Қоғам

Конституциялық құндылықтар Қазақстан қоғамын біріктіреді

Еліміздің Ата Заңы – Конституция мемлекеттің және қоғам дамуының берік іргетасы, қазақстандықтардың тең, әділ құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылады. Ең бастысы – Конституция адамның құқығы мен бостандығын қорғайтын негізгі заң. Конституция – мемлекет пен жеке адамның бос­тандығы және өзара жауапкершілік қағидаттарына кепілдік беретін аса маңызды саяси және құқықтық құрал, қоғамдық келісім.

1995 жылғы 22 мамырдағы Елбасы­мыз­дың қаулысымен арнайы құрылған сараптық-консуль­татив­тiк кеңес Президенттің тікелей жетекшілігімен Ата Заңымыздың жобасын дайындау барысында азаматтардың 1100 ұсынысын ескеріп, соған орай осы заң жобасындағы 98 баптың 55-іне елеулі өзгерістер енгізген. 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда барша қа­зақстандықтар дауыс бе­ріп, олардың 90 пайызға жуығы адам және өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына деп таныған құжатты Негізгі Заң ретінде қабылдады.
Конституция халықтың мүддесі мен еркін іске асыра отырып, қазақстандықтарды ынтымақ-бірлікке тартудың қуатты бастауы болды.
Жаңа мемлекеттіліктің қалыптасуында, нығаюы мен дамуында басты рөл мемлекеті­міздің сая­си-құқықтық тірегі болып табылатын ең Негізгі Заңға тиесілі.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Консти­туция­ның қабылдануы­ның 20 жылдығына арналған халықаралық ғы­лыми-практикалық кон­фе­ренцияда сөйлеген сөзінде: «Біздің Ата Заңымызда табыс­ты даму үшін де, Ұлттың өзін-өзі жаңғыртуы үшін де қажетті барлық құқықтық тетіктер бар. Біз 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламамыздың негізінде алдымызға Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің біріне айналдыру жөнінде жа­һандық мақсат қойдық» деді.
Азаматтық қоғам дамып, жетілуінің келешегін анықтау үшін қоғамда өмір сүретін адам­­­дардың ұстанатын басты құнды­лықтары анықталуы қажет. Халықтың рухани басты қазынасы ата-бабасынан бері келе жатқан, қанымызға сіңген тарихи, мәдени мұралары құндылық ұғымында шоғырланған. Құндылық – адамды қай топқа жатқызуға болатынын сәйкес­тендіретін белгі, адамның моральдық бас­ты қағидалары және өмірлік бағдарлары.
Қазақстанның тәуелсіз, қуа­т­­ты және дамыған азаматтық қоғамы бар табыс­ты мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының бүкіл жаңа тарихы – бұл Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы конституция­лық құндылықтарын, оның қыз­­метінің түбегейлі принциптерін орнықтыру және оларды ізінше іске асыру.
Конституциялық құн­ды­лық­тар дегеніміз – елі­міздің Консти­туциясында көрініс тапқан, қоғам үшін басты талап болып табы­латын әділдікті, теңдікті, ерік­тілікті қамтамасыз ете алатын, яғни өзара тепе-теңдікті сақтайтын әлеуметтік принциптердің, ұстанымдардың, басты өмірлік бағдарлардың жиынтығы.

