Басты ақпарат

Астана ақылы автотұрағы



Үстіміздегі жылдың 15 қаңтарынан бері Астана әлемнің бірқатар мегаполистері тәжірибесіне сүйеніп, автомобильдердің ақылы тұрағы жүйесін өмірге енгізді. елорда тұрғындары үшін жаңа жүйе болғанымен, әлемнің көптеген елдерінде ол ертеден бері келе жатқан қызмет саласы болып табылады. Бұл үшін өткен жылы дүние жүзіндегі ең алғашқы ақылы автотұрақтың – АҚШ-тың Оклахома штатындағы паркингтің қатарға қосылғанына 82 жыл толғанын айтсақ та жеткілікті.
Міне, биылғы жылдың басында аталмыш жүйе Астана қаласында да пайда болды. Осыған орай біз жаңадан құрылған кәсіп­орын – «Астана автотұрақ кеңістігі» ЖШС директоры Ардақ Тұрғанқұлов­пен жолығып, өзімізді толғандырған бірқатар сұрақтарға жауап алған едік.

Жобаның жайы жылдар бойы зерттелді

– Ең алдымен бұл жобаның қалай пайда болғанын айтып берсеңіз…
– Астанада автотұрақ кеңістігін реттеп отыру туралы мәселе көтеріліп келе жатқанына талай жыл болды. Әсіресе, соңғы екі жылда қала билігі оны айрықша белсене зерттей бастады. Сол кезде шаһарда бірінші кезекте автотұрақ кеңістігінің кемдігіне көз жетті. Мұның ақырында Астана қалалық әкімдігі мен Жолаушылар көлігі басқармасы бірлесе жұмыс жасай отырып, ақылы тұрақтар ендіру жобасын дүниеге келтірді. Осының нәтижесінде «Астана қаласы автотұрақ кеңістігі басқармасы» деген жаңа құрылым құрылды.
Әлбетте, тікелей қала тұрғындарының мүддесін көздейтін мұндай салмақты жоба бір сәтте пайда бола салған жоқ. Нақты шешім қабылданғанға дейін де біраз зерттеу жұмыстары жүргізілді. Астанадағы көлік проблемасын шешу және жолдардағы тығыздықты азайту мақсатында халықаралық консультанттар да тартылды. Олар тұрақ кеңістігінің тығыздығы деңгейін анықтау үшін тұрғын үйлер кешендеріне жақын жерлердегі тұрақ орындарына талдау жасады. Зерттеу нысандарына паркингтердің өздері де кірді. Бұлардан бөлек, Түркістан, Достық, Орынбор көшелері мен «Нұржол» бульвары бойларына орналасқан тұрғын үйлер кешендері жанындағы территориялар зерттелді. Мониторинг елорданың мейлінше көлігі тығыз учаскелерінде таңертеңгі сағат 7.00-ден түнгі 2.00-ге дейін жүргізілді.
– Зерттеулер барысы неге көз жеткізді?
– Кейін бірінші тұрақ салынатын «Нұржол» бульварында жүргізілген көше-жол жүйесі талдауы бұл территорияға күні бойы қойылған 564 көліктің 238-інің оны ереже бұзу арқылы жасағанын анықтады. Аталмыш аумақта жүргізілген мониторинг жұмыстың қызған сәтінде мұнда 188 автокөліктің тұрғанын көрсетті. Әрбір көліктің орташа тұру уақыты 2 сағат 33 минутты, орынды пайдалану мөлшері 144 пайызды қамтыды. Осылайша көлік қою ережесінің бұзылуы 42 па­йызды құрады.
Бұдан басқа, жалпы мәліметтер негізінде, сондай-ақ Астана тұрғындарының тұрақ кеңістігі арасында үйлер жанындағы территориялардың көбірек сұ­ранысқа ие екені белгілі болды. Олар 42 пайызды құрады. Ал паркингті пайдаланушылар қатары небәрі 26 пайызға теңелді. Көлікті қою тәртібін бұ­зу­шылар 32 пайыздан асады. Бы­лайша айтқанда, жұрттың көбі паркингті пайдаланудың орнына көліктерін үйдің жанына қойып кеткенді қолай көретін болып шықты.
– Ақылы тұрақтың мәнзілі ретінде неге осы жақтағы «Нұржол» бульвары таңдап алынды?
– Бізге де бұл сұрақ жиі қойылады. Жұрттың көбі біздің неге тап осы «Нұржол» бульварын таңдап алғанымызды сұрап жатады. Бұған менің берер жауабым біреу-ақ: ол Астананың ең халық тығыз тұратын аймақтарының біріне жатады, бұл маңға келетін көліктердің де саны көп. Бұған қоса, бұл аумақ елорданың әкімшілік ғимараттары, ірі сауда-сауық орталықтары орналасқан аудан болып табылады. Үкімет үйі мен басқа да мемлекеттік органдар ғимараттары осы жерге тиіп тұр. Сондықтан да сол жағалаудағы бұл атыраптан таңертеңгі 9-дан кейін көлікке орын табу іс жүзінде мүмкін емес.
Міне, қала билігі бірінші кезекте тап осы жерде тестілік режимдегі тұрақ кеңістігін басқару жүйесін енгізді. Тағы да цифрларға жүгінсек, «Нұржол» бульварында 472 тұрақтық орын бар. «Керуен» сауда-сауық орталығы жанында тұрақ тығыздығы 175 пайызды құрайды, ал көлік қою ережесін бұзушылық 61 пайыз­ға дейін барады. Сол сияқты «Нұрсая» тұрғын үй кешені жанындағы тығыздық та осыған жетеқабыл, ол 154 пайызбен өлшенсе, ережені сақтамаушылық 41 пайызды маңайлайды.

