Мәдениет

Астанаға бақыт гүлі келді



Еркеледім. Еркесі етті мына әлем –

…Құс жолымен жетелейді бір әуен…

Мына өмірге қайта келу бұйырса:

Мен бәрібір ақын болып туар ем,

…ең бақытты ақын болып туар ем! – деп жырлаған қазақтың поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар Гүлбақыт Қасен жырсүйер қауымға әдемі поязиясын паш етіп, Астанаға көктемнің шуағын алып келді.

Мен тұратын жердің аты – Сағыныш,

Сен тұратын елдің аты – Махаббат.

Мені өсірген жердің аты – Мейірім,

Сені өсірген елдің аты – Шапағат.

 

Сен оқыған кітап аты – Балалық,

Мен оқыған жырдың аты – Сұлулық,

Сен жазатын кітап аты – Жақсылық,

Мен жазатын жырдың аты – Жылылық.

 

Мен тыңдаған күйдің аты – «Ақжауын»,

Сен тыңдаған әннің аты – «Самал тау»,

Мен шығарған күйдің аты – Тыныштық,

Сен шығарған әннің аты – Жанартау,-деп жырлаған ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Гүлбақыт Қасеннің түрік тілінде шыққан «Бақыт гүлі» кітабының таныстырылымы Ұлттық академиялық кітапханасына өтті. Оған белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, қаламгерлер, Сенат және Мәжіліс депутаттары, білім, өнер саласының ардагерлері, БАҚ өкілдері, журналистер, оқырмандар, студент жастар қатысты.

Кеш тізгінін ұстаған белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы Астанаға көктем кеш келетіндігін, жер жәннаты – Жетісудан келген Гүлбақыттың елордаға ерекше көктемнің лебін ала келгендігін айтса, Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театрының жас актерлары ақын өлеңдерін оқып, әндерін тамылжыта орындады.

Туған жері Айдарлы туралы жыр жазып, Дәнеш Рақышевтің әндерін тыңдап өскен Гүлбақыттың жыр кешінде белгілі термеші, Мәдениет қайраткері  Ерболат Шалдыбеков «Сары бидай» әнін тамылжыта орындады.

Кеш алдында Гүлбақыттың туған әпкесі Раушан Қасеновамен аз-кем сұхбаттасып, ақын қыздың туып-өскен өлкесі, отбасы жайында жылы естеліктер айттық. Гүлбақыттың кішіпейіл, ізетті болуы оның 15 бала өмірге келген көп балалы отбасында дүниеге келгеніне байланысты болса керек. Анасы Сейілхан 92 жаста Талдықорғандағы ұлының қолында тұрады екен.

– Анамыз – бақытымыздың қайнар  көзі, тату-бірлігіміздің тұтқасы. 15 баланың қазір 11-і тіріміз, отбасындағы 5 қыздың Гүлбақыт төртіншісі, еркесі. 4 сыныптан бастап өлең жаза бастады, көп оқитын еді, ізденуден, еңбектенуден жалықпайтын, өйткені, өлең жазу – екінің бірінің пешенесіне жазылмаған бақыт қой, ол көп ізденіп,  терең білім алудан жалықпайтын. Әр сөзі, ақтілегі тағылым аларлық рухани күш пен қайрат бітіретін Анамызға Гүлбақыт өлеңдерінде шексіз алғысын айтады. Шаңырағының шырақшысы, ібілісті отбасына жолатпай қызғыштай қорыған текті, әулие пейіл Ананы сіңлім осылай әспеттейді,-дейді бауыры Раушан Тохтамқызы.

Кеште қонаевтанушы Ораз Қауғабаев ақын қызға тілектестігін білдірсе, Білім беру ісінің үздігі Бижан Игенбаева сәби болмысты ақынның балалар тақырыбына жазған өлеңдерін, осы саладағы бірлескен жобалары туралы сүйсіне айтты, сіңлісіне шығармашылық табыс тіледі.

Астана медициналық колледжінің студенттері ақынның өлеңдерін оқыса, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері ду қол шапалақтап, қошеметтеп отырды.

– Өлеңдері лирикаға, мейірім, махаббатқа толы Гүлбақыттың поэзиясы адамды адалдығымен, шыншылдығымен, сезімге толы жылылығымен тарта түседі. Мына бүгін тұсауын кескен кітап – түрік тіліне аударылған дүниесі құтты болсын, өлеңін оқитын аудиториясы кең болсын, 17 жасында жазған жалынды жырларын осы кеште оқыған жастар секілді жаттап өсер жас буын өкілдер қатары көп болсын деймін,-деді ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Бауыржан Бабажанұлы.

– Жетісу өңірінің заманауи поэзия өлкесінде Биғайша Медеуова, Роза Сейілханқызы бастаған өлең көшінде Гүлбақытпен бірге үзеңгілес келе жатқан Танакөз Толқынқызы, ізінен ерген Мақпал Мыса, тағы басқа өсіп келе жатқан жас ақындар – біздің үлгі тұтар, бетке ұстар мақтаныштарымыз, қадірлеп, құрметтейтін айрықша тұлғалар. Мемлекеттік қызметпен қатар шығармашылығын нық ұстап алып жүрген Гүлбақыт осы өңірде өлең жазатын жастарға жол көрсетіп,  жас қалам иелерінің арманына қанат бітіргені де үлкен адамгершіліктің иесі екендігін аңғартқандай,-деді осы ғажайып өлкенің тумасы, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан өзінің жүрекжарды сөзінде.

Ақын Танакөз Толқынқызы Гүлбақыт поэзиясының тұнық, тазалығын, замандасының зор адамгершілік тұлғасын нақты мысалдармен зерделеп, өлеңдеріндегі шынайылықты өмірдегі таза болмысымен үйлестіре білгендігін толғана сөз етті.

        «Бақыт гүлі» кітабының тұсаукесер рәсімін жасау үшін төрге ақындар Бауыржан Бабажанұлы,  Танакөз Толқынқызы, Сенат, Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан,  Ғалиасқар Сарыбаев, Аманкелді Толамисов, білім беру ісінің үздігі Бижан Игенбаева, Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиева  шақырылды.

Ғажайып поэзия кешіне қатысқандар Гүлбақыттың әпкелері Райхан мен Раушан Қасеновалар ауылдан арнайы дайындап әкелген ши бауырсақ пен құртын жеп, Айдарлының тәтті қызыл алмасынан дәм татты. Елордадықтарды, қонақтардың кеудесін жылылыққа толтырып, ғажайып сезімге бөлеген кеш әсем әуенмен, лирикалық жырлармен өрілді.

 


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button