Руханият

Арқада ақын өтті «Әй-әй» деген…



  1. Өнерімен танылған өрімдей жас

Біз оны әуелі әні арқылы таныдық. Ол кезде оқушымыз. Бәрімізді таң қалдырған ән «Бала махаббаты» деп аталатын. Сұрастырып жүріп, авторы да мектеп оқушысы, Жангелдин ауданының «Көкалат» ауылында тұратын Қонысбай Іскендіров екенін біліп алдық. Арқалықта ол әнсіз бір де бір концерт өтпейтін. Ән авторы туралы әңгімені қалт жібермей, құлақ түреміз. Әннің мұңлы әуені сияқты ол әңгімелер де жүректі сыздататын… «Шешесі жастай қайтыс болыпты…», «артында шиеттей бала қалыпты…», «бас көтерері осы бала екен…»…

Өлең жазатыны, ауыл мектебінің маңдайалды шәкірті екендігі туралы сөздер қызығушылығымызды арттыра түсті. Ол кезде өнері асқан оқушыны үлкен де, кіші де көргісі келетін. «Сіздің ауыл», «біздің ауыл» демей, мақтан тұтатын. Жүздесе қалғандар мәз болып жүруші еді. Біздің танысуымыздың реті студенттік шақта ғана келді.

Оқуға түскен студенттерді қоғамдық жұмыстардың бәріне салады ғой. Сенбіліктерде де сыпырғышымызды сүйретіп біз жүреміз, кезекшіліктерде де біз, көше тәртібін сақтаушылар тобына да өз көлеңкемізден өзіміз қорқып жүретін бізді жазып қояды. Осы жазылмаған заңдылықпен ол кездің басты мерекесі – 7 қараша күні өткізілетін концертке номер дайындау туралы пәрмен кеп түскенде курстар «даусың бар, сен айт» деп сытылып кетіп, мен тұтылып қалдым.

Сүйемелдеуші «Қандай ән айтасың?» деп сұрағанда «Бала махаббаты» дегем. Ол баршаға белгілі «Сездіруге батпадым ба?..» деген жолдары бар әнді құйқылжыта  ойнай жөнелді. Мен «ол емес» деп, өз әнімді ыңылдап айта бастадым. Сүйемелдеуші баян түймелерін басып, әуенді шығара алмай, мен қосыла алмай, әуре болып тұрғанымызда бір жігіт келіп, одан баянды алды. Аспапты жұрт сияқты емес, теріс ұстап ойнай бастады. Кенет «Мынау Қонысбай емес пе?» деген ой жылт ете қалып, жаңағы ән айтпақ боп тұрған бар батылдығым зым-зия жоқ болды. Соны сезді ме, маған сәл тақап: «Айта бер, өзіңді еркін ұста, асықпа…» деді баяу үнмен.

Бала кезінен ел аузына ілігіп, жұрт алдында жарқылдап жыр оқып, кейіннен ежелгі өнеріміз айтыстың қайта оралуына өзіндік үлес қосып, 36 жасында «Қазақстанның халық ақыны» атағын алған Қонысбай Әбіл екеуміз осылай танысып едік. Тонның ішкі бауындай болдық дей алмаймын, дегенмен, кіндік қанымыздың бір топыраққа тамуы арамызды көзге көрінбес жіппен жалғап тұрғандай сезінетінмін. Осы ағалы-қарындас ретіндегі сыйластығымыз тіл саласында қатар жүргенімізде беки түсті. Жеңгемізбен таныстырғанда да «қарындасым!» дегенін ұмытпаймын.

  1. Жақсының жары

Қонысбайдың ақындығы, айтыскерлігі туралы толғанатындар аз болмас, мен оның бізді жақындатқан: адами болмысы, сүйген жары және тіл саласындағы қызметі туралы айтқым келеді.