Тәртіп бұзушылық талай рет жолдан қалдырған

– Мұндай тәртіп бұзушы­лық­тардың себебі неде?
– Осының бәрі автокөлік иелері көпшілігінің тұрақ орындарын көп жағдайда өзінің «жеке» мекені ретінде пайдаланатындарынан шығып отыр. Олардың дандайсып кеткендері сонша, машиналарын сол тұрған орындарында бірнеше күнге дейін тастап кететіндер де жиі кездеседі. Дәл осындай әркімнің өзіне орын белгілеп алып, оны жеке меншігіндей көретін жағдайлары бұрынырақта Мәскеудің орталығында жиі ұшырасатын еді. Бұл қала көшелеріндегі кептеліс пен тежелісті тым ушықтырып жіберді. Сондықтан онда ақылы тұрақ енгізуге тура келді. Мұның қолайлы екеніне көп ұзамай жүргізушілер де көз жеткізе бас­тады. Біріншіден, осы арқылы орасан зор уақыт үнемделетін болды. Жүргізуші енді тұратын орында бұрынғыдай сағаттап іздеп жүрмейді, қай жерде қандай орын бар екенін көрсетіп тұратын арнайы жүйенің көмегімен бос тұрған жерде тез тауып алып, өзінің шаруасымен кете береді. Екіншіден, ақылы тұрақ жүргізушіні барынша тәртіпті болуға үйретеді. Осының арқасында ол мәселені тез және тиімді етіп шешіп алуға қалыптасады.
Енді «Нұржол» бульварына қатысты тағы бір айтарым, бұл – ақылы тұрақтар енгізу жүйесінің бастапқы басқышы ғана. Таяу келешекте ақылы тұрақтар елорданың барлық аудандарында пайда болады. Әзірге бұл «алғашқы қарлығаш» Астананың әкімшілік орталығында қанат жаяды. Бульвардың бойында ірі мемлекеттік органдар мен жеке компаниялардың 15 ғимараты тұр.
Жобаның басты міндеті – тұ­рақ орындарының қолжетім­ділігін қамтамасыз ету. Біз ма­шиналардың офис терезесі алдында сағаттап тұрып қалмауының барлық мүмкіндіктерін жасаймыз. Аталмыш учаскеде 24 тұрақ мекені жасалды, оларда 487 тұрақтық орын бар. Қазір тұрақ кеңістігін басқару жүйесін пайдаланудың тәжірибесі жүріп жатыр. Біз осы ауданда тұраққа қойылған барлық көліктерді фотоға түсіріп алып тұрамыз.
– Ақылы тұрақ орындарын ұйымдастыру қаншаға түсті?
– Қазіргі мезетте инвестор аталмыш жоба үшін 400 миллион теңгеден артық ақша салып, өзінің міндеттемелерін толық орындады деуімізге болады. Біздің есебіміз бойынша, Астанадағы 9 700 тұрақ орны жобасының жалпы құны 2 миллиард теңгенің шамасында қаржы жаратуды талап етеді. Мұнда жоба жасаудың өзіне ғана 200 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалады.
– Ақылы автотұрақ жобасы табыс әкеле ме? Ол қай кезде өзін-өзі ақтайды?
– Жоба автотұрақ орындарының орта есеппен 70 пайызы тұрақты пайдаланылып тұрған жағдайда өзі қызметке кіріскен төртінші жылында таза табыс әкеле бастайды. Ал оның өзін- өзі ақтау мерзімі ұсынылған технологиялық шешімнің шеңберінде кемінде 20 жыл болған кезде ғана басталады. Аталмыш мерзімнің қаржы моделіне сәйкес, осы уақыт ішінде олардағы жабдықтарды толық ауыстырып шығуды көздейтін 3 технология­лық реновация жүргізу жоспарланып қойылған.
– Қазір жұмыс жасап тұрған ақылы тұрақтар айына қанша сомада қаржы жинай алады?
– Айына тұрақтар 100 пайыз­дық пайдаланылу коэффициентін көрсете алған жағдайда 12,5 миллион теңгеге жуық ақша түсіріп тұрады.
– Бұл қаржы қандай мақсаттарға жаратылады?
– Тұрақтың 1 сағаттық бағасы 100 теңге тұрады. Мұның 12 теңгесі – салыққа, 9 теңгесі тұрақ аймағын ұстап тұруға ұсталады. Тағы 10 теңгені амортизацияға береміз, 21 теңгені тұрақтарды пайдалануға, техникалық қызмет көрсетуге, жөндеуге, басқару жүйесіне төлейміз, 23 теңге инвестицияны қайтаруға жұмсалады, 5 теңге қызметкерлердің жалақысы болса, тағы
5 теңге төлем агентінің комиссиясына кетеді, 7 теңге мемлекеттік әріптеске ұсынылады, ал 8 теңге жеке әріптестің таза табысы болып табылады.

