Басты ақпаратҚала тіршілігі

Астана агломерациясы: Қосшының жағдайы қалай?



Өткен жылдың қараша айында Астана қаласы мен Ақмола облы­сының әкімдері Астана агломерациясын дамыту жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Нәтижесінде Астана агломерациясының құрамына Ақмола облысының 123 елдімекені енді. Соның бірі – Қосшы ауылдық округі.

ШЕШІМІН КҮТКЕН ТҮЙТКІЛ КӨП

Елордадан небары 25 шақырым қашықтықтағы Қосшы ауылы Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласынан 300 шақырым жерде орын тепкен. Аталмыш ауылдық округтің құрамына Лесная поляна тұрғын үй алабы мен Тайтөбе ауылы кіреді. Мұнда ресми тіркелгендер 35 мыңнан асса, негізгі тұрғындар саны 50 мыңға жетіп жығылады екен. Оның 30 мыңы бір ғана Лесная полянаны мекендесе, үш мыңнан астамының қонысы Тайтөбеде. Ауылдық округте мәселе шаш етектен. Мұны өңірдің атқамінерлері соңғы 4-5 жылдың ішіндегі халық санының екі есеге өсуімен байланыстыратын көрінеді. Айта кетейік, Тайтөбе ауылы – тарихи мекен. Мұнда да шешімін күткен түйткілдер жетерлік. Бірақ бұл ауылдағы мәселе – бөлек тақырыптың тұздығы болғандықтан, тарих қойнауындағы мекеннің мәселесін жазуды алдағы күннің еншісіне қалдырдық. Әзірге Қосшы мен Лесная полянаның түйткілдерін қаламымызға арқау етпекпіз.
Жалпы, Астана маңындағы ауылдарда қаңғыбас иттер көбейіп кеткен. Бұған не себеп болып отырғанын әркім әртүрлі түсіндіреді. Мұндай мәселе Қосшыда да жоқ емес. Көшедегі қоқыс та – ауылдарға ортақ мәселе. Елорда іргесіндегі қоныстың ауылішілік жолдары да адам қызы­ғарлықтай емес. Тұрғындар жаз болса балшықтан, қыс болса қардан көз ашпайды.
Лесная поляна ықшам ауда­нындағы тағы бір мәселе – қо­ғамдық көлік. Автобустар ық­шам ауданның ішкі жағына кір­мей, тұрғын үй алабының тек жанынан өтеді. Қосшыдан келіп, ықшам аудандағы жаңа мек­тепте оқитын балалардың көбі жолды кесіп өтуге мәжбүр. Ал Астана – Қосшы автожолына ешқандай белгі қойылмаған. Бір ғана бағдаршам бар, оның өзі де бірде істесе, бірде істемей тұрады.
Ауылдағы және ықшам аудандағы ауызсу, ыстық су да – өзекті мәселе. Лесная поляна тұрғындары ыстық судың жоқтығынан токқа қосатын су жылыту апараттарын (аристон) пайдаланады. Соның салдарынан электр энергиясын тұтыну ақысы да көп мөлшерде есептеледі. Арасында ауық-ауық су тоқтап қалатыны тағы бар. Тіпті демалыс күндері 4-5-қабат тұрғындарына су жетпей қалатын кездер де жиі болып тұрады екен. Ондай кезде сусап қалған жұрт ыдысқа толтырып қойған суды пайдаланып, қам-қарекет жасайтын көрінеді. Онымен қоса мұндағы ауызсу ішуге жарамсыз болғандықтан, көпшілігі қара судың өзін дүкендердегі аппараттан литрін 5-10 теңгеге сатып алады.
«Лесная поляна тұрғын үй алабы – «Цесна» банктің кепілдігінде. Сондықтан мұндағы коммуналдық шығындар қалаға қарағанда анағұрлым қымбат. Сондай-ақ кез келген банкке төлеуге мүмкіндік жоқ. Тек қана «Цесна» банкке төлеу қажет. Сол үшін ықшам аудан жанындағы банк бөлімшесінде ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүрміз» дейді тұрғындар.

