Қала мен Сала

Елді мекендер ертеңі немесе бюджеттің әлеуметтік бағдары

Астана қаласында 16 тұрғын алап бар. Осы елді мекендерде 300 мыңнан астам адам тұрады. Бұл – елорда тұрғындарының төрттен бір бөлігі. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өткен қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында тұрғын алаптарды дамыту мәселесі талқыланды. Дамыту жоспарымен елорда әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов таныстырды. Сондай-ақ жиында бас қаланың 2024-2026 жылдарға арналған бюджетінің жобасы қаралды.

 ТҰРҒЫН АЛАПТАР ҚАЛАЙ ДАМИДЫ?

– Елорданың кезең-кезеңімен игерілетін аумағы 3,5 мың гектардан сәл асады. Әр елді мекеннің тұрғындарымен кездесудің қорытындысында іс-шаралар жоспары әзірленіп, іске асырылып жатыр. Ең алдымен, шешілуі тиіс мәселелерді біз 3 блогқа бөлдік. Бұл – жол-инженерлік инфрақұрылым, әлеуметтік нысандардың тапшылығын жою және абаттандыру мәселелері, – деді Нұрлан Нұркенов.

Оның айтуынша, егжей-­тегжейлі жоспарлау жобасында осы елді мекендер аумағының 96 пайызы қамтылған. Бас жоспарға сәйкес, орта мерзімді және ұзақ мерзімді уақытқа тұрғын алаптарды дамыту жоспары әзірленді. Оған елді мекендерді газдандыру, инженерлік желілер мен жолдарды дамыту жұмыстары кірді. «Тельман», «Заречный», «Комсомольский», «Пригородный», «Ильинка», «Оңтүстік-шығыстың» оң және сол жағы сияқты елді мекендер қазіргі таңда қаланың шетінде емес, қаланың белсенді игеріліп жатқан аумақтарында орналасқан. Қалаға кіреберіс жолдарындағы «Интернациональный», «Күйгенжар», «Мичурино», «Көктал-1», «Көктал-2», «Ильинка», «Үркер», «Железнодорожный» тұрғын алаптары К2, К3 айналма жолдарының басты магистралдарын дамытуға сәйкес дамиды. Онда қоғамдық орталықтар, полиорталықтар, іскерлік орталықтар салынады. «Көктал-1», «Көктал-2», «Промышленный», «Өндіріс», «Ильинка» тұрғын алаптарында аз қабатты үйлерді салу жұмысы сақталып, абаттандыру, жол-­инженерлік, әлеуметтік инфра­құрылым дамиды. «Өндіріс», «Казгородок» елді мекендері, Бас жоспарға сәйкес, өндірістік аймаққа жатады. Бұл тұрғын алаптар тіршілігін қамтамасыз ету жалғасады. Жалпы қаланың шеткі аймақтарын дамытуда, ең алдымен, сол аймақ тұрғындарына қажетті нысандарды салу, көлік хабын дамыту, қоғамдық кеңістіктер мен саябақтар құрылысын жүргізу ескерілген.

Қалалық мәслихат депутаты Талғат Ерғалиев «Агрогородок» тұрғын алабын дамыту мәселесін көтерсе, оның әріптесі Бауыржан Смайылов саяжайлар жайын, ал Азамат Айтхожин «Күйгенжар», «Мичурино» және «Учхоз» елді мекендеріндегі қоғамдық көлік қатынасы мәселесін көтерді.

ЖАҢА АВТОБУСТАР ЖЕТКІЗІЛЕДІ

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өткен аптада барлық 6 автобус паркінің басшыларымен кездескенін айта келе, биыл қалаға 300 жаңа автобус жеткізілгенін атап өтті.

– Осы жыл аяқталғанша №1 автобус паркіне тағы 90 жаңа автобус жеткізіледі. Ал келесі жылы жаңа 200 автобусты жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қаладағы автобустар ескірді. Бұл тарапта сындар айтылды. «Үркерге» жаңа «Yutong» автобустары жіберілді. Басқа да елді мекендер осындай жаңа автобустарды сұрап отыр. Бірақ барлық ескі автобусты жаңасына ауыстыру әзірге мүмкін емес. Мұны бірте-бірте ауыстырамыз. Нақты жоспар жасалды. Қажет болса, онымен таныстырамыз, – деді қала әкімі.

Жеңіс Қасымбек мәслихат депутаттарымен кездесіп, басқа тұрғын алаптарды дамыту бо­йынша алдағы 1-2 жылға арналған нақты жоспар әзірлеуді ұсынды.

– Елді мекендер тұрғындарымен кездескенде әрқайсысы әртүрлі мәселені көтереді. Кейбіреулер газдандыруды сұраса, кейбіреулер жолдар құрылысын, басқалар өзге мәселені айтады. Сондықтан мәселе жетеді. Жаңа жылдан кейін кездесіп, бұл мәселелер бойынша ақылдасайық, – деді Жеңіс Қасымбек.

 ҚАЙ САЛАҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛДІ?

Алдағы жылдар бюджеті бо­йынша қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев баяндама жасады. Оның айтуынша, бюджет жобасы Астана қаласының бес жылдық кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес әзірленді. Сандарды сөйлеткен баяндамашы осы жылдың алғашқы жартыжылдығында экономикалық жалпы өсім 104,1 пайызды құрады. Келешекте жалпы өңірлік өнімнің жыл сайынғы өсімі орта есеппен 5 пайызға дейін өсуі болжанып отыр. Осы жылдың басынан бастап экономикаға 4,7 па­йыз өсіммен 1,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. 2024-2026 жылдары қосымша 4,5 трлн инвестиция тартылады деп күтілуде. Жақын арада 20 млрд теңгеге жуық сомаға индустриалды парк аумағында жаңа инвестиция жобаларын іске асыру жоспарланған.

