Басты ақпарат

АСТАНА МЕН ОСАКА АРАСЫ ЖАҚЫНДАЙ ТҮСТІ

Елордада қала әкімі Әсет Исекешев Осака қаласының мэрі Ёсимурой Хирофуми бастаған жапон делегациясымен кездесті. Кездесуде қала басшысы Осака қаласының мэрімен ынтымақтастық жайындағы мәселелерді талқылады.

nur_2512-kopirovat

– Астана қаласының медициналық және жедел жәрдем қызметі автомобильдерінің паркі, сумен жабдықтау жүйе­сін жаңғырту, логистикалық желіні жетілдіру сынды көптеген бірлескен нәтижелі жұмыс­тар жүргізілді. Бұл – жапондық тараптың Астананың дамуына қосқан аз ғана үлесі. Сіздің бүгінгі сапарыңыз қалалар арасындағы ұзақ мерзімді серіктестіктің кепілі боларына сенімдімін, – деді Әсет Исекешев.

Қазіргі таңда көптеген елордалық компаниялар Кайдзен жүйе­сіне көшіп әрі дәстүрлі жапон асханасы бар мейрамханалар көптеп ашылуда. Сонымен қатар, жапон жекпе-жегінің жанкүйерлері қаланың көптеген спорт залдарында шеберліктерін сынай алады. Қазақ-жапон байланысының дамуына екі ел басшыларының осыдан екі жыл бұрын Астанада кездескені себеп болып отыр. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің қатысуымен Қазақстан-Жапон бизнес форумы өткен болатын. Аталған кездесуде Мемлекет басшысы жапондық іскер топты инвестициялық жобаларға қатысу үшін Қазақ еліне шақырған еді. Сондай бір маңызды жобалардың бірі ретінде «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесін айтуға болады.

– Екі елдің арасын байланыс­тыратын тағы бір дәлел – бұл біздің бейбіт өмір сүрудегі ортақ ұстанымымыз және мемлекеттер арасындағы ықпалдастық. Жапония мен Қазақстан арасын ядролық қару мәселелері бойынша өзара түсіністікке негізделген тарихи тәжірибе біріктіретіні сөзсіз, – деді Әсет Исекешев Осака қаласының мэріне.

Бұдан басқа, қала әкімі Астана мен Осака арасындағы серіктестікті одан әрі дамытуға қызығушылық танытып, Осакада тұрғызылған жасанды арал үстіндегі «Кансаи» халықаралық әуежайы сынды қала құрылысындағы шешімдер бойынша тәжірибе алмасуға шақырды. Әсіресе, туризм индустриясын дамыту бойынша ықпалдастыққа аса көңіл бөлініп отыр. Мәселен, Осака қаласындағы тарихи бекініс сияқты Астанада да көрікті жерлер құру мәселесі, Universal Studio көңіл көтеру паркі, келушілер арасында аса танымалдыққа ие «Каюкан» океанариумы сынды ерекше жобалар мәселесі талқыланды.

– Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу қаладағы инфрақұрылымды одан әрі дамытуға ықпал етеді, «жасыл» экономикаға көшуге мүмкіндік ашады, сондай-ақ, жалпы елдің экономикасы үшін қуатты мультипликативті нәтиже береді. Осындай маңызды шараның өткізілуі біздің екі тарапты ықпалдастығымыздың тарихына жаңа серпін беріп, қалалар арасын барлық тараптан жақындастыра түсетініне кәміл сенемін, – деді Астана әкімі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button