Мәдениет

Астана мәдениетінің басты ордасы



Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония – елорданың маңдайалды өнер ұжымы. Мемлекет қорғауындағы Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген еліміздегі ең ірі филармонияның ғасырдан астам тарихы бар. Өнер ордасына 2014 жылы Үкімет қаулысымен «Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы» мәртебесі берілді. Бас қаланың ширек ғасырлық тарихын жасауда да орны бөлек, мәдени ұжымның биылғы жұмыстары мен алдағы жоспары туралы филармония директоры, Астана қаласы мәслихатының депутаты Ерлан Дакеновпен сұхбат құрған едік.

– Жақында елорда мәслихатында филармонияның керегесі кеңейіп, шығармашылық ұжымдар үшін дайындық және камералық зал болатын ғимарат берілгені туралы айтылды. Сөзіңізді осы жағымды жаңалықтан бастасаңыз…

– Иә, ол рас. Қаламызда кеңестік кезеңде «Октябрь» кинотеатры болған. Осы кинотеатр кезінде жекеменшікке өтіп кеткен болатын. Сол тарихи ғимарат мемлекет меншігіне қайтарылып отыр, яғни ескі жәдігер енді қайтадан өнер ордасы ретінде қызмет атқарады. Музыка сүйер жандар үшін мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залы осы ғимаратта есігін айқара ашты. Жалпы филармония құрамында 660-ға жуық қызметкер, 13 шығармашылық ұжым жұмыс істейді, атап айтқанда, олар – Қазақ оркестрі, симфониялық оркестр, үрлемелі оркестр, ішекті квартет, камералық хор, «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Қорқыт» этно-ансамблі, классикалық және эстрадалық вокал бөлімдері, халық әні бөлімі, «ALEM» заманауи би балеті. «Конгресс-холл» атауымен танылған филармония ғимараты негізінен, концерттік ұйым болып саналады, ал осыншама көп ұжымға дайындық жүргізетін және қосымша камералық залдар жеткіліксіз еді. Жаңадан берілген ғимарат залына 100-ге жуық адам сыяды. Сондықтан оны симфониялық оркестр, қазақ оркестрі және үрлемелі оркестр мен камералық хор ұжымдарының дайындық базасы, камералық және классикалық концерттер мен іс-шараларын өткізуге арналған камералық зал ретінде пайдаланамыз.

– Елорда мәдениеті мен өнерін танытудағы жетекші ұжымның Астананың 25 жылдық мерейтойы аясында атқарған жұмыстары ауқымды болғаны сөзсіз. Жылды қалай қорытындылап отырсыздар?

– Биыл 11 айда филармония ұжымдары мен әртістерінің қатысуымен 330-дан аса іс-шара өткізілді, соны тамашалауға келген көрермендер саны 480 мыңнан асты. Оның ішінде тек елорда, тіпті ел көлемінде ғана емес, шетелдерге де гастрольдік сапарларға шыққанымызды айта кеткім келеді. Атап айтқанда, Шанхай, Анкара, Сеул, Куала-Лумпур, София, Люксембург сынды әлемнің әйгілі қалаларына гастрольдік сапарлар ұйымдас­тырылды. 2023 жылы сахна шымылдығын Еркеғали Рахмадиевтің шығармашылығына негізделген «Таң самалы» атты концертімен аштық.

Одан бөлек, 9 ақпан ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Есіңе мені алғайсың» концерті, Мұқан Төлебаевтың 110 жылдығына арналған «Мұқанның мәңгілік мұрасы» концерті, Амангелді Имановтың 150 жылдығына арналған «Дала дауылпазы», Құрманғазының шығармашылығына арналған «Күй атасы – Құрманғазы» концерттері өткізілді. Мамыр айында Айгүл Қосанованың «Айнамкөз» концерті, Мемлекеттік Рәміздер күніне орай Қазақстан мен Татарстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаеваның «Еліме тағзым», ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ұлықпан Жолдасовтың «Ақ қанат – ақ құсым» концертін ұсындық. Жеке өнерпаздарымыз Қырғызстан, Өзбекстан және т.б. елдерде өткен байқаулардан жүлделі орындармен оралды. Жақында ғана Талдықорған қаласында өткен «Жетісу сазы» республикалық фольклорлы-этнографиялық ансамбльдер арасындағы байқау-фестиваліне «Қорқыт» этно ансамблі қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Ел ішінде Атырау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Қарағанды және басқа да облыстарға бардық. Бізді өзге облыстардағы өнер ұжымдары да құттықтап келіп, филармония ғимаратында концерттер қойды.

Қала күніне арналған ауқымды іс-шаралардың бірі Астананың 25 жылдығын мерекелеу аясында «Filarmonia Fest – 2023» фестивалін өткіздік. Маңызды іс-шара қоғамда мерекелік атмосфера мен жағымды көңіл-күй қалыптастыруға, филармонияның шығармашылық ұжымдарының туындыларын танымал етіп, жеке брендті қалыптастыруға, өскелең ұрпақтың адамгершілік қасиеттері мен өнерсүйгіштік қырын қалыптастыруға бағытталды. Фестивальдің ауқымдылығы сонша оған 500-ден астам өнер адамдары қатысты. Жалпы филармония ұжымдары концерттерден бөлек, түрлі алаңдарда қайырымдылық шараларын өткізумен айналысып келеді. Сондай-ақ мектептер мен университеттер, ауруханаларда, әлеуметтік мекемелерде, қаладағы қоғамдық кеңістіктерде концерттер ұйымдастырады.

– Шетелдерге концерттермен барғанда олардың біздің мәдениетіміз бен өнерімізге деген қызығушылығы қандай деңгейде екенін байқайсыз?

– Өте жоғары деңгейде. Әсіресе, ұлттық киімдеріміз мен аспаптарымызға, әніміз бен күйіміз және биімізге ерекше таңданыспен қызыға қарайтынын байқап жүрміз. Әлемді бәріне таныс классикалық немесе заманауи өнермен емес, бірінші кезекте ұлттық өнерімізбен таңқалдыра алатынымыз қазір таңсық дүние болмай қалды деп ойлаймын.

– Тарихи жәдігерлер қатарындағы байырғы өнер ордасы, ондағы ұжымдардың елорда мен еліміздің мәдениеті мен өнерін көтерудегі ұшан-теңіз еңбегі жайлы кітаптар, деректі фильмдер шығару жоспарда бар ма?

– Иә, ол – басты жоспарда тұрған шаруа. Бүгінгі таңда филармонияның құрылған күнінен бастап қазірге дейін­гі тарихы жайлы деректер мен фотосуреттер, естеліктер жинақталған кітап жазылуда.

– Алдағы жылға қандай жоспар бар?

– Жалпы жылдағыдай жоспарлы жұмыстар жалғасын таба береді. Соның ішінде ең ауқымдысы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары болғалы тұр. Бұл іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне біз де атсалысамыз. 2024 жылдың қыркүйек айында өтетін 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады деп күтіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен өткізілгелі отыр­ған іс-шара әлем жұртшылығына көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық деңгейдегі айтулы мереке болады. Қазірдің өзінде оған 73 мемлекеттің өкілдері қатысуға ниет білдірді. Көшпенділер ойын­дары кезінде Астанаға 100 мыңнан астам турист келеді. Одан бөлек, қала әкімдігінің қолдауымен көптен жаңартылмаған әртістердің костюмдерін жаңалау көзделіп отыр. Бұған дейін музыкалық аспаптар да жаңартылған болатын.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button