Тұрақтағы бағалар тұрақты болады

– Тұрақтың бағалары тұ­рақты қалып ұстай ма?
– Қалалық әкімдік тұрақ тарифін белгілеп берген. Оның, бекітілген қаулыға сәйкес, әр сағаттық баға 100 теңге тұратынын жаңа айттым. Сондықтан жақын арада баға туралы қайта әңгіме болуы мүмкін емес.
– Сонда орта деңгейлі көлік иесі тұрақ үшін айына қанша төлейді? Мен бұл жерде «Нұр­жол» бульварына жақын жерде жұмыс жасайтын немесе сол маңда тұратын тұрақты клиентке қатысты сөз қозғап отырмын.
– Ақылы тұрақтар жобасының пайда болғанына айдан енді ғана асты. Статистика болса, күн сайын өзгеріп жатыр. Сол себепті тұрақты клиенттер туралы да әзірге ештеңе айта алмаймын. Бұған әлі ерте. Дегенмен, біздің жүйеде тәулігіне 1200 теңге төлегендер кездесіп қалуда. Бұл белгілі автокөлік иесінің тұрақ мекенін 12 сағат пайдаланғанын көрсетеді.
– Кейбір мейрамханаларда әлдеқандай бір оқиғаларға байланысты кеш ұйымдастырылып жатады. Мұндай клиенттерге көр­сетілетін жеңілдіктер бар ма?
– Егер олар тұрақты клиенттер болса, біздің назарымыздан тыс қалмайды. Бәлки, тегін абонементтер де болып қалар. Қалай дегенде, осыған ұқсас акциялардың болатыны анық. Бірақ оның жай-жапсарын қазір толық ашып айта алмаймын. Әйтпесе, оның несі тосын сый болмақ?


– Тұрақ төлемі қалай төленеді?
– Паркинг үшін ақы төлеу «Актив» және «Билайн» мобильді операторларына арналған sms көмегімен паркомат арқылы жүр­гізіледі. Ол теңге тастау немесе банк картасы жолымен жаса­лады. Бұл үшін Android және iOS мобильді қосымшаларын пайдалану керек. Бұдан бөлек, төлемді www.2888.kz сайтындағы жеке
кабинеттен жасауға да болады. Сол сияқты 9 ақпаннан бері барлық мобильді операторлардың абоненттері «Касса 24» терминалын пайдалана бастады.
– Көлік тұрақта ақы төленген уақытынан көбірек тұрып қалған жағдайда не істеу керек?
– Сол тәулік аяқталғанша, яғни сағат тілі 24:00 соққанға дейін міндетті түрде қалған сома есепшот арқылы төленуге тиіс. Көлік иесі сайтқа тіркелген кезде есепшот автоматты түрде өзі ашылады. Олай етпеген жағдайда ол тұрақ төлемін төлеуден жалтарған болып саналып, 3 ең төменгі есепті жалақы мөлшерінде айыппұл салынады.
– Бұдан басқа, автомобиль иелеріне қатысты тағы қандай айыппұлдар немесе өзге әсер ету шаралары қарастырылған?
– Тұрақ үшін ақы төлеуден бас тартушылыққа қандай шара қолданылатынын жоғарыда айттым. Жыл көлемінде бұл жағдай екінші рет қайталанған жағдайда бұған кінәлі көлік иесі 5 ең төменгі есепті жалақы мөлшерінде айыппұл төлейтін болады. Мұның бәрі Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінен алынып отыр. Бірақ айыппұл салу біздің құзыры­мыз­ға кірмейді, оны Астана қалалық Ішкі істер департаментіне қарас­ты Әкімшілік полициясы басқармасы жасайды.
– Белгіленіп қойылған паркоматтардың бәрі дұрыс жұмыс істеп тұр ма? Оларды әлдекімдердің сырттан бұзғысы келген әрекеттері байқалған жоқ па?
– Иә, қазіргі барлық паркоматтар қалыпты жағдайда жұмыс жасайды. Біз оларды қосымшалар арқылы ұдайы бақылауда ұстап отырмыз. Осыған арналған бағдарлама паркоматтардың техникалық жағдайынан, ондағы аккумулятордың заряды, транзакциялар саны, ақаулығы және басқа жағдаяты жөнінен хабар беріп тұрады. Біздің техникалық қызметіміз оларды үнемі аралап шығып, регламентті жұмыстар жүргізіп тұрады. Әзірге әлгіндей бұзақылық-тонаушылық әрекеттері кездескен жоқ.