БАСТЫ МӘСЕЛЕ – МЕКТЕП ПЕН ЕМХАНА

Мұндағы қазіргі басты мәселе ол – мектеп пен аурухана. Бір көңіл қуантарлығы, осында 10-нан астам балабақша жұмыс істейді. Алайда мектеп саны үшеу-ақ. Оның бірі – Қосшы­дағы Р.Қошқарбаев атындағы 450 орындық ескі мектеп болса, Тайтөбе ауылы мен Лесная поляна тұрғын үй алабындағы мектептер 1200 орындық. Бірақ бұл білім ошақтарындағы оқушылар саны негізгі сыйымдылығынан 2-3 есеге көп. Мысалы, 450 орындық мектепте 1500 оқушы, ал 1200 балаға арналған Лесная полянадағы мектепте 3 мыңнан аса оқушы білім алады. Әрине, халық санының ұлғайып, еліміздің демографиясының дамып жатқаны жақсы-ақ, бірақ бір партада үш оқушыдан отырып, үш ауысыммен оқу балалар үшін қаншалықты тиімді?
Сонымен қатар аталмыш ауылдық округіндегі денсаулық сақтау саласы да аса мәз емес. Тайтөбе мен Қосшыда дәрігерлік амбулатория мен фельдшер пункті жұмыс істеп тұрғанмен, ем алу үшін тұрғындар Лесная полянаға барады. Ал мұндағы емхана екі қабатты ғимараттың жартысына жайғасқан. Ғимараттың екінші жағында «Цесна» банк бөлімшесі мен қызмет көрсету компаниясының мекемесі орналасқан. Емхананың дәлізі де өте тар. Тіпті қос қабырғаның арасы екі-ақ метр. Әсіресе, кішкентай нәрестелерімен кезек күткен адамдарға қиын-ақ. Кейде ұзын-сонар кезектен аяқ алып жүру мүмкін болмай кететін көрінеді. Астанадағы №1 перинаталдық орталық жанындағы «Шипагер» емханасы Қосшы ауыл­дық округі тұрғындарының балаларын тек бір жасқа толғаннан кейін ғана тіркеуге алады екен. Ал сәбилері жасқа толғанша қосшылықтар осында қаралуға мәжбүр. Онымен қоса сенбі күні түске дейін ғана жұмыс істейтін емхананың есігі жексенбіде мүлдем жабық. Демалыс күндері ауырып қалғандар ондағы жедел жәрдемге де сене бермейді. Өйткені көбіне жанармайы таусылып қалатын жедел жәрдем көлігінің діттеген жерге шұғыл жетіп баруы да екіталай. Сондықтан жексенбі күні жұртшылықтың басы ауырып, балтыры сыздаса, Астанадағы ақылы емханаларға барып, сарсаңға түседі.

ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК НЕ ДЕЙДІ?

Осы мәселелерді жіпке тізіп, Қосшы ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Сұлтан Орақбаймен сұхбаттасудың сәті түсті. Әкімнің міндетін атқарып жүргеніне бір ай енді ғана болған 29 жастағы Сұлтан Орақбай бұл өткір мәселелердің барлығынан хабардар екенін айтады.
– Ауылдық округке қатысты барлық мәселемен жіті таныспыз. Күнделікті қадағалауда ұстап отырамыз. Атқарылуы тиіс мәселелердің бары рас. Бірақ мұның бәрі бір күнде жасалатын шаруа емес. Жалпы, кешенді жоспарымыз бар. Сол жоспарға сай біртіндеп барлығы өз орнымен реттелетін болады. Мәселен, кешенді жоспар бойынша көптеген нысандарды, соның ішінде сауда ойын-сауық орындарын, екі спорт алаңын салу жоспарда тұр. Бұл жұмыстарға инвесторларды жұмылдыратын боламыз, – дейді С.Орақбай.
Қосшы ауылдық округіне қарасты екі мешіт бар. Оның бірі – Қосшыда, екіншісі – Тайтөбеде. Сұлтан Орақбайдың айтуынша, жеке кәсіпкерлер енді Лесная полянаға өз қаржыларына мешіт салу жөнінде ұсыныстарын білдіріпті. Мәселенің бәрі назарларында екенін айтқан ол Лесная полянадағы тұрғын үйлердің 5-қабатына судың жетпей қалуының себебін де түсіндірді.
– Бүгінде 9 су жіберу ұңғымасы бар. Бұл күніне 3200 текше метр ғана су береді. Ол, әрине, жеткі­ліксіз. Ал толықтай қамтамасыз ету үшін 9 мың текше метр су қажет. Жеткізілетін судың көлемін арттыру мақсатында 2016 жылы 6 ұңғыманың үшеуі­нің терең су сорғылары ауыс­тырылды. Мемлекеттік-жеке меншік әріптес­тік аясында су тапшылығын толығымен жабу үшін Нижнеромановка кен орнынан Қосшы ауылына су бөгеті қондырғылары мен су құбыры құрылысы басталды. Жоспар бойынша 14 ұңғыманы және 9.9 мың текше метр су тазартқышты орнату қарастырылған. Жалпы, жасалған келісімшарттың құны 2 миллиард теңгеден асады. Бұл жұ­мыс­тар 2019 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Осының барлығы іске қосылған кезде Қосшы ауылын толықтай сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады, – дейді ауыл басшысы.


«Жас келсе, іске» дейді. Өлкедегі барлық мәселені шешуге барын салатынын айтты ол. Қосшылықтар да жас басшыдан ілкімді істер күтеді.
Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімі Малғаждар Тәткеев есеп беру жиынынан бөлек жақында Қосшы ауылына арнайы ат басын бұрып, ауыл қарияларымен кездесті. Басқосудағы басты мақсат – ауылдағы мәселелердің мән-жайын аға буынның өз аузынан есту. Кездесу барысында жергілікті жұрттың базынасын тыңдаған Малғаждар Тәткеев ауылдағы барлық түйткілдер заң шеңберінде, жоспарға сай шеші­летінін айтты. Айтуынша, Қосшы ауылында тағы бір 1200 орындық жаңа мектеп пен көлемі кең емхананың ғимараты салынады екен. Қордаланған мәселелерді жіліктеп, жоспарға сай шешілу жолдарын айтқан аудан басшысы жиын соңында қосшылық қариялармен жиі жолығып тұруға уәде берді. Әрине, жоспар жоқ емес. Тек сол жоспарлар сөз жүзінде қалмай, жүйелі жүзеге асса игі.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button