Жаңалықтар

БАРШАНЫҢ МЕРЕКЕСІ

«ЭКСПО-2017» тойы – ел тойы! Қазақтың әсірелеп айтқан­дағы «отыз күн ойын, қырық күн тойынан» асып, бақандай тоқсан күнге жалғасатын әлемдік айтулы шара кезінде салмақ ел ордасына ғана емес, оны төрт тараптан құшаққа алған аймақтарға да түседі. Халықаралық көрменің өтетін уақыты жақындағаннан-ақ өңірлерден шыққан азық-түлік артқан керуендер Астанаға қарай ағылды.

21cf215d55e02bbedf0e9844de7f1e86_resize_w_1000_h_

Үш ай бойы аймақтардан елордаға аттанатын халықтың қарасы да аз болмайтыны белгілі. Әрине, кейбірі қыдырыстап келсе, кейбірінің атқаратын өз қызметі болады. Әйтеуір, аймақтардың Астанаға тартуы то­лас­тамайды. Тартудың алғашқы легін ­Алматы қаласы бастады.

Өткен жексенбіде «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Алматы қаласының Астанадағы мәдени күндері басталды. Аталмыш шараға эстрада жұлдыздары, қолөнершілер, шығармашылық ұжымдар, жалпы алғанда, 400-ден астам адам қатысуда. Мәдени күндер «Қазақстан» орталық концерт залында «Махаббатпен, Алматыдан!» атты концертпен ашылды. Онда Роза Рымбаева, Қайрат Нұртас, Мәдина Сәдуақасова, Айқын, Луина сынды белгілі әншілер, «ДосМұқасан», «Рензо», «Аюми», «Кешью», «Жігіттер» топтары,«Сарын» дуэті, «Салтанат» ансамблі, «Бала дауысы» балалар байқауының жеңім­паздары, т.б. өнер көрсетті.

12-16 маусым аралығында Алматы­ның мемлекеттік қуыршақ театры Қ.Қуа­ныш­баев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында күніне екі рет «Құлыншақ пен Бөлтірік» және «Көңілді қонжықтар» атты үздік спектакльдерін қазақ және орыс тілдерінде ұсынады.16-17 маусым күндері «Жас­тар» театрында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының «Асқақтай бер, қазақтың сазды әуені» атты музыкалық кеші өтеді.19 маусымға дейін өтетін «Этноауыл Алматы» көр­ме­­сінде үздік суретшілер мен қол­өнер­шілер өз туындыларын ұсынып, шеберлік сабақтарын өткізеді. 17 мау­сымда көрме аумағында «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерті ұйым­дас­ты­ры­лады.

asyq-640x480-1

Ал 18 маусымда «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің амфитеатрында мәдени күндер «Асқар таулы Алматы!» атты концертпен қорытындыланады. Оған Асылбек Еңсепов, Ерболат Шалдыбеков, Рамазан Стамғазиев, Бейбіт Мұсаев, Еділ Құсайынов, Ғазиза Ғабдрахимова, Шолпан Даржанова, Сәуле Жұмабай, Азамат Асқаров, «Ұлытау», «Арт Дала», «Алашұлы» топтары, «Жетіген», «Сазген сазы», «Салтанат» ансамбльдері, Нүркен Әшіровтің домбырашылары, «Арлан» театры, т.б. қатысады.

Мамыр айында Әулиеата өңірінен «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» атты керуен жолға шықты. Оның құрамында 20 түйе, 46 ат, 6 ат арба, 10 жүк автокөлігі, 3 автобус, ұйымдастырушылар, ішкі істер, жедел жәрдем, төтенше жағдай салаларының қызметкерлері мінген 6 қызметтік автокөлік бар. Жиыны 150 адам Жамбыл және Қарағанды облыстарының шекараларынан өтті. Ал Жамбыл облысының Астанадағы мәдени күн­дері 26-30 шіл­де күндері ұйымдасты­рылады. «ЭКСПО-ны» көруге Атыраудан 65 мың адам келмек. Соның ішінде 50 ерікті бар. Ал 16-20 маусым аралығында осы облыстың өнерпаздары елордада өнер көрсетеді.

0466146ea4b4aade671d5036fd7353611

Ақтөбе облыстық Сыртқы байланыстар және туризм басқармасының бас­шысы Ермек Кенжеханұлының айтуынша, ақтөбелік 100 ерікті шілде айында көрмеде жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, «Жасыл экономика» жобасы бойынша «TALAN Technology» қоқыс өңдеу зауыты, «Кемпірсай» жел электр станциясы, «Юнайтед Энерджи Ақтөбе» зауыты көрмеге қатысады.Ақтөбе облысының мәдени күндері 26-30 маусымда бірне­ше алаңда өткізіледі. Онда 400 өнерпаз өнер көрсетеді. Ал Ерқосай Әбілов, Ирина Құрманалина, Болат Атыраубаев сияқты, жалпы алғанда, 25 қолөнер шебері этноауылда туындыларын көрсетеді.

Шығысқазақстандықтар көрме қонақтарын таңғалды­ратын шығар деп ойлаймыз. Шілде айында Астанада осы өңірдің Тарбағатай ауданының тумасы Болат Тағабай 100 мың асықтан құралған алып асығын жұртқа көрсетеді.Ал оның жерлесі Ғалымжан Тоқтар көрмені көруге Астанаға жаяу аттанғанынан жұрт хабардар. Ол Өскемендегі Қабанбай батыр ескерткіші жанынан батыр бабаның батасын алғандай болып сапарға шыққан болатын.

img_2752

Оңтүстік Қазақстан өңірінің де көрмеге ұсынар қызығы аз емес. Бұл аймақтағы әнші, композитор Мақсат Айтжановтың жуырда «ЭКСПО» атты әнінің тұсауы кесілді. Бір ерекшелігі, осы туындыны 2017 адамнан құралған хор орындайды. Бұл өңірдің Астанадағы мәдени күндері өткенде жалпақ жұрт әнді естіп қалады, бұйырса. Мәдени күндерге облыстан 610 адамнан құралған 17 шығармашыл ұжым қатысып, өнерлерiн көпшiлiкке ұсынады. Оның iшiнде жергiлiктi 22 қолөнер шебері де бар.
Ал мамырдың аяғында Шымкенттен шыққан мотошеру еліміздің тоғыз облысынан өтеді. Рүстем Базарбеков бастаған мотошерушілердің құрамына шетелдің екі азаматы қосылған.
Көрмеге Сыр елінен 75 мың адам қатысады деп жоспарланып отыр. Соның ішінде теміржолмен 50 мың адам, әуе көлігімен 10 мың адам және автобуспен 15 мың адам жеткізілмек. Ал сүлейлердің сарқытының өнерін тамыз айының орта кезінде тамашалайсыздар.

Жалпы алғанда, 14 облыс пен қос қала да көрмеден тыс қалмайды. «ЭКСПО» аясында 9 шілде күні Астана қаласының да мәдени күндері өтеді. Түйіндеп айтқанда, биылғы жазда елордада қызық та көп, қуаныш та көп.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button