Қала мен Сала

Астанадан ауылға дейін…



АСТАНА

30-31 тамыз күндері Астана тұрғындары мен қонақтары «Red Bus» автобустарымен Астананың сол жағалауымен тегін экскурсия­ға қатыса алады. Өзіне ыңғайлы тілді таңдау үшін әр қатысушы өзімен бірге құлаққап әкелуі тиіс. Автобустар сағат 10.00-ден бастап «AiLand» және «MEGA Silk Way» аялдамаларынан қозғалады.

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ

Маңғыстау облысында 2018-2019 оқу жылында 9 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Оның үшеуі – халық көп қоныстанған Жаңаөзен қаласында, екеуі Мұнайлы ауданында ашылады. Осылайша биыл аймақта үш ауысымда білім беретін 8 мектептің саны 3-ке қысқармақ.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ

Тамыз түгесілер тұста жылдағы дәстүрмен Қызылорда өңірі күрішке орақ салды. Керделі ауылдық округіндегі шаруақожалық шамамен әр гектардан 50 центнерден өнім алуды межеледі. Жалпы, биыл Шиелі ауданы 24 мың гектар жерге дән сепсе, оның тең жартысы – күріш. Ал облыс бойынша Сыр маржанының үлесі 87 мың гектарға жуықтайды.

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Семей қаласы маңынан адам сүйегі мен оған тиесілі заттар табылды. «Мұқыр аңшысы» деп ат қойылған бұл жәдігер ерте қола дәуіріне жатады деп топшылануда. Құнды заттарды «Прииртышье» өлкетанушылар қоғамының мүшелері мамыр айының соңында Мұқыр өзенінің бойынан тапқан. Адам сүйектерімен қоса жылқының да қаңқалары табылған.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Ақмола облысының Ерейментау ауданындағы жел электр стансасы бүгінге дейін 500 млн кВт энергия өндірді. 2015 жылдың тамыз айында пайдалануға берілгелі дамылсыз жұмыс істеп тұрған жоба жергілікті тұрғындарды да тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өнеркәсіптік үлгідегі алғашқы отандық жел электр стансасы 60 га аумақты алып жатыр.

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

Ақтөбе қалалық мәслихаты жаңа тарифті бекітті. Бұған дейін жол жүру ақысы 55 теңге болса, енді 80 теңгеге көтерілді. Зейнеткерлерге, Ауған соғысы ардагерлері мен Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандарға жеңілдік жасалды. Олар 60 теңгемен жүреді.

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Петропавлда көптен күткен жаңа мешіт халық игілігіне берілді. Күмбезі көкпен таласқан зәулім ғибадатхана Конституция мерекесі қарсаңында қала тұрғындарына тамаша тарту болды. Мешіт мұнарасының биіктігі – 32 метр. Жоба құны 1 миллиард теңгеден асып жығылды. Алла үйінде бір уақытта 500-ден астам адам құлшылық ете алады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button