Жаңалықтар

ӘСЕМ СУБҰРҚАҚТАР – ҚАЛА КӨРКІ



Елорданың төріндегі Республика даңғылының бо­йында орналасқан Жастар сарайының алды – байырғы астаналықтар үшін ең сүйікті демалыс орны болған жер. Соңғы жылдары елдің назары сол жағалауға ауып кеткен соң осы бір ескі субұрқақтар алаңы сәл шеттеп қалғандай еді. Дегенмен былтырдан бері қала әкімдігінің күш салуымен осы маңай жаңаша жаңғыртылып, тұрғындардың демалысы үшін қайтадан өте тартымды орынға айналды.

Жалпы аталған сарай тың игерудің 20 жылдығына орай мәскеулік ғылыми-зерттеу институты мамандарының жобалауымен салынып, 1975 жылы ашылған. Ал оның айналасын абаттандыру жұмыстары ХХ ғасырдың 80-жылдары басталып, орталық алаң және драма театрымен бірге осы сарайдың алдында субұрқақтар салынған. Содан бері Жастар сарайының басты «әшекейі» осындағы әдемі субұрқақтар болды. Аптап ыстықта әсем субұрқақтар айналасын салқындатып, оның маңайына кішкентай астаналықтар ойнау үшін көптеп жиналады. Жан-жағы абаттандырылып, ыңғайлы орындықтар қойылған. Мұнда шаңырақ көтеріп жатқан жастар да үйлену тойы күні келіп, жанында суретке түсуді әдетке айналдырған.

Былтыр бас қаладағы 43 субұрқақ пен 40-тан астам субұрқақ кешені тексеруден өткізіліп, қалпына келтірілді. Соның ішінде осы Жастар сарайы алдындағы субұрқақтар да бар. Сарайдың алдынан тіке Республика даңғылынан басталып, М.Әуезов көшесіне дейінгі аралықта орналасқан субұрқақтарға қайта жөндеу жүргізіліп, «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» жобасы аясында осы ұзын жол халық демалатын, балалар ойнайтын әдемі арбатқа айналдырылды. Аталған арбаттағы субұрқақ ортасында тұрған «Халықтар достығы» монументі 2003 жылы орнатылып, оны Елбасының өзі келіп ашқан.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button