Басты ақпаратҚала тіршілігі

Отан қорғау – қасиетті борыш



Отан қорғаушылар күні қарсаңында қалалық әкімдіктің алдындағы орталық алаңда ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері қатарына Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылушыларды шығарып салу салтанаты болды.

Биыл көктемде Қарулы күштерге, Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне және Ұлттық ұланға елордадан 1991-2000 жылғы 800-ден аса азаматты аттандыру жоспарланса, наурыз айынан бері аттанғандар саны 360-ты құраған. Енді осы маусымның кезекті мерзімді жоспарына сәйкес 440 жас азамат дайындық үстінде. Ал бұл жолы аттанғандар саны – 40.
Салтанатты шараға Астана қаласы әкі­мінің орынбасары Ермек Аманшаев, Қарулы күштер Бас штабының бастығы Мұрат Майкеев, ҰОС және Ауған соғысының ардагерлері мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар, әскерге аттанып бара жатқан жастардың ата-аналары мен туыстары, достары шақырылды.
– Сіздер Отанымыздың жүрегі – Астана қаласынан үлкен жауапты жолға аттанып бара жатырсыздар. Сіздерді алда Отан қорғау деген қасиетті борыш күтіп тұр. Алдарыңызға қойылған міндетті абыроймен атқарады деген сенімдеміз. Әкімдіктің атынан баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын, – деді Ермек Аманшаев.
Шара барысында Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, полковник Ғани Артықов тілшілерге сұхбат берді.
– Бұл күндері шалғайдағы шет аудандардан бастап Каспий теңізіндегі кемелерге дейін, жалпы, еліміздегі барлық аймақтардың әскери бөлімдері жаңа құраммен
толығуда. Бүгін әскерге аттанып бара жатқан бұл жастар ертеңгі күні үйлеріне әскери өмірдің қыр-сырын меңгеріп, Отанымыздың өжет те батыл ұландары болып оралады деп ойлаймыз. Олар Отан алдындағы қасиетті борыштарын өтей отырып, еліміздің тыныштығын, халқымыздың бейбіт өмірін мінсіз қорғайды деп сенеміз, – дейді полковник Ғ.Артықов.
Әскерге аттанып бара жатқандардың бірі Мағжан Мұратбекұлы «Бүгін біз Отанымыз­дың алдындағы азаматтық борышымызды өтеуге және оны қорғау үшін әскер қатарына аттанып барамыз. Бір жыл бойы әскер өмірінің қызығы мен қиындығына шыңдалып, нағыз ер-азамат атанып, еліміздің абыройын асқақтатуға барымызды саламыз» деді.
Аталмыш шараға жиналған үш мыңнан аса көрермен алдында жасөспірімдерге арналған клубтар мен үйірмелердің тәрбиеленушілері, астаналық мектептердің оқушылары патриоттық әндер шырқап, өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, жиналғандар кадеттердің вальсін, сарбаздардың жекпе-жек ойындары мен жарылғыш заттарды иіскеп табатын
иттердің театрландырылған қойылымын тамашалады. Шара соңында аға буын өкілдері жас сарбаздарға ақ баталарын беріп, оларды салтанатты түрде шығарып салды.

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button