Жаңалықтар

АЛЫП ЕЛ – «АТАМЕКЕНДЕ»

«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемо­риалдық кешенінде «ЭКСПО -2017» көрме­сіне орай этноауыл ашылды.

402551f4677b7576230a27c73a994a76_xl

Қазақстанның 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларын алақанға қондырғандай етіп көрсететін кешенде биыл біраз жаңалық бар. Жақында ғана жаңа маусымдағы жұмысын бастаған мәдени ошақ заман талаптарына сай алға басып келеді. Мұнда халық­аралық көрме қонақтарын қы­зықты­ратын макеттер жет­кілікті.

«Кешеніміз елімізге туристер­ді тартатын басты тетіктердің біріне бірте-бірте айналып келеді. Елбасымыз «100» нақты қадам бағдарламасында атап көрсеткендей де, Астана Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығы болуы тиіс. Оның үстіне Мемлекет басшысы баршамызды рухани жаңғыруға бастап отыр. «Атамекен» Қазақстан картасы» кешені Елбасы тапсырмаларына сай қызметін атқаруда» дейді кешен директоры Алма Алтыбаева.

Оның айтуынша, жаңа маусымда кешенде 30-ға тарта макет жаңартылды. Соның ішінде 14-і жаңадан қосылды. Олардың қатарына Қарағанды спорт сарайы, Қазақ мырыш зауыты, Әбілқайыр кесенесі, Қарабура кесенесі, Ғарышкер монументі, төрттен аса облыстардағы тарихи өлкетану музейлерінің макеттері, т.б. кіріп отыр. Ал жалпы кешен аумағында 400-ден астам тарихи-мәдени бағыттағы макет орналасқан. Сонымен қатар жаңа технологиялардан қалмау үшін 5 лед-экран қойылды.

Кешенді аралап, облыс орталықтарындағы, Алматы және Астана қалаларындағы көрнекті ғимараттармен қоса өңірлердің табиғатымен, жер бедерімен де танысуға болады. Мәселен, қысы-жазы асқақ шыңдарынан қар кетпейтін Алатауды, қойнауы тылсым сырға толы Қаратауды, ұлт ұясы – Ұлытауды, киелі Отпан тауды көре аласыздар. Майлы қиян жеріндегі Бекет ата, Шопан ата, Ұлытаудағы Алаша хан, Жошы хан, Жұбан ана кесенелері, Каспий теңізінің шағын көшірмесі ерекше әсер сыйлайды. Астанаға арналған алаңда ЭКСПО қалашық та орын алыпты. Оны «Нұр әлем» павильоны арқылы таныдық.

Кешеннің осындай таным­дық сипатымен қатар тәр­биелік мәні де зор. Осында жазғы демалыс­тарда мектеп оқушылары экскурсия жүргізуші болып жұмыс істеп, еңбекақы алады. Олардың өздері арнайы емтихан арқылы жұмысқа қабылданады. Мысалы, әр экскурсия жүргізушісі кемінде үш тіл білуі керек.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button