Басты ақпаратҚала мен Сала

«Астана орманы» – елорда қорғаны



Бейсенбінің берекелі күні қым-қуыт тірлігі қызған қаладан ұзап, Үркерді бағытқа алдық. Бізді межелі жерден «Астана орманы» ЖШС бас агрономы Ардақ Хасенов күтіп алып, қалың орманға жол бастады. Көңілі сергек, жүзі жылы орманшы ағашты күтіп-баптау өнері туралы айтты.

Ардақ Хасенов 2003 жылы орман шаруашылығындағы жұмысын жасыл белдеуді күту мастері ретінде бастаса, екі жылдан кейін бас агроном болады.

– Арқаның ен даласында орман өспейді деген пікір айтылды. Жоқ, ғалымдармен бірлесе жұмыс істеп, елорданы 88 шақырым қоршап жатқан жасанды орман пайда болды. Жасыл белдеудің жалпы ауданы 14,9 гектар құрайды, оның 11,5 гектары ағаш пен бұтаның 34 түрінен 9,6 миллион дарақ көктеп тұр.

Маусымдық жұмысқа 900 адам тартылады. Қысы-жазы 24 сағаттан 45 орманшы жасыл белдеуді күзетеді. Олар 6 бекеттен кезек-кезек шығып, дала өртінен сақтануды, жеміс терушілердің қоқыс тастамауын, мал кіріп кетпеуін қадағалайды, – деді орманшы.

Кезінде өр ақын Махамбет:

«Еділдің бойы ен тоғай,

– Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге,

Мал толтырсам деп едім.

Еңсесі биік ақ орда,

– Еріксіз кірсем деп едім» деп жырламап па еді?!

Оның арман-мұраты тәуелсіздік жылдары іске асып, Есілдің бойында ен тоғай пайда болды. Міне, керемет деген – осы!

Орманның әр жерінде қолында шелегі бар адамдар қарақат теріп жүр. Көзге жылы, көңілге қонымды көрінді. Олардың арасында жасөспірімдер де бар.

– Мұнда адамдар екі жағдайда келеді. Біріншісі – атқа мініп, велосипед теуіп, рухани демалуға келеді. Оған таптырмайтын орын. Екіншісі қысқа керекті жеміс-жидегін теріп жинайды, – деді ол.

Көп ұзамай велосипед жолындағы жастар көзге түсті. Олар бір-бірімен велосипедпен жарысып барады. Арнайы жолдың ұзындығы – 25,6 шақырым. Сенбі, жексенбі күндері салауатты өмір салтын ұстанатын адамның қарасы көбейеді екен. Түрлі ағаштың жұпар иесі аңқыған далада еңбек белсенділігін арттырып, велосипед тепкенге не жетеді?! Ал атқа мінуге арналған 13,2 шақырымдық жолдың екі жақтауы ағашпен оқшаулаған, атқа міну қауіпсіз. Мұнда да елордалықтар жылқы тақымдап, серуендеп жүр. Фотоаппаратын арқалай барған Сұлтан Сейітов велосипед тепкен, атқа мінген жастарды нысана етіп, суретке түсірді. Биіктігі 18 метр болатын мұнараға шығып, суретке түсіру ерекше әсер етті.

Ғылыми негізге сүйеніп ағашты баптаса өсе береді, өсе береді екен-ау! Санаға сондай ой келді. Бір-бірімен бой таластырып жоғарыға өрлеген қайыңдар биік мұнараға деңгейлес болып қалыпты. Көзбен 12-14 метрге жуықтағанын байқадық. Мұндай мұнара орманды алқаптың 10 жерінен табуға болады (6-уы – 18 метрлі, 4-еуі – 12 метрлі). Орманшы-­күзетшілер күніне бірнеше рет шығып, алқапты бақылауды әдетке айналдырыпты.

