Мәдениет

ТЕАТРЛАРДЫҢ «ЭКСПОҒА» ТАРТУЫ

Кеше Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында «Сахнадан сәлем!» V халықаралық театр фестивалі шымылдығын түрді. Бұл жолы сахна саңлағы, КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Ә.Мәмбетовтің 85 жылдығына арналып отырған театрлар мерекесі 17 маусымға дейін жалғасады.  

10805462_742965602448682_113509234_n

Фестивальдің алғашқы күні қатысушылар «Жастар» театры репертуарындағы У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын тамашалады. Қойылымның қоюшы режиссері, аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Нұрқанат Жақыпбай.

Жалпы, биылғы фестивальге Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Әзербайжан елдерін қоса алғанда 10 театр қатысады. Қазылар алқасының құрамына драматург, өнертану кандидаты Еркін Жуасбек, театр және кино режиссері, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов, театртанушы, өнертану кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Теа­тр өнерінің тарихы және теория­сы» кафедрасының меңгерушісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәния Қабдиева кірді. Сондай-ақ, театртанушы, театр сыншысы, ЮНЕСКО жанындағы театр сыншыларының халықаралық қауымдастығының мүшесі Нина Мазур (Германия), Илия Мемлекеттік университеті жанындағы қазіргі заманғы грузин театрын зерттеу орталығының директоры, өнертану докторы Лаша Чхартишвили (Грузия), Өнертану докторы, профессор, Молдова Республикасының өнер шебері, театр сыншыларының халықаралық қауымдастығының (ЮНЕСКО) мүшесі Анджелина Рошка сынды белгілі сыншылар шақырылды.

Бүгін фестиваль аясында Әзербайжан мемлекеттік жас көрермен театрының (Баку) әртістері «Соғыс» драмасын, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Мәңгүрт. Мәңгі құл» мистериясын көпшілік назарына ұсынады. Ал 14 маусымда М.Горький атындағы мемлекеттік Орынбор облыстық драма театры «Махаббат пен көгершіндер» комедиясын, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық қазақ музыкалық драма театры «Шыңырау» драмасын қояды.

15 маусымда С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры «Қасірет» психологиялық драмасын және Жамбыл облыстық орыс драма театры «Дон Жуан» комедиясын сахна төріне шығарады. 16 маусымда «Тунгуч» атты жастар эксперименталдық театры (Бішкек) «Илегилек» психологиялық драмасын, сондай-ақ, А.Брянцев атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік жас көрермен театры «Құндақтаулы адам» қойылымын сахналайды. Театр мерекесін 17 маусым күні Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Қараш-Қараш» драмасымен аяқтайды. Қойылымдар «Жастар» театры, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры және Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасында өтеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button