Мегаполистер үшін ауадай керек жүйе

– Жоба өзін-өзі ақтай ма? Осы­мен қаладағы автотұрақ проб­лемасы толық шешіле ме?
– Елорда үшін мұндай жобаның керек екені еш күмән туғызбайды. Қазіргі заманғы мегаполис­тер үшін ол ауадай қажет нәрсе. Астанада тек көлік иелері ғана емес, сонымен бірге жаяу жүргіншілер де тұрады. Осыған орай
біз екі жақтың да мүдделерін ескеруіміз керек. Бірақ қазіргі таңдағы Астананың ең басты проблемасы күнделікті болып жататын қала орталығындағы кептелістер мен тежелістер болып тұр. Сол мәселені шешу бүгінгі күннің басты міндеттерінің біріне айналып отыр.
Біздің аталмыш жобаны іске қосқанымызға айдан енді ғана асып барады. Сондықтан оның өзін-өзі ақтағаны немесе ақтамағаны туралы кесімді пікір білдіруге ерте. Жалпы жобадағы 9 700 тұрақтық орын жылдың соңына дейін толық дайындалуы тиіс. Әзірге біз осыған қатысты барлық мәліметтерді жинастырып жатыр­мыз. Мұның статистикалық көрсеткіштерін инфографика түрінде көрсететін уақыт та қашық емес.
– Ақылы автотұрақтарды ұйымдастыруда Астана мен Алматының арасында қандай айыр­машылық бар? Қай жақта ол ыңғайлырақ жасалып жатыр?
– Шынтуайтына келгенде, бүкіл әлемде автотұрақтар жүйесінің техникалық шешімі іс жүзінде бір-бірлеріне ұқсас келеді. Біздің жағдайымызда да солай. Екі жақ­тың белгілеп отырған бағалары да бірдей. Төлем жолдарында да айыр­ма жоқ. Біз тек жүйені кейі­нірек іске қостық. Соның нәтижесінде әріптестерімізден үйреніп, олардың жіберген олқылықтарына жол бермеуге күш салдық. Сөйтіп, автомобиль иелерінің ренішін туғызатын жақтардан сақтандық.
– Таяуда болған қатты аяздар кезінде Алматыдағы паркоматтар тоқтап қалған екен. Астанада ондай жағдай болмай ма?
– Елорда климатының қатал екенінен қарамастан, біздегі паркоматтар өздерін өте жақсы қырынан көрсетті. Теңге қабылдайтын ұяшықтар ақаусыз жұмыс істеп тұрды. Ал айрықша аяз болған күндері қала әкімі Әсет Исекешевтің бастамашылығымен біз тұрақ үшін ақы да алған жоқпыз.
– Жаңа ақылы тұрақтар қайда және қашан қатарға қосылады?
– Биылғы жылдың бірінші тоқсаны ішінде Қонаев, Сарайшық, Сығанақ көшелерінде, Мәңгілік Ел, және Қабанбай батыр даңғылдары аудандарында ақылы тұрақтар жасалады. Жылдың соңына дейін ақылы тұрақтар аймағы оң жа­ғалау­дағы Уәлиханов, Бараев көшелері мен Сарыарқа, Бөгенбай батыр, Респуб­лика даңғылдары аудандарындағы учаскелер есебінен кеңейе түседі.

Сұхбаттасқан
Серік ПІРНАЗАР




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button