Тағзым

Асауқара



Биыл көзі тірі болса белгілі қаламгер, от ауыз, орақ тілді журналист Жұматай Сабыр­жанұлы жетпіс жасқа толар еді?! Амал не, ақиқатты ар тұтқан ардақты азамат еңселі елудің бел ортасында жарық дүниемен қоштасып кете барды

АЛДЫМДА ҮЛГІ ТҰТҚАН АҒАМ ЕДІ

Бірде біздің ауыл «шу» ете қалды. Мектепте оқимын. Төртінші немесе бесінші сыныпта болса керек. Талқанбай әкем: «Біздің Жұматай Анас­ты газетке жазыпты ғой» деп Боқан қарияға айтып жатқан сөзін естіп қалдым. Кешкілік қойдың алдын күтіп тұрғанбыз. Сол сәтте тағы бір кісі қолындағы бумаланған «Ауыл» деп аталған газетті жайып жіберіп, отырғандарға әлгі мақаланы оқып берді. Бәрі риза болды. Кейбіреуі қарқылдап күлді. Анас әкеміз «Алакөл» бөлімшесінде зоотехник болып жүргенде, шаруашылықтың шаруасы қырын кетіп, ол кісіні аудандық райкомның бюросына салады. Партияның түкірігі жерге түспей тұрған шағы. Ақыры, жиналыста шіреніп отырған дөкейлер алдарында тұрған адамды сілкіп-cілкіп, партиядан шығаруға шешім қабылдайды.

Соңғы сөзді Анас әкемізге береді. Сонда ол кісі: «Осы сіздер мені партиядан шығарып жатырсыздар, ал мен ешқашан коммунист болған емеспін» деп сыпайы тіл қатыпты. Есінен танып қала жаздаған коммунистер қарамағындағы қызметкерді танымағаны үшін ауылдағы парторгты орнынан алып тастайды. Бар оқиға осы. Бірақ оны автор жұмырлап, жұтындырып, сол кездегі қоғамның қоясын ашып жазған. Анас деген адамды еміс-еміс естігенім бар. Өзім көрген емеспін. Бала күнімде қайтыс болған секілді. Көрші Қайролланың әкесі екенін білемін.

Жұматай ағаның есімін алғаш осылай естідім. Балалық қиялмен мен де бірдеңе шимайлап, болашақта журналист болсам деп армандаймын. Оның қандай мамандық екенін терең түсінбеймін де. Қолыма түскен кітап пен газет-журналды жұлығына дейін оқимын. Сөйтіп, жерлес ағамның жазғандарын мерзімді баспасөзден құр жібермеймін. Еліктегенімді де жасырғым келмейді. Біздің ауылдан шыққан Төлеген Сейдахметов деген тағы бір журналист бар.

Ол кісінің мақалалары күн сайын аудандық, облыстық газетте құлаш-құлаш жарық көреді. Ал Жұматай ағам олай емес. Сараң жазады. Қысқа әрі нұсқа. Біртүрлі тұшынбай қалам. Дөп жазғанды емес, көп жазған адамды күшті қаламгер деп ойлайтын балалық шақ қой!
1993 жылы ауылда ағайын­дар Сары Қошқар батыр бабамызға ас берді. Соған Жұматай аға Ақмоладан келді. Сыртынан көрдім. Жылқыбай құрдасымен қауқылдасып әңгімелесіп тұр екен. Жетіп барып, сәлем беруге батылым бармады. 1995 жылы дәм жазып, Ақмолаға келіп жоғары оқу орнына түстім. Күзде оқу басталды.

Ептеп өлең жазатыным бар еді. Соны облыстық «Арқа ажары» газетіне алып бардым. Руханият бөлімінде Жұмабике Егінбаева деген жүзі мейірімді ақын апай істейді екен. Сол өлеңдерімді алып қалып жатқанда, кабинетке Жұматай ағам кіріп келді. Жұмабике апай ол кісіге қарап:

– Мына бала Торғайдан келіпті, – деп айтып жатты. Мен жылыстап шығып бара жатыр едім, – Әй, інім тоқта, қай ауылдан боласың, – деп сұрады. Қысылып, ауылымның атын айттым.

– Ә, деп бетіме жалт қарады. Сөйтті де «өзімнің бауырым екенсің ғой» деп елді, туысқандарды сұрап, өлеңімді қарап берді. Бір-екі ескерту айтты. «Сенің әжеңнің бұзауын талай айдап әкеп бергем» деп жылы жымиды.

НАЙЗАҒАЙДАЙ ШЫНДЫҚТЫ АЙТЫП ЖАРҚЫЛДАҒАН

Шырқыраған шындықты айту қай кезде де оңай болмаған. Оны тек айтып қоймай, өмірлік ұстанымға айналдыр­ған адамдар сирек. Жұматай аға сол сиректердің сойынан. Бала жасынан ақиқатты ар тұтып өседі. Оның әр жазбасынан қылдай қиянатқа төзбеген қайсарлықты көресіз. Аудандық «Тың шұғыласы», облыстық «Торғай таңы», Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеттерінде еңбек етті. Қазақ журналистикасындағы өз жолын қалыптастырды.

