Жаңалықтар

«ӘР БАЛА – МЕНІҢ ЖАЛҒЫЗЫМ»



 SUL_8435

дейді ұлағатты ұстаз Айнагүл Төкенқызы

Болмысында тәлімгерлік қасиеттің ұшқыны жоқ кісі ұстаз бола алмайды. Әсіресе, бастауыш сыныптың мұғаліміне қойылар талап тым жоғары. Балаға әріп танытып, қалам ұстатудың өзі асқан төзімділік пен табандылықты керек етпей ме?! Осы тұста елордадағы №54 мектеп-лицейдің білікті педагогы Айнагүл Төкенқызының жемісті еңбегін айта кетуді жөн көрдік. Жиырма үш жылдан бері талай толқынның танымын кеңейткен Айнагүл апай – бүгінде ізінен ерген жас мамандарға жөн сілтер ақылшы әріптес.

– Балалармен жұмыс істеу үшін олардың психологиясын тереңірек түсініп, әрқайсысының мінез-құлқына жете мән берген абзал, – дейді кейіпкеріміз. – Бастауыш сыныптың оқушылары сөзден гөрі суретті жақсырақ қабылдайды. Сондықтан сабақ барысында сюжетті картина, диафильм, презентацияны жиі пайдаланамыз. Интерактивті тақтаға да тез үйреніп кеттік. Оның үстіне, бүгінгі ұрпақтың жаңа технологияға деген ынта-ықыласы мүлде ерекше. Ұялы телефон түгілі, компьютер-ноутбуктардың қыр-сырын түгелдей меңгеріп алған. Бос уақытын құр өткізбесін деп, сабақтан тыс кездері түрлі жанрдағы қызықты кітаптарды, энциклопедияларды оқытамын. Бала ғой, қиялдары шексіз. «Жер неден пайда болды? Аяз ата қайда өмір сүреді? Су неге жанбайды? Шырша неге қысы-жазы жасыл? Аспан неге көк?» сияқты сұрақтарды қоюға құмар. Жауап таба алмай қалатын сәттерім де бар. Ондайда бәріміз дереу ғаламторға үңіліп, оқулықты ақтарамыз. Әрқашан ізденіс үстінде жүресің, солайша…
Мұғалімнің мәртебесі шәкірттерінің жетістіктерімен өлшенетіні белгілі. Айнагүл апайдың бұл орайда да абыройы биік.
– Былтырғы оқу жылында Айдана Ысқақова атты оқушысы қалалық «Бастау» олимпиадасында 2-орын иеленді. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік – тірегім, теберігім» байқауына қатысқан шәкірті Алуа Дүйсенбаева алтын медальмен марапатталса, «Менің сүйікті кітабым» иллюстрациялар конкурсында Мейіржан Сайлыбаев деген баласы күміс жүлде еншіледі. Өзі болса «Әр бала – менің жалғызым. Қуаныштарына сүйініп, солардың тілеулерін тілеп отырамын» деп жүреді, – деп атап өтті мұғалима жайлы әңгімелеген мектеп-лицейдің директоры Ғалияш Әмрина мерейленіп.
Әңгіме арасында Айнагүл апай іштегі қынжылысын да ақтарып алды. «Мектебіміз 1400 оқушыға лайықталып салынған. Алайда қазір мұнда екі жарым мыңдай шәкірт білім алуда. Санасақ, 1-сыныптағылардың саны 320 екен. Ал бастауыштағы оқушылар шамамен 950-ге жуық. Кабинеттің жетіспеушілігі кәдімгідей сезіледі» дейді ол. Аталған олқылықтың реттеліп, шешімін табуына біз де мүдделіміз.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button