– Елорда экономикасын дамытуда шешуші рөл шағын-орта бизнес субъектілеріне беріледі. Олардың өнім шығару көлемі биыл 6,9 пайызға артып, 2025 жылға қарай 12 триллион теңгеге жетеді, одан да асады деп болжанған. Еңбек нарығында жыл сайын 30 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұл халықты жұмыспен қамтудың және жұмыссыздықтың төмен деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Қайсар Маңқараев.

Оның сөзінше, экономиканың оң өсімі қала бюджетінің кіріс және шығыс бөлігін жоспарлауға негіз қалады. 2024 жылы 702,3 млрд теңге кіріс түсімі күтіледі. Оның негізгі үлесі – салықтар түсімі. Елорда рес­публикалық бюджеттің доноры болғандықтан, келесі жылы 75 млрд теңгеден астам аударады. Жергілікті бюджеттің үш жылдық шығысының жалпы көлемі 1 трлн 810 млрд теңгені құрамақ. Баяндамашы келесі жылдың бюджетінен аудандардың әкімдіктеріне, қала басқармалары мен департаменттерге қанша қаржы қарастырылғанына тоқталып өтті. Жалпы 2024 жылдың бюджеті жеке кірістер бойынша 702 млрд 456 млн теңгені құрайды.

Бюджет бойынша қорытындыны қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Кендебай Адамбеков жасады. Қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов 2024-2026 жылдарға арналған бюджет өткен жылдардағыдай әлеуметтік салаға бағдарланғанын атап өтті.

– Бюджеттік қаржының көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Мәселен, білім беру мен денсау­лық сақтау салаларына ғана бюджеттің 32 пайызы бағытталады. Алдағы үш жылдың ішінде 83 мектеп саламыз. Бұл – үлкен қаражат. Соның жартысы республикалық бюджеттен, жартысы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Бұған қоса, 2-3 жылда 60 балабақшаны салайын деп отырмыз. Оның жартысына да қаржы қала бюджетінен бөлінбек. Қаражаттың көбі осындай маңызды жұмыстарға кетіп жатыр, – деген қала әкімі Жеңіс Қасымбек қаланы көгалдандыру жұмысына да тоқталды.

Оның айтуынша, алдағы 3 жылға арналған бюджетте Президенттің тікелей тапсырмасымен бұл жұмысқа бөлінетін қаржы үш есе көбейді. Сол үшін «Астана көгалдандыру құрылысы» компаниясын күшейтіп, оған жаңа техника сатып алынбақ. Қала басшысы депутаттар көтерген аулаларды паспорттау да маңызды екенін атап өтті. Соның ішінде биыл бір ғана Алматы ауданында 160-қа жуық аулада әртүрлі жөндеу жұмысы жүргізілгенін айтты. Балалар суицидінің алдын алу бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Ішкі істер министрімен бірге елордада учаскелік инспекторлардың санын 200 адамға көбейту бойынша ұсыныс енгіздік. Алдын ала бізге жеткен мәлімет бойынша бұл ұсыныс қолдау тапты. Әрине, осыдан кейін жергілікті бюджетке салмақ түседі. Бірақ бұл – қажет жұмыс. Бұл мектептегі буллинг, суицидпен ғана байланысты емес, есірткіге, басқа да күрделі мәселелерге қатысты болып отыр. Өкінішке қарай, осындай жағдайлар бар. Интернеттің дамуымен тіпті өршіген сияқты. Полициямен тиісті алдын алу жұмысын жүргізіп жатырмыз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Бірлескен жұмыс жемісі

Қала басшысы бюджетті қалыптастыру бойынша қалалық мәслихат депутаттарына бірлес­кен жұмыс үшін ризашылығын білдіре келе, осы бюджетке Мемлекет басшысының тапсыр­малары толығымен кіргенін атап өтті. Көп қаржы әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын азаматтарды баспанамен қамтуға, ауруханалар мен емханалар салуға, үлескерлер мәселесін шешуге жұмсалатынын айтты.

– Үлескерлер мәселесін келесі жылдың І-ІІ тоқсанында бітіреміз деп үміттеніп отырмыз. Қазір 400-дей пәтер қалды, – деген Жеңіс Қасымбек биылғы қыс­тан шығу, қаланы жылумен қамтамасыз ету жұмысына тоқталды.

Оның айтуынша, келесі жылы елордаға жылу беретін 2 нысан құрылысы аяқталмақ. Соның ішінде «Тұран» қазандығының екінші кезегін, «Тельман» қазандығының бірінші кезегін аяқтау жоспарланған. Қала басшысы Астананы электр қуатымен қамту, кәріз мәселелеріне қатысты жұмыстармен таныстырды. Биыл Бас жоспар қабылданғанын, көлік стратегиясы әзірленіп жатқанын атап өтті.

– Қала белсенді түрде өсіп, дамып жатыр. Әрине, бұдан проблемалар азаймайды. Өмір болғаннан кейін, бір мәселені шешкен соң басқа міндеттер туындайды. Оларды бірлесіп шешуіміз керек. Биыл 3-ЖЭО-ның іске қосылып, 400 гигакалорияға жуық жылудың қосымша қалаға келгенінде, басқа да нысандардың қосылғанында қалалық мәслихаттың үлкен үлесі бар, – деп түйіндеді сөзін Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ жиында 2021-2025 жылдарға арналған Астана қаласын дамыту жоспарына өзгеріс енгізілді. Елорданың қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары мен Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Күн тәртібіндегі басқа да мәселелер қаралды.

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button