Мәдениет

Ақмоланың алғашқы мешіті



Бүгін архив деректері мен фотосуреттерді салыстыра отырып, елордада алғашқы салынған мешіт тарихын баяндаймыз.Ақмоладағы алғашқы («ескі мешіт», «бірінші мешіт», «ағаш мешіт» деген атаулары бар) ме­шіттің құрылысы аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендиннің қаражатына 1838 жылы Ақмола бекінісінің іргесінен бой көтереді. Мешіттің жанынан 1842 жылы дінге сенушілердің қолдауымен діни оқу орны ашылады, шағатай (татар), араб тілдерінде жазу,
оқуды үйретеді, қажетті оқулық­тар мен кітаптарды ата-аналары мен туысқандары қамтамасыз етіп тұрады. 1843 жылы жергілікті мұсылман балаларды оқытатын Бураби молда үшін кішігірім үй
салынады.
Қалаға кезекті керуен келгенде мешітте қайырымдылық ас беру рәсімдері ұйымдастырылады. «Ағаш мешіт» алыс-жақын ауылдардан дұға оқу үшін мұсылмандар жиналатын орынға, Ақмоланың көрнекті ғимаратына айналады. Уақыт өте келе қала маңына саудагерлер, қолөнершілер және сырттан келгендер қоныстана бастайды. Мешіт тұрған жер қала аумағына кіреді, Мешіт (Мечетная) көшесі пайда болады. Өкінішке қарай, бұл мешіт 1920 жылы өртеніп кетеді. Сол орынға күйдірілген қызыл кірпіштен ­Қосшығұловтар бастаған ауқатты адамдардың, дінге сенушілердің қаржысына Мешіт қайта тұрғызылады. Халық арасында «тас мешіт» немесе түсіне байланыс­ты «қызыл мешіт» деп аталады. Мешіттің имамы жабылғанға дейін – Абдрахим Исмагилов, азан шақырушы – Махмуд Шарафутдинович Байбеков (1865-1942) болды.
ҚазОАК-нің 1930 жылғы 20 наурыздағы №43 қаулысымен №1 мұсылман мешіті жабылып, мешіт ғимараты тарихи-өлкетану музейіне пайдалануға берілді. «Октябрь революциясының 3 жылдық мерекесіне орай Ақмола қаласындағы көшелер мен алаңдардың атауын өзгерту туралы жоба 1920 жылы 16 қарашадағы Ақмола қалалық атқару комитетінің отырысы №70 хаттамасымен (7 пункт) бекітіледі. Мешіт көшесі – Вахитов көшесіне (жобада солай), одан Береговой көшесіне, ал 1944 жылғы 11 қыркүйектегі Ақмола қалалық кеңесі атқару комитетінің №22/1 шешімімен қазақтың халық батыры Амангелді Иманов көшесі болып аталды. Тарихи-өлкетану музейі 1940 жылы Константин-­Елена шіркеуіне көшіріледі, музейдің орнына «Казпиво» заводы орналас­тырылады. 1970 жылдары мешіт ғимаратын алып тастап, оның орнына көппәтерлі үй салынды.
Биыл, яғни 22 маусымда Қоңыр­құлжа Құдаймендиннің (1794-1865) қаражатына Ақмола қаласында салынған тұңғыш мешіттің орнындағы үйдің (Нұр-Сұлтан қаласы, А.Иманов көшесі, 2-үй) қасбетіне мемориалдық тақта орнатылды.

Дайындаған
Ғазиза ИСАХАН,
Нұр-Сұлтан қаласымемлекеттік
архиві ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button