Мәдениет

ӘШІРБЕК ӘЛЕМІН ӘСПЕТТЕЙДІ



Бүгін «Жастар» театрында көрнекті театр сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әшірбек Сығайдың туғанына 70 жыл толуына арналған Қазақстан драма театрлары XXV республикалық фестивалінің шымылдығы түріледі. 13 қыркүйекке дейін жалғасатын шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан театрлар ассоциациясы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырып отыр.

Фестивальдің негізгі мақсаты – бар ғұмырын театр өнеріне арнаған сарабдал сыншы, бірегей театр қайраткерінің шығармашылығын көпшілікке дәріптеу, соңына қалдырған мұрасын жаңғырту, есімін ел есінде мәңгі қалдыру болып отыр.

Сондай-ақ, оның барысында Қазақстандағы театр өнерінің бүгінгі даму бағыттары мен көркемдік келбетін зерделеп, өзара шығармашылық қарым-қатынасты одан әрі нығайту, театр өнеріндегі сабақтастықты сақтап, жаңашылдық үрдістерді дамыту, дарынды актерлер мен режиссерлерге қолдау көрсету көзделуде.

Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры, Республикалық академиялық неміс драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, Астанадағы «Жастар» театры, Шығыс Қазақстан облысының «Дариға-ай» жастар театры мен «Жас сахна» театрлары қатысады.
Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары фестиваль спектакльдерін Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, «Қазақстан» орталық концерт залы және «Жастар» театры сахналарынан тегін тамашалай алады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button