Мәдениет

«АСТАНА АРУЫ-2016»



Бұрнағы күні шаһарымызда қала əкімдігінің қолдауымен «Астана аруы-2016» сəн байқауы өтті. Оған білімі мен білігі, ақылы мен көркі бойында тұнған арулар байқауына еліміздің жоғары оқу орнында білім алып жатқан 20 ару қатысты. Ал аталмыш іс-шараның ұйымдастырушысы болуға «Prima Vera» модельдік агенттігі ықылас танытты.

05_1

Байқауды ұйымдас­тыр­ғандағы мақсат та сол, қыз балалар арасында отбасылық құндылықтарды дәріптеу және олардың қоғам өміріне белсене араласуына айрықша мән беру. Әрине, салауатты ұр­пақтың дүниеге келуі алдымен қыз балаға байланысты. Сон­дықтан елімізде осындай сұлу­лық байқауларының көптеп ұйымдастырылып жатқаны – көңілге демеу. Себебі бүгінгі қыз бала – ертеңгі ел анасы, бір-бір әулеттің ұйытқысы.
Байқау ережесі бойынша қыз­дар 4 кезеңнен де сүрінбей өтіп, бар өнерлерін ортаға салудан аянып қалмауы шарт. Бірінші кезең «Визиттік карта» деген атаумен басталып кетті. Бұл бөлімде барлық үміткердің сайысқа қатысудағы мақсаты, өмірлік ұстанымы, өнері көрерменге кеңінен таныстырылды.
Ал «Менің Қазақстаным» атты екінші кезеңде қатысу­шылар ұлттық киімдерден дефиле көр­сетті. Түрлі-түсті жау­һар тас­тармен көмкерілген ұлттық киім­дер расымен де көздің жауын алып, керемет үйлесім тапқандай. Әсіресе, жоғары жақтан сахнаға түскен шамның жарығынан сахна төрі сұлулығы мен сымбаты жарасқан арулармен одан әрі жарқырай түсті. Бұл бөлім аяқталысымен LED экран арқылы «Астана аруы-2016» сайысының арнайы видеокүнделігі көрсетілді. Іріктеу кезеңінен финалға дейінгі талай сатыларды ба­ғындырған арулардың байқау барысындағы өмірі, пікірлері мен сайыс аясында атқарған іс-шаралар видеосюжеттен көрініс тапты. Ал «Шерше ля фам» атты үшінші кезеңде барлық арулардың қатысуымен сахналық қойылым көрсетілген болса, соңғы кезең «Сұлулық. Кербездік. Әсемдік» деген атау­мен өтті.
Сондай-ақ, Әли Оқапов, Карина Каренина сияқты эстрада жұлдыздары ән шырқап, думанды кештің көрігін қыздыра түссе, сайыс ортасында қызылды-жасылды түске боялған робот кейпіндегі лазерлік шоу қалың көрерменді тәнті етті.
– Сұлулық бәйгесіне 17-23 жас аралығындағы арулар қатысып жатыр. Бəрі де марапатқа лайық деп айтқым келеді. Іріктеу кезеңі 8 қазан күні басталған болатын. Уақыттың тығыздығына қарамастан, олар бар өнерлерін ортаға салып, мүмкіншілігі мен қабілеттерін көрсете білді. Бір айта кетерлігі, жыл сайын сайысқа қатысушылар қатары көбеймесе, азаймақ емес. Бұл – қуантарлық жағдай. Мұндай байқауға қатысқан қыздар өз қатарластарынан біртабан алда болып, өмірге азық болар тəжірибе жинай түседі, рухани тұрғыдан да өсу байқалады.
Ал байқау қорытындысы жөнінде айтар болсақ, бүгінгі кеште топ жарып, суырылып алға шыққан 3 аруымыз «Қа­зақстан аруы» ұлттық бай­қауына жолдама алып, əрі қарай өнер көрсетпек, – деді кон­курс директоры Ольга Радеш.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғымен тұспа-тұс келген биылғы «Астана аруы-2016» сұлулар сайысын қорытын­дылай келе, аталмыш байқауда бірқатар ару қыздарымыз же­ңіс тұғырынан көрінді.
Осылайша, 3-вице-ару аталымында Бибінұр Есімова жеңіс­ке жетсе, 2-вице-ару Екатерина Подгородецкая атанды. Ал 1-вице-ару номинациясында тұғырдан көріну Бегайым Жолабековаға бұйырды. Биылғы жылы «Астана аруы-2016» бай­қауында бас жүлдегер  18 жасар астаналық Елназ Нұрсейітова атанды. Же­ңімпазды бас жүлде – 1 000 000 теңге көлеміндегі серти­фикатпен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева марапаттай отырып, барлық қатысушыларға алғыс айтып, табыс тіледі.
Әлемдік ақын-жазушылар шы­ғармаларының өзегіне ай­нал­ған махаббат тақырыбы – адамзат атаулының жырлап өтер құ­ді­реті. Ал махаббатқа арқау болар – сұлулық. Ендеше, әлемді құт­қаратын бұл, әрине, сұлулық деген теңеуге келіспеске болмай­тын сыңай­лы?! Талайды тамсан­дырған бұл байқау бас қалада осылайша өз мəресіне жетті.

Əмір ДОСҚОЖА




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button