Ардақ орманды аралап жүріп жапырағы ирек тартқан ағаштың қасына тоқтады:

– Бұл – жарық сүйгіш, көп жағдайда жылы аймақта өсетін емен ағашы. Биіктігі 40 метрге дейін, діңінің жуандығы 2 метрге дейін жетеді. Өмір сүру ұзақтығы – 800-1000 жыл. Он бес жылдан кейін жеміс бере бастайды. Міне, осындай алып ағаш біздің орманға бейімделіп, биіктігі 8-9 метрдей болды. Жасанды орманның 30 пайызын қылқанжапырақты тұқымдастар – шырша, қарағай, самырсын құраса, 70 пайызы жапырақты тұқымдастар – емен, қайың, шегіршін, жиде бой көтерді, – деп бір масаттанып қойды А.Хасенов.

Жасанды ормандағы әрбір жұмыс тек ғалымдардың сүйе­мелдеуімен жүзеге асады. Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары жасыл белдеудегі сынақ алаңдарында зерттеу жұмысын жүргізіп, ғылыми қорытынды береді. Содан кейін ғана орманшылар нұсқама бойынша жұмыс істейді.

– Көшетті отырғызу, есепке алу, орман зиянкестері мен түрлі аурудан қорғау және тағы басқа жұмыстарды ғалымдардың бағыт-бағдары бойынша істейміз. Мәселен, ағаштардың арасындағы бос кеңестікке көпжылдық шөптің бірнеше түрін өсірдік. Бұл ортаға көбелек, ара, инелік, өрмекші, құмырсқа, қоңыз тағы басқа көзге көрінетін және көрінбейтін жәндік түрлері келіп, өз экожүйесін құрды. Жәндіктер ормандағы түрлі зиянкес­термен қоректеніп, ағаштың ауырмауына жағдай жасайды. Жәндіктер тым көбейіп кетпеуі үшін Жетісудың қырғауылдары жерсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қояндар орманның негізгі тіршілік иесіне айналды. Қоян популяциясы көбейіп кетпеу үшін түлкі мен қарсақтар жіберілді.

Бүгінде институт ғалымдары 5 тақырып бойынша ғылыми-­зерттеу жұмысын жүргізуде. Соның бірі – ағашты санитарлық бұталау және жиелігін реттеу, – деді бас агроном.

Біздің елде орманды даланың көлемі – 4,6 пайыз ғана. Оңтүстік өңірлерде сексеуілді тоғайлар басым. Шығыс және оңтүстік-шығыста таулы өлкесіне жатады. Солтүстік өңірлерде шоқ-шоқ ормандар кездеседі. Астанадағыдай жасанды орман сирек. Тарихқа зер салсақ, 1841 жылы Жәңгір хан училище ашып, орман шаруашылығы бойынша білім беруге жол ашып, сол заманда батыс өңірде көшет отырғызып, жасанды орман құруға бел буады. Ардақ ханның осы орманын көріп қайтуды армандап жүргенін жасырмады.

– Биыл батысқа баруды жоспарлаған едім. Елдегі қатты құрғақшылық салдарынан ормандар жалынға оранып жатқандықтан, жолсапарды кейінге шегердім. Жақында ғалымдар жасыл белдеудегі топырақтың ылғалдылығын зерттеді. Өсімдіктер мен ағаштардың қалыпты тіршілігі үшін топырақтың ылғалдылығы 30-70 пайыз болуы керек. Қазіргі топырықтың ылғалдылығы – 10-12 пайыз ғана. Бұл – ағаштар үшін қауіпті құбылыс. Қазіргі уайымымыз – осы! – деді ол.

P.S: Бұл сапарда ағаштарды жапырағына қарап ажыратып, желмен жайқалып, сылдырлаған желектің үнін танитын, тіпті өскінмен сырласатын орманшыны көрдік. Әр көшетті дараққа айналдыру – мехнаты ауыр кәсіп, жауапкершілігі зор жұмыс екенін түсіндік. Бастысы, Астананың бір байлығы – орман екенін ұғындық.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button