Тәуелсіз Қазақстанның қоғамды біріктіретін басты құнды­лықтары мен құрылымдарын түпкілікті бекітіп, оның заңды­лығын және халықаралық деңгейде танылуын қамтамасыз еткен Республиканың қолданыстағы Конституциясына негіз етіп алынды.
Конституция еліміздің басты құндылықтары ретінде қоғамдық-саяси бірлікті, келісім мен тұрақтылықты қалыптастырғанына куә болып отырмыз.
Қазіргі Қазақстан үшін конс­титуциялық құндылықтардың басымдық мәні бар: біріншіден, Ата Заң ұлт құралатын және ұлттық бірегейлікті сақтайтын қағидаларды анықтайды. Жалпыға ортақ танылған және негізгі халықаралық құжаттарда бекітілген адами құндылықтарды ескере отырып, Конституция­да адамның қымбат қазына екені, адам құқығының теңдігі, кез келген жағдайға байланысты біреуді кемсітуге жол берілмейтіндігі, жекеменшікке қолсұғылмауы, пікірдің әралуандығы, адамды туа біткен құқықтары мен бостандықтарынан айыруға болмайтындығы, халықтың егемендігі туралы іргелі ережелер бекітілген.
Еліміздің Ата Заңында адам құқықтары мен бостандықтарын құндылық ретінде жария­лаумен бірге, экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени жағдай жасау, сонымен бірге мемлекет тарапынан адам құ­қықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, осы құқықтарға қандай да бір нұқсан келтіруден қорғайтын арнайы заң кепілдігі қарастырылған.
Екіншіден, ортақ тарихи тағ­дыр біріктірген Қазақстан хал­қын еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам құру үшін түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен өмірлік бағдарларды айқындайды.
Конституцияның рухы мен идеяларын күнделікті өмірге енгізу, қоғам өмірінің барлық жақтарын Конституцияға сәй­кес­тендіру құқықтық, яғни мемлекеттік стратегиялық жос­парлау саясатының дәйектілігін талап етеді. Конституцияда ұлт бағыт түзеген мақсаттар нақты жазылған. Негізгі Заңда Қазақстан Республикасы өзін демократия­лық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деп бекітілген. Бұл Қазақстанның өз мүмкіндігіне қарай осы аталған бағытта дамуға ниет алғанын білдіреді және бұл үдерістің үздіксіз, ұдайы екендігін көрсетеді.
Қазақстанның әділдік қағидатына негізделген мүдделерін біріктіретін әлеуметтік топтарының, мемлекеттегі бұқаралық және жеке мүдделерді ортақтас­тыра алатын, жеке тұлғаның дамуына әмбебап жағдай жасайтын басты құндылықтары мен бағдарларын, принциптерін түпкілікті бекітті. Оған мыналарды жатқызады: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.
Тәуелсіз, гүлденген мемлекет ретінде мәңгі өмір сүру идеясы, еліміздің тұрақты дамуын, сондай-ақ ортақ тарихи тағдыры бар халықтардың біртұтас ұлт болып қалыптасуының басты құндылықтары Конституцияның алғы сөзі мен жалпы ережелерінде орныққан.
Үшіншіден, мемлекеттің егемендігін іске асырудың маңызды элементі Қазақстан Республикасының мемлекетінің тәуелсіздігін сақтап қалуды көздеген ұлттық мүдделерді біріктіре алатын құндылықтар көрініс тапқан: мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық, мемлекеттік биліктің біртұтастығы, биліктің тармақтарға бөлінуі, мемлекет аумағы­ның тұтастығы, республикалық басқару нысаны, Конституцияның ең жоғары заңды күші, Республиканың бүкіл аумағында Конституция тікелей қолданылуы, мемлекеттік рәміздерінің, елордасының және мемлекеттік тілдің мәртебесі және т.б.
Қоғамды басқарудағы саяси жүйенің тиімділігін арттыру және мемлекеттігіміздің мызғымастығын толыққанды қамтамасыз ету бағытында елімізде жүргізілген конституциялық реформа әлемде болып жатқан жаңа жаһандық өзгерістерге төтеп берді.
2017 жылы Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңмен Респуб­ли­каның конституциялық құндылықтарын және қызметінің түбегейлі принциптерін жаңа мазмұнмен толықтыра түсті. Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Респуб­ликаның бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қыз­метінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесін өзгертуге жол берілмейтіні енгізілді.
Енді Республика Президентіне адамның және азаматтың құ­­қық­тары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұ­тастығын қамтамасыз ету мүдде­сінде, күшіне енген заң­ның немесе өзге де құқықтық актінің Конс­титуцияға сәйкестігін қарау туралы Конституция­лық Кеңеске өтініш жолдауға құқық берілген.
Соттардың өздерінің қарауында жатқан іс бойынша қолданылуға тиісті заңдар және өзге де нормативтік құқықтық актілер нормаларының конституциялығын тексеру туралы ұсыныммен Конституциялық Кеңеске жүгіну рәсімі жеңілдетілді. Ұсынымға төрағаның қол қоюы қажет деген талап алып тасталды. Енді өтінішке судья жеке өзі қол қояды. Бұл жаңа тәртіп сот төрелігін іске асыру кезінде судья тәуелсіз деген конституциялық қағидаға сәйкес келеді. Қабылданған өзгертулер қолданыстағы заңнаманың ел Конституциясына сәйкестігі белгілі бір деңгейде өздеріне байланысты болатын соттардың белсенділігін барынша арттыруға ықпал етеді.
Былтырғы жылғы конституциялық новеллаларды өмірге енгізу үш бағытта іске асырылды. Біріншіден, заңдарды және басқа да құқықтық актілерді қабылдау, яғни жаңартылған Конституцияға қолданыстағы заңнаманы сәйкестендіру; екіншіден, жаңа құқық қолдану практикасын қалыптастыру; үшіншісі, қоғамдық сананы, соның ішінде азаматтар мен мемлекеттік қыз­меткерлердің құқықтық мәдение­тін жаңғырту.
Конституциялық реформа нәтижесінде Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 11 конституциялық заңда, 11 кодексте және 80 заңда қарас­тырылған 35 билік өкілеттігі мемлекеттік органдар арасында қайта бөлінді. Осылайша, конс­титуциялық реформа өзіндік конституциялық мәтінімен ғана шектелген жоқ, бүгінде ол заңнамадағы, соның ішінде заңға бағынысты реттеу деңгейіндегі елеулі өзгерістермен расталды. Осы шаралар 2000-жылдардан бастап рет-ретімен іске асырылып келе жатқан әкімшілік реформаның жалғасы болып табылады.

Унзила ШАПАҚ,
Қазақстан Республикасы
Конституциялық Кеңесінің мүшесі,
заң ғылым­дарының докторы

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button