Қала мен Сала

Астанадан ауылға дейін…



Астана
Целиноград ауданы Қосшы ауылында «Қосшы» отбасы­лық-денсаулық орталығы ашылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған орталық бір ауысымда 150 адам қабылдауға дайын. Орталықта 5 дәрігер, 16 медбикенің көмегімен учаскелік қызмет, күндізгі стационар, лабораториялық қыз­меттер көрсетілмек.

Алматы
Алматы облысында Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкеріне заңсыз сыйақы бермек болған азамат 336 мың 700 теңге айыппұл төледі. А. есімді азамат білдіртпей 1000 теңге мөлшерінде қаражат тас­тап кеткісі келген. Оқиға Қарасай ауданында болған.

Шығыс Қазақстан облысы
Күршім ауданында Қызыл кітапқа енген сарғалдақ тұқым­дас таушымылдықтың тамырын қазған 2 жігіт ұсталды. Олардан таушымылдықтың 23 түптамыры тәркіленген. Өсімдік Қызыл кітапқа енгендіктен, азаматтардың үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

Түркістан облысы
ҚР Үкіметінің 22 маусымдағы №362 қаулысына сай, Түркі­с­тан облысының жаңа құрылатын Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш аудандарының шекаралары белгіленді. Мәселен, Сарыағаш аудан аумағы 417074 гектар, Келес ауданының аумағы 345129 гектар, Жетісай ауданы аумағының ауданы 104634,19 гектарды құрайды.

Атырау
Атыраулық жастар арасында үздік балықшылар анықталды. Жарыс кезінде жемді дұрыс таңдап, балықты епті ұстау сапасына мән берілді. Облыстық «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен өткен бай­қау­ға қала және аудандардан 16-29 жас аралығындағы азаматтар қатысты. Бірінші орынды Жеткіншек Құлтеміров иеленіп, 80 мың теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды.

Талдықорған
Талдықорғанда «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдық мерейтойына орай аталған басылымның журналистеріне пәтер берілді. Баспана кілттерін салтанатты кеште Алматы облысының әкімі Амандық Баталов табыстады.

Қызылорда облысы
Арал аудандық жедел жәрдем стансасы жаңа 3 көлікпен толықты. Жыл соңына дейін тағы да 12 көлік келеді деп күтілуде. Жоспарланған жұмыстар жүзеге асқан жағдайда, ескі көліктердің біразы жаңартылып, жедел жәрдемнің қызметі де жақсара түспек.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button