Қоғам

АРДАҚТЫ АЗАМАТ ЕДІ…



Халқымыздың басынан түрлі зобалаңдар өтті. Кешегі өткен ғасырдың отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін талай арыстарымызды жалмады. Бұл ауыртпалық біздің әулетті де айналып өтпеді.

Ол заманда біздің Тайтөбе білім ордасы Ақмола ауданындағы жалғыз мектеп-интернат болды. Сол мектепте Төлеубек ағам менен екі сынып жоғары оқыды. Домбырамен ән айтатын өнері бар еді. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын. Оның әкесі Хакім Ахметжанов елге белгілі азамат болған. Оған отыз жетінші жылдары «байдың туысы, Сәкен Сейфуллиннің жиналысына барыпты» деген жала жабылып, түрмеге қамалады. Ол кез – дауылпаз ақын Сәкеннің ұсталған шағы.
Төлеубек ағамыз 1937 жылы Еңбекші ауылында өмірге келген. Сол жерде Хакім әкеміз ұстаздық қызмет атқарған. Ке­йін ол ұсталып кеткеннен кейін барлық жақындары Ақмолаға көшіп келді. Әкеміздің пойызда айдалып бара жатқанда жазған хаты бір жарым жыл жүріп зорға қолға тиеді. Ол 1940 жыл еді. Онда: «Мұз дария­сына қарай беттеп барамыз. Орналасқан соң хабарласамын» деп жазыпты. Бірақ содан кейін еш хабар болмады. 1953 жылы Сәкен Сейфуллин секілді қайраткерлер ақталғанда да, жақсы жаңалық естілмеді. Хакім әкеміздің анасы Алтын әжеміз баласын өлдіге санамай, көзі тірі деп дүниеден озды. Кейін асыл азаматтың жары Әби анамыз қыздарын тұрмысқа ұзатты. Тек ұлының шаңырақ көтерген қызығын көре алмады.
Төлеубек ағам Тайтөбедегі
он жылдық мектепті бітіріп, Алматыдағы ауылшаруашы­лық институтына оқуға түседі. Оны ойдағыдай тәмамдағаннан кейін қазіргі Целиноград ауданының орталығы, бұрынғы Ақмола совхозына жұмысқа орналасады. Одан кейін Астрахан ауданында еңбек етеді. 1970 жылдары Ақмоладағы ауылшаруашылық экономикасын жоспарлау ғылыми-зерттеу институтына қызметке орналасады. Ғылым жолына түседі. Экономика саласынан кандидаттық диссертация қорғайды. Содан соң ұзақ жылдар ұстаздық жолды мақсат тұтып, С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетінде студенттерге дәріс оқиды.
Биыл Төлеубек Хакімұлы көзі тірі болса, сексенге толар еді. Амал не, «Жазмыштан озмыш жоқ» деген. Әйтеуір, әкесінің өмір жолын жалғап, елдің ардақты азаматы болды. Көңілге сол жұбаныш!
Раушан ЖҮНІС,
зейнеткер




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button