Оқу бітірген соң ол елге оралды. Біздің заманда қазіргідей емес – оқу  орны жоғары білім алған маманға жолдама беретін. Бірақ ол кезде де ретін тауып, Алматыда қалып қоятындар болғаны рас. Университетте жүргенде-ақ әрі ақын-сатирик, әрі әнші, әрі музыкалық аспаптардың кез-келгенінде ойнайтын сегіз қырлы бір сырлы жігіт ретінде танымал болған Қонысбайға да жақсы қызмет ұсынылды. Қуанып кеткенін айтатын өзі. Достары да «қал» деп қиылып жүрген екен. Өзі де жастықтың бал-шырын шағы өткен ару Алматыны қимай жүрген. Бірақ… ауылына барып келем деп кеткен Қонысбай шешімін өзгертеді. Оның елде қалуына себеп болған – соңынан ерген іні-қарындастары және анасынан айрылып, жаутаңдап қалған балаларды көздерін мөлдіретіп тастап кете алмайтынын айтқан жары Мүнира еді.

«Кеңес саудасы техникумы» деп аталатын оқу орнын енді ғана  тәмамдаған, өзі де сол балалардың үлкенімен құралпы жап-жас Мүнираның бұл қадамына ауылда таң қалмаған жан жоқ… Жұрттың бәрі де тойған қозыдай томпиған аппақ қыздың «Алматының бағы қандай; Алмасының дәмі балдай…» деп әнге қосып, бір көруді армандайтын қаланы Торғай түкпіріндегі кішкентай ауылға айырбастағанына сенбей жүрді. Бір күні қолды бір сілтеп кетіп қалар деп күткендер де болды.

Дегенмен, атам қазақ «Судың терең, саязын ағысынан білерсің; Аттың жақсы, жаманын шабысынан білерсің» дегенді бекер айтпаған ғой. Сөзге жоқ, шаруаға мығым Мүнира енесі өмірден өткелі күйі кеткен үйдің ішін шуаққа толтырам деп білек сыбана іске кірісті. Әлі келгенді өзі жөндеді, күші жетпейтін шаруаға қайныларын жұмылдырды. Үй де, қора-қопсы да жөнделді. Балалардың үсті-бастарын ретке келтірді. Атасының, ағайын-туғанның қас-қабағына қарап, мақтаулы келін атанды. Екінің бірін «құлатып» жататын ауыл емтиханынан қаладан келген келін сүрінбей өтті.

Ал жастайынан танымал болған жарының бабын табу – өз алдына ұзақ әңгіме. Шығармашылық адамының бірде жаз, бірде қыс мінезі болатыны бәрімізге белгілі. Шабыт іздеп шалықтайтын кездерде де, жазықсыз сүрінген кезде күйініп, қиналатын кездерде де қасында болып, ешбір шарт қоймай, есеп құрмай сүйетіндер – ақындардың жарлары дер едім. Егер сондай әйелдердің тізімі жасалса – Мүнираның тізім басындағылардың қатарында  болары сөзсіз.

Оның өзіне адал берілген жар, ақылшысы, жанашыры екенін Қонекең талай мойындап, небір әсерлі жыр жазды. «Сапардан қаншама кеш оралсам да; Жарығы тереземнің бір сөнбеген» деп, әнге де қосқаны белгілі. Таяуда сол жырлардан әсерленген бір келіншек: «Мынадай өлең арнаған сіздің арманыңыз жоқ шығар, апай» дегенде. «Бар, – деді Мүнира, – ешқандай жыр арнамай-ақ қасына ертіп жүрсе жететін еді…»

  1. Ана тілге қызмет ету

Қонысбай екеуміз бір өңірдің тумасы болғанымызбен, студент шақта да, оқу бітірген соң қызмет етіп жүрген кезімізде де араласа қойған жоқпыз. Өмірдің «қыз – жат жұрттық» деген заңымен мен басқа жаққа кеттім, ол елге оралды. Өз ауданында шығатын «Жаңа өмір» газетінің жауапты хатшысы болып қызмет ететінін естігенмін. Содан кейін «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің Торғай облысы бойынша меншікті тілшісі болған кездерінде шығармашылығына ден қоя бастадым. Оның себебі – қыз  бала сыртта жүрсе де құлағын төркін жаққа түріп жүретіндігі. Қонысбайдың жастар газетінде, Қайсар Әлім ағаның «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан хабарларын, очерктерін оқып,  туған жерге барып келгендей болатынмын.

