындардың бір сағаты – 100 теңге. Ақша көлікті қойғаннан кейін 30 минут ішінде төленуі тиіс.
«Қазан айында қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға арналған «|Заңды тұлғаларға арналған абонементтер» жобасы іске қосылды. Корпоративтік абонементтердің тұтынушыларына электрондың есепшот-фактурасы мен атқарылған жұмыстардың электрондық актілері беріледі. Абонемент автомобильдің мемлекеттік нөміріне бекітіледі. Мұндай абонемент иелері қаланың барлық ақылы орындарына құжаттарын көрсетпей-ақ көліктерін қоя алады. Жүйе төлем төленгенін автоматты түрде анықтайды» дейді Шыңғыс Досыбаев.

Айыппұл төлемнен20 есе көп

Нұр-Сұлтан қаласында ақылы көлік орындары ашылғалы 3 жылға таяу уақыт ішінде бюджетке төленген төлемдерден гөрі айыппұл көлемі 20 есе көп түскен.
Жыл басынан бері ақылы орындардың төлемін жасамаған 11 мың заң бұзушылық анықталды. Оларға 92 млн теңге айып салынды, былтыр сәйкесінше мерзімде 23 мың заң бұзушылықтар үшін көлік иелерінен 176 млн теңге айып сомасы өндірілген екен.
Ақылы көлік орындарын фотобейнебақылау орнатылған арнайы ұтқыр топ қадағалайды. Төлем жасамағандар туралы фактілер әкімшілік полициясына жіберіледі. Ақылы орындардың төлемін жасамағандар үшін 3 АЕК (8334 теңге) бекітілген.

Қоғамдық кеңестің бақылауында

Жақында ақылы көлік қоятын орындардың жұмысын қаланың Қоғамдық кеңес мүшелері де талқылады. Олар ақылы орындар көлік көп шоғырланған тұстарға қойылуы керек болғанымен, жоба операторы оны саябақтардың маңайына және басқа қоғамдық кеңістіктерге де орналастыруға мүдделі екендігіне наразы.
«Жер учаскелерін Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы беретіндігіне қарамастан, сол аумақтағы ведомстволар да бұл процедураға араласуы керек. Өйткені ертең ақылы көлік орындары дұрыс орналасқан ба, ол сол аумаққа қажет пе деген сауалға сіздер жауап бересіздер» деді қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сансызбай Есілов Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының өкілдеріне қарата.
Қоғамдық кеңестің алдағы уақытта мониторингтік топ құрып, астананың ақылы көлік орындарын тексеру ниеттері бар екенін жеткізді.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button