Басты ақпаратҚұқық

АСТАНА ҚАУІПСІЗДІГІ – ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА



Жұрт арасында полиция қызметкерлеріне қарата әртүрлі сын-пікірлер айтылып жататыны жасырын емес. Алайда сіз бен біз қанша жерден сынағанымызбен, сақшыларсыз үлкен қалада алаңсыз өмір сүру мүмкін емес. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Мәселен, бүгінде елорданың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүздеген полиция қызметкері еңбек етіп жатыр. Міне, осы қызметкерлер ЭКСПО сынды әртүрлі жауапты сында сүрінбей еңбек етуде.

Сақшылардың саны әлі аз

Қазіргі таңда Астана қаласының аумағында 25 учаскелік полиция пункттері жұмыс істеп жатыр. Учаскелік полиция инспекторлары мен жергілікті полиция қызметкерлерінің көмекшілерінің саны 311 болып отыр. Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қыз­метінің басшысы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, оның 25-і жергілікті полиция қыз­меткерлерінің жұмысын ұйым­дастыруға жауапты болса, 261-і – учаскелік полиция инспекторы, ал 25 азамат жергілікті полиция қызметкерлерінің көмекшісі болып саналады.

– Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бұйрығына сәйкес, учаскелік полиция пункттерінде 7 қыз­меткер болуы тиіс. Оның 1-еуі учаскелік полиция инс­пекторларының жұмысын ұйымдастыруға жауапты жергілікті полиция қызметкері болса, ал қалған 6-уы учаскелік инспекторлар болып саналады. Жалпы, 1 миллион тұрғыны бар қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметкерлерінің санын көбейте түсу керек. Нақтырақ айтсам, кейбір сала бойынша мамандар жетіспеушілігі байқалады. Мәселен, 41 аға учаскелік полиция инспекторы, 135 учаскелік полиция инспекторы және 41 жергілікті полиция қызметкерінің көмекшісі жетіспейді, – дейді ол.

Алайда ол Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қыз­меті кешенді түрде жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Мәселен, учаскелік полиция инспекторлары осы жылы қылмысты істің алдын алу бойынша 175 жергілікті рейдтік іс-шара ұйымдастыр­ған. Аталған іс-шараларды жүргізудің арқасында 8260 әкімшілік бұзушылық анықталды. Мысалы, наурыздың 15-і мен мамырдың 1-і аралығында жедел профилактикалық «Участок» іс-шарасы өтті. Осы рейдтің нәтижесінде қала территориясының 95 пайызын полиция қызметкерлері тексеріп шықты. Яғни, учаскелік инспекторлар қаладағы 244331 пәтер мен 28010 жеке үйді аралап, бірқатар құқық бұзушылықтарды анықтаған. Нақтырақ айтсақ, 3307 жалдамалы пәтер иесінің 3208-і салық төлеуден жалтарып келген. Осындай заң бұзушылыққа жол берген азаматтарға құзырлы орган тарапынан тиісті шара қолданылды.

Құқық бұзушылыққа жол берілмейді

Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, жыл өткен сайын елордада ұсақ құқық бұзушылықтар саны төмендеп жатыр. Мәселен, ағымдағы жылдың 7 айында Астанада ұсақ құқық бұзушылықтардың саны өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға төмендеген.

– «Нөлдік төзімділік» принципі ұсақ құқық бұзушылықтарға да қолданылады. Бұл – ұсақ құқық бұзушылықтардың үлкен әрі ірі қылмыстарға ұласып кетпеуі үшін жасалып отыр­ған қадам. Биыл қоғамдық тәртіп желісі бойынша 67383 хаттама рәсімделді. Бұл ұсақ бұзақылық, алкоголь өнімдерін ішу және қоғамдық тәртіпті мас күйінде бұзу, абаттандыру ережелерін және тыныштықты бұзу сынды бұзушылықтарға қатысты. Жыл басынан бері 7 ай ішінде Астанада қоғамдық орындарда орын алған 47460 бұзушылық тіркелді. Бұл өткен жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 4101 оқиғаға төмен. Ағымдағы жылдың басынан «нөлдік төзімділік» принципін іске асыру аясында елордада 162 құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынды, – дейді полиция полковнигі.
Негізі, қылмыстың көпшілігі спирттік ішімдік ішкеннен кейін жасалатыны жасырын емес. Сондықтан да елімізде түнгі сағат 00.00-ден кейін қандай да бір ішімдік сатуға тыйым салынған. Әйтсе де, бұл шектеуге кейбір азаматтар мен дүкен иелері бағына бермейді. Сол себепті ЖПҚ осындай заң бұзушылыққа жол берген қаламыздағы ондаған дүкен иелерін анықтап, жауапқа тартқан. Өйткені бұл әрекет бір қарағанда қарапайым мәселе болып көрінгенімен, шын мәнісінде, күрделі проблема.

Бақытжан Малыбаев қандай да бір құқық бұзушылық орын ала қалған жағдайда, тиісті орындарға хабарласу керек екенін ескертіп отыр. Мәселен, қала тұрғындары мен қонақтары оқыс оқиғаны байқаса «102» немесе «1402» нөмірлеріне хабарласа алады. Тіпті ол өзінің жеке телефонына (8-701-999-10-10) хабарласып, қылмыстың алдын алуға болатынын ескертті.Экспода ерекше қызмет көрсетті

Иә, елордалық полиция қыз­­меткерлері «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде жоғары деңгейде қызмет көрсетті. Бұған, әрине, қалада бірнеше рет ұйымдастырылған рейдтік іс-шаралардың септігі көп тиді.

– Осы жылдың жаз айларында бірнеше рет рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, біз Астана қаласының көшелері мен халық­аралық көрме өтетін аумақта қоғамдық тәртіпті сақтауға барынша күш салдық. Жү­йелі жұмыстың арқасы болса керек, оқыс жағдайға тап болған кейбір шетелдік азаматтарға біздің қызметкерлер дер кезінде көмек көрсетіп, ризашылығын алды. Бұл, әрине, жергілікті полиция қызметкерлерінің қырағылығы мен өз ісінің нағыз маманы екенін білдірсе керек, – дейді ол.

Айтса айтқандай, халық­аралық көрме кезінде жергілікті полиция қызметкерлерінің жұмысынан шашау шықпады. Мәселен, әртүрлі жағдайға тап болған шетелдік қонақтарға полиция қызметкерлері дер кезінде көмек көрсетіп, алғысын алды. Нақтырақ айтсақ, Қытай азаматының аса қомақты чегі бар бағалы зергерлік бұйымы мен сертификатын полиция қызметкерлері тауып алып, иесіне қайтарып берген. Осы бір игі ісі үшін Сарыарқа ауданы ІІБ-ның есірткі бизнесімен күрес жөніндегі топтың жедел уәкілі, полиция капитаны Рамиз Сафиуллаев марапатталды.

Бақытжан Малыбаев «ЭКСПО бітті деп арқаны кеңге жаюға болмайды» деп отыр. Өйткені тіршілігі қыз-қыз қайнаған қаланың қауіпсіздігін сақтап, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – аса маңызды міндет. Міне, осы міндетті жергілікті полиция қызметкерлері мінсіз атқаруы керек.

Серік ЖОЛДАСБАЙ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button