Қонысбаймен ол Астана қаласы әкімі аппаратының тіл саясаты бөліміне қызметке келіп, кейін меңгерушісі болған (1998-2002) және  қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы болған (2002-2006) жылдары тығыз байланыста жұмыс істедік. Мемлекеттік  қызметте жүрген өзге ұлт өкілдерінің арасында өткізілетін қазақ тілін меңгеруге, халқымыздың салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін насихаттауға арналған іс-шараларда, тіл басқармасы ұйымдастыратын түрлі танымдық, зияткерлік конкурстарда жюри мүшесі, бірнеше рет төрағасы болдым. Айтқандай, кейін бірнеше рет республикалық деңгейде өткізілген «Үздік аудармашы» конкурсын да қала деңгейінде алғаш Қонекең ұйымдастырған болатын.

Меніңше орысша ойлайтын қаланы қазақтандыру ісінің басына осындай тұлғаны тағайындау – өте дұрыс шешім болды. Қонысбай ең қиын кезде, елордамыз көшіп келіп, аты қазақ елінің астанасы болғанмен, заты, ойлауы орысша қаланың тіршілігіне мемлекеттік тілді енгізу мәселесінде сірескен тоңды бұзған адамның бірі. Айтыстарда «тілім!» деп шырылдаған ақын іс жүзінде тіл үшін күрестің оңай еместігін өз басынан кешірді. Бірақ, алған бетінен қайтпады, небір қоқан-лоққылардан қаймықпады. Бірінен бірі қызықты, бірінен бірі ауқымды іс-шараларды өткізе бастады.

Мысалы, осы жылдары Қонысбайдың ұйымдастыруымен астанамызда республикалық деңгейде 10 ақындар айтысы өткізілгенін біреу біліп, біреу білмейді. Сондай-ақ жас ұрпақтың өз тілімізде мүдіріп сөйлейтінін байқап,   балаларды халық ертегілері кейіпкерлері рухында тәрбиелеу мақсатында «Тазша бала» конкурсы өткізілетін еді. Бар жаңалықтың астанадан бастау алатыны – заңдылық. Сондықтан Қонекең үшін қолға алған іс-шаралардың «өткізілді» деген белгі үшін емес, өміршең болуы бірінші орында тұратын.  Осылайша, Наурыз мейрамын халықтық мереке ретінде тойлау, Тіл фестивалін өткізу, Абай ескерткіші жанында «Поэзия сағатын» ұйымдастыру, елордада тұратын қаламгерлермен кездесулер өткізу дәстүрге айналды.

Өткізген іс-шаралар деңгейі ғана емес, өзі де өсті. Ел еркелеткен ақын, өзі қызу мінезді адам бұл істе сабыр мен салқынқандылық керек екенін ұғып, тактикасын өзгертті. Астанадағы тіл саясаты бойынша пікіріне құлақ түріп, санасатын тұлғаға айналды. Қала басшылығымен келісе отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесіне лайық қолданылуын қамтамасыз ететін жоспар құрды.

«Тіл білмейсің» деп көзге шұқымай, тілді үйрету керек деп, көпшілік айналып өтуге тырысатын мәселені күн тәртібіне шығарды. Сол мақсатта «Руханият» орталығының жұмысы жандандырылды. Мемлекеттік тілді оқыту орталығы ашылды. «Жалғыз ағаш – орман емес» екеніне көзі жетіп, Астанада тіл мәселесіне жаны ашитындарды маңайына топтастырды.  Алматыдан, басқа да өңірлерден рухтас, пікірлес адамдарды алдыртты.

