Жаңалықтар

АСТАНА – ИТАЛИЯЛЫҚТЫҢ КӨЗІМЕН



Италиялық фотограф және журналист Антонио Политано Астанада болып жатқан айтулы оқиға «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне арнап Италияда фотокөрме өткізбек. Бұл туралы медиа орталықта өткен баспасөз мәжілісінде мәлім болды. Сол жиында Италияның Қазақстандағы елшісі және ұлттық павильон комиссары Стефано Раваньян көрме аясында өтетін мәдени шаралармен таныстырды.

Антонио Политано кәсіби фотограф ретінде көптеген елдерде танымал. Ол La Repubblica және National Geographic Italy сынды белгілі басылымдарда жұмыс істейді. Өзі айтқандай, Италияда ұйымдастырылатын фотокөрме италиялықтардың Астана туралы көбірек біліп, ЭКСПО сияқты ауқымды шара мен қазақ жұртының салт-дәстүрімен танысуына таптыр­мас мүмкіндік.

– Мен жергілікті халықтың тыныс-тіршілігінен хабар беріп тұратын көріністерді жақсы көремін. Көбінесе адамдардың қимыл-қозғалыстағы сәттерін қағып алғанды ұнатамын. Этноауылға барып, қазақ халқымен жақынырақ таныстым десем де болады. Жергілікті халықтың сэлфиге түсуді ұнататынын байқадым. Астана маған жақсы әсер қалдырды. Мен үшін Президент резиденциясы – Ақорда маңында тұрғын үйлердің салынуы – таңғаларлық жағдай. Астананың әсем архитектурасын да ерекше атап өткім келеді, – деді ол.

Фотографтың объективіне Италия павильоны да ілікті. Антонио ондағы роботтың өздігінен сурет салуы, аумақтағы қабырғалардың елде қолданылатын энергия көздері жайлы мағлұмат беруі сынды дүниелерді түсіріп алды.

Комиссар Стефано Раваньянның айтуынша, кеше Италия павильоны алаңында кешкі сағат жетіде басталған джаз кеші 22 шілдеге дейін жалғасады. Ал 23 шілдеде қала әкімдігі ғимаратының алдында сағат 20.00-де италиялық саксофоншы және композитор Габриэле Буоносорте, соқпалы музыкалы аспапта ойнайтын Саверио Федеричи және қазақстандық бас гитарашы Еркебұлан Ожекенов пен пернелі аспаптың құлағында ойнайтын Венера Тельманның қатысуымен джаз концерті болады.

Сондай-ақ, 27 шілдеде Бәйтерек монументінің алаңында сағат 19.00-де Амброжио Спаранья жетекшілігімен «Италияға саяхат» атты халық аспаптар концерті өтеді. Келесі күні Ұлттық кітапхана төрінде сағат 17.00-де «Лационың жасыл экономикасы ЭКСПО-2017 көрмесінде» деген кітаптың тұсауы кесіледі. Оған қоса, Италия 29 шілде күні келем деушілерді қалашықта сағат 19:00-де өтетін ұлттық музыка концертіне шақырады. Екі ел арасындағы айтулы мәдени шараның бірі деп 3 қыркүйекте өтетін «Астана Опера» театрында опера әншісі Павароттиді еске алу концертін айтуға болады.

Гүлдана  ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button