Бейнелеп айтқанда, қалың орман ішінен сүрлеуін тап­қан кәнігі аңшыға ұқсайды. Сабыржанұлының стилін айт­пай-ақ танисыз. Бұл – қолға қалам ұстағандарға бұйыра бермес бақ. Әсіресе, қаламы қылыштай қайраулы тұлғаның республикалық «Ана тілі» басылымында істеген жылдары жұлдызы жарқырап жанды. Егемендіктің елең-алаң шағы. Еркіндіктің «алтын күрек» самалы есіп, қазақ журналистикасы дүр сілкінді. Талантты жазушы Марат Қабанбай публицистиканың алаңында арғымағын ойнатты. Оның бір қапталынан Жұматай Сабыржанұлының да тұлпары тіресіп отырды. Халықты елең еткізер толғамдарымен жасындай жарқылдады. Жұрт іздеп оқитын авторға айналды. Сол уақытта «Ана тілі» басылымына кілең бір шашасына шаң тимес жүйріктер жиналды. Соның басында бас редактор Жарылқап Бейсенбайұлы тұрды.

Не жазса да ширатып, шымыр жазатын қаламгердің тынысы ашылды. Белгілі журналист Сабыржан Шүкірұлы: «Жұматай кейде маңдайға пистолет тіреп қойғандай айтады» деп жазыпты. Азат ойлы азамат қаламынан орай да борай небір асыл дүниелерді саулатты. Жұматай ағаның қысқа хабарларын оқығанда еріксіз езуіңізге күлкі жүгіреді.

Тақырыптары қандай?! Алыстан қол бұлғап шақырып тұрады. «Ананың «аяулы емесі» де бола ма?», «Ел болатын жұрт елірмейді», «Ат артына мінгес­кен аяулым-ай…», «Ширамасақ шашыламыз», «Қазақ па, мазақ па?..», «Қазақстандағы қазақ мәселесі» деген ұлттың өзекті мәселелерін тіліп айтты.

Фельетон жанрының отын үрледі. Ақиқатты ту етіп, шындықты шырылдап айтудан жасқанбады. Осы орайда сыншы Сағат Әшімбаевтың мына бір сөзі есімізге түседі: «Өмірде шындық үшін күресе білмейтін адам, өнерде шындықты айтуды мұрат тұта бермесе керек. Өмірдің жолы ғана емес, шындықтың, күрестің жолы да тар да тайғақ жол, соқтықпалы, соқпақсыз жол, шырғалаңы мен шытырманы көп жол, алайда ең абыройлы жол екеніне ешкім де дауласа алмайды». Дәл осы орынды пікір Жұматай ағаға арналып айтылғандай.
Көбінесе Сабыржанұлының журналистикалық шеберлігін айтамыз да, сатиралық талантына тоқтала бермейміз. Ол кісі тумысынан сатирик.

Әзіл сөзге ұста болған. 1986 жылы «Жалын» баспасынан «Кәрі сайтан» деген әзіл сықақ кітабы жарық көрді. Оған сол кездегі аузы дуалы қаламгерлер жылы пікір білдірген. Біз де ағамыздың көркем шығармаларына зер салдық. Ұлттық образға бай туындылар. Еріксіз жымиясыз. Түрлі бейнелерді көресіз. Әсіресе, өткен дәуірдің көріністері көз алдыңызда тұрады. Сол қоғамның қатпарларына үңілесіз. Айталық, «Қараймын Қарайғанға..» деген шағын әңгімені алайық. Қысқа ғана, әрі кетсе бір жарым бет.

Шопанның әңгімесі. «Мен әйтеуір біреумін. Жасым 20 мен 60 арасында. Тұрағымды айтпаймын, Қарақұм, Жыланшық өңірін вертолетпен бір апта араласаңыздар, көріп қалуларыңыз мүмкін-дүр» деп басталады. Одан әрі автор кеңестік кезеңдегі жаһанда жалғыз үй отыр­ған шопан өмірінің ауыр күндерін суреттейді. Ел ішіндегі атқа мінерлердің жаны ашымас қылықтарын әшкерлейді. Кейіпкерлерді тартымды бейнелеп, оқиғаны ойнатады.

АТЫН КҮТІП МЕКТЕП ТҰР

2007 жылы Жұматай Сабыржанұлының алпыс жылдығына орай туғандары елге барып, ағамызға ас беріп, еске алу кешін өткізді. Сол кезде қарымды қаламгердің кіндік қаны тамып, өзі білім алған ауылындағы мектепке есімін беру туралы мәселе көтерілді. Оны сол уақыттағы аудан басшылары қолдап, құжаттары әзірленді. Ол облыстық ономас­тикалық комиссияға жөнелтілді. Міне, содан бері доптай домалап он жыл өтті. Әлі одан хабар жоқ. Бір қызығы, біздің ауылдағы мектеп әлі күнге дейін Ленин атамыздың зайыбы Н.Крупская әжеміздің есімімен аталады.

Биыл Тәуелсіздігімізге 26 жыл толады. Содан бері әжеміздің есімі де өзгерген жоқ. Ол кісінің де жаны сірі. Алып тас секілді қозғалмайды. Жұматай аға жай қатардағы адам емес. «Кәрі сайтан», «Өкпелесең өзің біл», «Мен таныған шындық» деп аталған кітаптардың авторы, қазақ журналистикасында өз орны бар тұлға. Ұлт үшін басын бәйгеге тіге білген азамат. Сондықтан қаламгердің жетпіс жылдық мерейтойында оған ауылымыздағы мектептің аты берілсе деп ойлаймын.

***

Әкем мені «Асауқара» деуші еді Қоғам ауыр… басып жатыр еңсені! – деп жазыпты ағамыз өзі туралы жазған өлеңінде. Халқымыз «Әке балаға сыншы» дейді. Сабыржан қария үлкен баласын «Асауқара» деп бекер айтпаған секілді. Үңіле білсек, осы бір ауыз сөзге Жұматай Сабыржанұлының бар болмысы сыйып кетеді.

Азамат
Есенжол




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button