Тағы бір проблема – қала мекемелеріндегі мемлекеттік тілдің жағдайын көтеру мәселесі қолға алынды. Ол кезде басқарманың жүйелі түрде тексеру құзыреті бар болатын. Бірақ бұл істе «асықпай жүріп, анық басу» керек. Бұлар  тексерілетін мекемеге алдын-ала хат жіберіп, ескертіп, шаруалары біткен соң қала әкімінің орынбасары деңгейінде тыңдаулар өткізіп отыруды жолға қойды.

Бұл жерде ең бастысы – тыңдауға мекеменің бірінші басшысы келуі тиіс деген қатаң талап болатын. Басшы емес орынбасары келген жағдайда қала әкімінің сол кездегі орынбасары Т.Мұхамеджанұлының: «Басшыңызға сәлем айтыңыз, ол келмей өткізбейміз» деп жиынды өткізбей тастаған кездері болғанын естіп, сүйінгенбіз. «Аюға намаз үйреткен таяқ» деген ғой, осындай талаптан кейін біраз басшының мемлекеттік тілге деген көзқарастары өзгергеніне де куә болдық.

Айтқандай, бір іс-шарадан кейін тілдің қолданылу аясын кеңейту, сол бағыттағы қауырт жұмыстары туралы пікір сұрағанда Қонысбайдың айтқыштығы ұстап: «Тіл игеру тың игеруден де қиын» дегенін де өз құлағымызбен естіп едік. Кейін ол «Астана ақшамы» газетінде шыққан мақаласына тақырып етіп қойылыпты. Қарап отырсаңыз, мақала тақырыбының өзі сол кездегі көп жайды аңғартып тұр емес пе?

  1. Ақын жайлы айтылар талай аңыз…

Қасымызда жүргенде адамды бағалай бермейтініміз өкінішті.  Ақынның «Жадымдағы жазбалар» деген кітабын оқып отырып, Торғайдың, айтыстың, астанадағы тіл саласының тұтас бір дәуірі оның есімімен байланысты екен-ау деп ойладым. Бәлкім, бұл жайды журналистика, филология факультеттерінде ескеріп, магистранттарға зерттеу объектісі ретінде ұсынылар? Елге, ұлтқа қызмет етуді мақсат етуден туындаса, ол істің үлкен-кішісі болмайтынына Қонысбай Әбілдің өмірі мысал бола алары анық.

Осыған орай тағы бір іс-шара еске түсіп отыр. Ерекше болғандығынан шығар. Бір жылы Қонысбай теміржолшылардың мәдениет үйінде торғайлық өнерпаздардың концертін ұйымдастырды. Ол кезде мән бермеппін, кейін ғана «Облыс жабылып, тоз-тозы шыққан ел-жұртын қуантқысы келген болар» деген ой келді. Ерте-ақ барғанбыз – зал лық толы. Түрегеліп тұрғандар, баспалдақтарда отырғандар қаншама! Сыртта қалған адам іштегіден көп. Концерт басталуға 15-20 минут қалғанда келіп, көліктерінен түскендер есіктің маңайына да жақындай алған жоқ. Әбіш аға Кекілбаевтың да сыртта екенін естіп, бір амалын тауып, жігіттер ішке кіргізген. (Концерт біткенде абыз жазушының сахнаға көтеріліп, ағыл-тегіл сөйлегені де қазір аңыз сияқты!)

Жұрт концертті бастаңдар дегендей қайта-қайта қол шапалақтайды. Ал шымылдықтың бер жағында аласапыран жағдайлар болып жатты. Біресе әлдекім ауырып қалып, бағдарлама өзгеріп, біресе техникалық себептер шығып, Қонекең кінәлілермен айтысып, шыр-пыр болып жүр. У да шу.

…Уақыт болып, шымылдық ашылды. Аппақ костюм киген Қонысбай жайраңдап шығып, өзі жүргізді. Өз көзіммен көрмесем, жаңа ғана уайымдап, күйіп-пісіп жүрген адам десе сенбес едім… Ал сахна сыртында оған сүйсіне қарап, ауыстыратын костюмдерін арқалап Мүнира тұрды.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА, жазушы, филология

                            ғылымдарының кандидаты,

Арқалық қаласының құрметті азаматы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button