Қоғам

Арқаның абзал аруы



Қызмет бабымен жүргенде әртүрлі азаматтармен кездесеміз. Олардың әрқайсысын өзіңше бағалайсың. Біреулері қызметіңді сыйласа, ал біреулері сенің адамгершілігіңді сыйлап, қызметтің қай дәрежесінде жүрсе де сенімін, көзқарасын өзгертпей жүреді. Кісілігімен өзіңді баурап алады. Сондай замандасымның қатарына Светлана Жақияқызы Жалмағамбетованы айтар едім. Светлана қарындасымыздың еңбек жолына қарап отырсам, қырық жылдан астам уақытта қатардағы инженерден бастап түрлі қызметте болса, соның денін Ақмола қаласында атқарған. Парламент депутаты болып та сайланды.

1998 жылы еліміздің астанасы ­Ақмолаға көшкенде тақыр жерге келген жоқ қой. Бұл қалада көршілес қалалар сияқты әлеуметтік-экономикалық жағынан дамып жатты. Сөздің реті келгенде айта кетейін, кейбір зиялы қауым өкілдері қаламызға теріс пікір білдіргілері келеді. Мәселен, газеттен бұрын жоғары дәрежелі қызметте болған бір азаматтың «Мен Ақмолаға алғашқы рет келгенде ит байласа тұратын жер емес сияқты болып көрінді» деген сөздерін оқыдым. Міне, біздің ел басқаруға қатысы бар адамның сөз саптауы осылай болды. Бұл кісіге айтарым: бұл қаланың қысы қатал, тұрғындары бауырмал дер едім. Осындай қаламыздың облыс орталығынан ел астанасына айналуы кезеңінде осы Светлана Жақияқызы секілді қайраткер азаматтарымыз үлкен еңбек сіңірді.

Светлана Жақияқызы «Целиноградсельмаш» сияқты үлкен зауытқа инженер болып орналасып, қалалық партия комитетінде, қаланың Ленин, Совет аудандарында жауапты қызметтер атқарып жүргенде қаланың өсіп-өркендеуіне беріле қызмет атқарды. Одан облыстық дәрежедегі қызметке ауысқанда да қаланың проблемаларын шешуге атсалысты. Облыс орталығы Көкшетауға көшкенге дейін қызметі Ақмола қаласымен байланысты болды. Одан кейін Сенатта депутат бола жүріп, Астананың дамуына, көркеюі­не, тұрғындарды астаналық етіп тәрбиелеуге де атсалысты.

Қазір  зейнетте жүрсе де, қоғамдық жұмыстардан тыс қалып жатқан жоқ. Оның айғағы деп, оның еңбегіне берілген «Парасат», «Құрмет» ордендері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және басқа да марапаттарын айтуға болады. Бұл айтылғандардың бәрі – мемлекеттік қызметтерде жеткен жетістіктері. Ал мемлекеттік қызметкер ретінде халыққа жасаған жақсылықтары қаншама?! Соның бір-екеуіне тоқтала кетейін. Бұл өткен ғасырдың сексенінші жылдардың аяғы. Отбасы жағдайына қарай Сілетіден Ақкөлге ауысуым керек болды. Облыс басшылығы ауысуыма қарсылық білдірмейді. Бірақ мұндай мәселеге жауапты болған марқұм ­М.Есмағамбетовадан сескенеді. Содан облыстық атқару комитетінің төрағасы Қасым ­Тәукеновке кірдім. Ол кісі мені түсініп, тапсырманы орынбасары ­Светлана ­Жалмағамбетоваға берді. Светлана Жақияқызы бастығының тапсырмасын у-шусыз орындап, мен қонысымды ауыстырдым. Содан кейін өз көзіммен көрген қамқорлығы – бұрынғы облыстық білім басқармасының басшысы Елена Дмитриненконы соңғы сапарға шығарып салудағы атқарған істері. Осындай ойға келгенде еске түсіре отырып, «басшы бол, халқыңа жақын бол» деген сөздің эталоны Светлана Жалмағамбетова дер едім.

Светлана Жақияқызы биыл мерейлі жасқа келді. Сіздің әлі де өзіңіз өмір сүріп жатқан, өлшеусіз еңбегіңіз сіңген Астана қаласының дамуына қосарыңыз мол деп ойлаймын. Мен сізді қазақ қыздарының ішіндегі адамгершілігі мол, мемлекеттік қайраткер деп бағалаймын.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

 Қазақстан журналистер Одағының мүшесі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button